Блогерлердің, танымал тұлғалардың букмекерлік кеңселерді жарнамалауына тыйым салынады

2739

Қазақстанда 350 мыңнан астам адам "ойынқұмарлықпен" ауырады. Ал алпауыт букмекерлерге Мәдениет және спорт министрінің тісі батпай тұр. 

Блогерлердің, танымал тұлғалардың букмекерлік кеңселерді жарнамалауына тыйым салынады Фото: yandex.kz

Себебі, таяуда ел Парламенті, яғни Сенат пен Мәжіліс Үкіметке букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың және онлайн казинолардың жарнамасына толығымен тыйым салып тастауды ұсынған болатын. Салаға жауапты мәдениет министрі Асхат Ораловтың командасы мұндай батыл қадамға бара алмады.

Депутаттардың айтуынша, мұндай қадамға бару – өте маңызды. Әйтпесе азулы, ауқатты букмекерлер аз ғана халымызды ақыры жаппай лудоман етіп, құртып тынуы мүмкін.

Біріншіден, олар үгіт, насихатын өте агрессивті жүргізеді. Әрбір адам оған күн сайын бірнеше рет кезігеді. Мысалы, Президенттің өзі кеше сыртқы сықпытын аяусыз сынаған Астанада, Есілдің оң және сол жағалауы түйісетін тұста, нақтыласақ Бараев көшесінде көп қабатты 3 тұрғын үйдің қабырғасында тұтасымен 3 букмекерлік кеңсенің алып баннерлері ілінген. Үшеуін де белгілі қазақстандық спорт жұлдыздары жарнамалап тұр.   

Басқаны айтпағанның өзінде, бүкіл Қазақстанның футболдан біріншілігі букмекерлік кеңсенің атымен аталады: "Olimpbet-Қазақстанның футболдан чемпионаты".

Интернеттегі онлайн кинотеатрлардан фильм тамашалаған әрбір адам да бірнеше букмекердің жарнамасын қарауға міндетті болады. 

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, Қазақстан букмекерлік кеңселер үшін нағыз "жарнамалық жәннат" жасап берді.

"Таяуда ғана бір дәмханада түстендім. Соңында даяшы шот түбіртегін ұсынды, оның тыл жағында онлайн-казиноның тез табыс табуға шақырған жарнамасы басылыпты", – деді депутат.

Мәжілісмен Мәдениет министрлігін сынға алды: ведомство букмекерлік компанияларды басындырып, бетімен жіберіп қойыпты. Ал оларды шектеу шараларын қабылдауды ұсынса, мәдениет шенеуніктері олардың спортқа, федерацияларға, спорттық турнирлерге демеуші болатынын және мол салық төлейтінін алға тартып, шаң жуытпайтын көрінеді.

Екіншіден, депутаттың ақпараты бойынша Қазақстанда әрекет ететін, табыс табатын барлық букмекерлік ұйымдар шетелдік азаматтарға тиесілі.

"Біздегі барлық букмекерлік компаниялардың артында шетелдіктер тұр. Бірі Кипрде, бірі Мәскеуде, енді бірі Киевте тұрады. Салдарынан, қазақстандықтардың ақшасы шетелге ағып кетуде. Біздің есебімізше, шамамен 500–600 миллиард теңге жатжұрттарға кетіп жатыр", – деді А.Қожаназаров.

Проблеманың ушығып бара жатқанын Мәдениет министрлігі де мойындады.

"Бүгінгі таңда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы Қазақстанның қолданыстағы заңнамасымен еш шектелмеген. Олар бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, сыртқы көрнекі жарнамада, халыққа кеңінен таралатын қоғамдық орындарда кеңінен көрсетіледі. Бұл ретте аудиториянының төрттен бір бөлігінен көбін кәмелетке толмаған балалар құрайды. Олар лудоманияға, ойынқұмарлыққа салынады. Ойынқұмарлық — бұл маскүнемдік немесе нашақорлық сияқты тәуелділіктің бір түрі. Осы ауруға шалдыққандардың әрқайсысы соңғы ақшасын бәс тігуге жұмсауға дайын. Сонымен қатар, тәуелділіктен толығымен құтылу мүмкін емес. Оңалту орталықтарынан соң ойыншы ремиссия сатысында болады, бірақ оны толық емделді деп айту мүмкін емес", – делінген ведомство талдауында.

Мәдениет және спорт министрлігі адам шошырлық дерек келтірді.

"Қазақстанда қазірдің өзінде 350 мыңға жуық адам ойынқұмар, лудоман болып табылады. Олар ойнау үшін несие алады. Әрбір қазақстандық ойыншыға шаққандағы қарыздың орташа мөлшері 10 миллион теңгеден асады. Оларды тегіс емдеу күрделі. 1 адамды лудоманиядан емдеу орташа есеппен 400 000 теңгені құрайды, тиісінше 350 мың ойыншыны емдеуге жұмсалатын шығындар 140 миллиард теңгеден асады. Елде белең алған қауіптің ауқымын мынадан ұғынуға болады. Республикадағы лудомандардың жалпы саны отандық біраз ірі қала тұрғындарының санынан асып түседі. Мысалы, 2023 жылы Өскемен қаласы тұрғындарының саны – 336 230 адам, Павлодарда – 333 875 адам, Семейде – 324 986 адам, Атырауда – 297 724 адам, Қостанайда – 253 174 адам, Ақтауда – 204 701 адам ғана", – деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі.

Құзырлы органдар да дабыл қағуда: букмекерлік кеңселер өз ойыншыларын қылмыс жасауға итермелейді. 

Мәселен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, 2022 жыл қорытындысында елде 157 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Соның 20 пайыздан астамына немесе 31 мыңнан астамына құмаройындар себеп болған.

Бұдан бөлек, статистикалық деректерге сәйкес, 2022 жылы 3 676 өз-өзіне қол жұмсау (суицид) болған, әрбір бесіншісінде қазақстандықтарды өмірімен қош айтысуға құмар ойындарға әуестігі түрткі болды.

Әлемдегі бірқатар елдер сияқты букмекерлік кеңселердің жұмысына толық тыйым салып тастауға Қазақстан билігі батпады.

Содан Парламент депутаттары ең құрыса, букмекерлік компаниялар мен казинолардың барлық ақпараттық арналардағы, соның ішінде БАҚ пен интернеттегі жарнамасына заң жүзінде толық тыйым салу бастамасын көтерді. Бұл ретте депутаттар Мәдениет министрлігіне интернетте құмар ойындарын және олардың жарнамасын тиімді бұғаттап келе жатқан көрші Қытайдың тәжірибесін зерттеуді ұсынды.

Бірақ бұған Асхат Оралов командасының батылы жетпепті.

Оның орнына Мәдениет және спорт министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын әзірлеп шықты.

Құжаттың солқылдақтығы, именшектігі анық аңғарылады. Өйткені ол арақ, шарап сияқты букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасына тыйым салмайды.

Заң жобасындағы басты норма – тек букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың атауын, тауар белгісінің элементтерін, орналасқан жерін, букмекерлік кеңсенің мекенжайын және тотализатордың интернет-ресурсын жарнамалауға рұқсат етеді.

Бұл ретте құжатта бәс тігіп тез баюға, лезде миллиондаған теңге табыс табуға шақыруға тыйым қарастырылмаған.

Соған қарамастан, министрлік "ойынға деген құштарлықтың халық үшін жағымсыз салдарын, сондай-ақ ойынға тәуелділік проблемаларын азайту" үшін осының жеткілікті болатынына сендірмек.

"Бұл талапты енгізу арқылы танымал спортшылар мен жаттықтырушылардың, актерлердің, музыканттардың, саясаткерлердің, блогерлердің, журналистердің, модельдердің букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауына тыйым салынады. Сонда табысты адамдардың бейнелерін және олармен байланысты бай өмірдің атрибуттарын – қымбат машиналарды, үйлерді, яхталарды және басқасын жарнамада пайдалануға тосқауыл қойылады. Әлемнің кейбір елдерінде жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, танымал тұлғалар қатысқан құмар ойындар жарнамасы кәмелетке толмаған көрермендерге қатты әсер етеді. Жарнамадағы табысты өмір салты әсіресе жастар үшін тартымды. Бұл адамдарды құмар ойындарды бастауға немесе ұзағырақ ойнауға итермелейді. Алайда жарнама ұрандары мен орасан зор сомалардың артында тас-талқан болған жүздеген мың өмір бар. Адамдар бәс тігулерде миллиондап ақша табатынын сене бастайды. Алайда көліктері мен пәтерлерін жоғалтып, кейде тіпті түрмеге түсіп жатады", – деп түсіндірді мәдениет министрлігі.

Осылайша, ведомство бар "қаһарын" жарнаманың, агрессивті үгіттің өзіне емес, оның кейіпкерлеріне бағыттады.

Демек, көп қабатты үйлердің төбесінен төменіне дейін жайлаған алып баннерлер, интернеттегі "жабысқақ" жарнамалар, депутатты тіксінткен дәмхана түбіртегіндегі үндеулер сол бойы қалады. Тек жарнамадан танымал тұлғалар жойылады.

Бірақ олардың да табысынан айрылмасы сөзсіз: белгілі блогерлердің айтуынша, букмекерлік кеңселер сөз арасында өздерін мақтай салғаны немесе букмекер логотипі басылған саптыаяқтан кофе ішкені үшін оларға "пәшке-пәшке ақша лақтырып" жатқан көрінеді. Ал Қазақстанда мұндай Product placement заңнамамен еш реттелмеген.

Букмекерлік кеңселерді билік мінберінен қорғаштап жүрген шенеуніктер жүздеген мың қазақстандықтың тағдырын тас-талқан еткен кесірлі кеңселерге қарсы қатаң санкция енгізіп, оны айналып өту жолдарын пәрменді жабу орнына, көзбояушылықпен айналысып отырғаны қынжылтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу