Блок-бекеттерден полицияға пара беріп өту мүмкін емес

2263

Алтай Күлгінов тұрғындардан полицияның жұмысын қиындатпауды сұрады.  

Блок-бекеттерден полицияға пара беріп өту мүмкін емес

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қоғамдық көлік қозғалысын тоқтату қажеттіліктен туған мәжбүрлік екенін айтты.

"Қоғамдық көлікпен жұмыс күндері орта есеппен алғанда 750 мың адам жүреді. Қазір жекеменшік автокөліктердің де рұқсатсыз жүруіне шектеу қойылған. Бұдан қоса осы апта демалыс аптасы болып жарияланды. Қазір төтенше жағдай кезінде жұмыс істеуге қажетті мамандар ғана жұмысқа шығып жүр. Осындай жағдайда полицияның қызметі күшейеді. Олардың талабына түсіністікпен қараңыздар, жұмысын қиындатпаңыздар!", – деді Алтай Көлгінов.

Сөз арасында шаһар басшысы полиция қызметкерлеріне пара беріп қала сыртындағы блок-бекеттерден өтуге болады деген сөзді жоққа шығарды. 

"Блок-бекеттердің айналып өтуге тырысқан адамдар қолға түсіп жатыр. Бұл сол жерде тұрған полиция қызметкерлері мен әскери адамдардың қырағылығы мен өз жұмысына деген адалдығының белгісі", – деді әкім.

Алтай Көлгінов 50 мың теңге берген клиентті блок-бекетті айналып өтіп, қалаға адам кіргізбекші болған таксист 15 күнге қамауға алынғанын еске салып, блок-бекеттерден пара беріп өтуге болады деген жалған ақпаратқа  сенбеу қажеттігін алға тартты.

"Блок-бекеттер дрон арқылы да бақыланады. Бұл жерден ешкім, ештеңе заңсыз өтпейді. Қалаға заң бойынша азық-түлік тиелген жүк көліктері ғана кіре алады. Олар жасыл дәлізбен жүреді, жасыл дәлізбен шығады. Ал транзиттік автокөліктерге айналма жол бар. Сондай-ақ қалаға іссапарда болғанын және жеке шаруасымен шығып кеткенін дәлелдеген жолаушылар кіре алады", – деді Алтай Көлгінов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу