Түркістандық кәсіпкердің бөдене жұмыртқасын өндіріп сату ісі табысты бизнеске айналып келеді.
"Бөдене өсіріп, жұмыртқасын сатып баю мүмкін емес, тек күнкөріс" деген қасаң пікір бүгінде жоққа шықты десек те болады. Ол өткізу нарығы әлі қалыптаспаған, сондай-ақ жұртшылық та оның өнімдерінің пайдасын жете білмейтін кезеңнің еншісінде қалды.
Қазіргі таңда еліміздің түгелге дерлік қалалары мен елдімекендеріндегі дүкен сөрелерінен бөдене еті мен жұмыртқасын оңай табуға болады. Яғни, отандық өндірушілердің аталған құс жұмыртқасын өндіріп сатуға ден қойғаны байқалады.
Бір жағынан бұған осы бағытта жеке ісін ашушыларға "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының қаржылай көмегі де үлкен септесін болған тәрізді. Ұйымның кеңесшілері де бөдене өсірудің өте тиімді және жылдам өтелетін, басымдығы мол бағыт екендігін айтады.
Айталық, тым көбейтпей, 100-ге жуық бас бөдене ұстайтын шағын ферма құра алсаңыз, құйған қаржыңыз 2-3 айда өтелуі мүмкін. Әрі оны ұстау технологиясы да жеңіл және көп адам ресурсын қажет етпейді. Былайша айтқанда, тұтас бір кешенді бір отбасының адамдары-ақ қамти алады. Бұдан әрі нарық заңдары күш алып, бизнестің табысты болуы - дайын өнімді өткізу мүмкіншілігіңізге байланысты.
Мамандардың сөзіне қарағанда, бөдене 30-40 күн ішінде өнім беретіндей болып жетіліп, бір жыл ішінде салмағы 10-14 гр болатын жұмыртқаның 300-ге жуығын береді.
"Егер ет өндіру мақсаты болмаса, бұл жағдайдағы ең жақсы тұқым – жапондық бөденелер" дейді олар.
Жапондық үй бөденелері екі айға жетпей жұмыртқа туа бастайды екен. Салыстырар болсақ, тауықтар орташа есеппен 200 күннің шамасында ғана жұмыртқа туады. Артықшылықтары көрер көзге ұрып тұр.
Бұл орайда бөдененің осы түрін өсіретін ферманың иесі әрі оңтүстіктегі өзі өмір сүретін Отырар ауданын жұмыртқамен қамтамасыз етіп отырған Нұржан Қожаметовтың ісі сөзімізге нақты мысал.
"Бұл кәсіппен айналысқаныма 4 жыл болды. Жапондық бөдене ұстаймын. Бір күнде 500-ден 800-ге дейін жұмыртқа шығады. Өткізуде қиыншылық жоқ. Шыққан сәтте-ақ аудан орталығы – Шәуілдірге таратып жіберемін. Адамдар өздері бір күн бұрын қоңырау шалып, 50-ден 200-ден тапсырыс бере бастайды. Кейде жетпей қалып, тапсырыстарын келер күні ғана орындап жататын кездер болады. Бір сөзбен айтқанда, сұраныс бар", - деп ағынан жарылады жеке кәсіпкер.
Оның айтуынша, шаруаны қолға алғанда жағдай мүлдем басқаша еді. Алғашқы кезде көлігіне жұмыртқаларын тиеп алып, дүкендерге бас сұғып, оларға өткізу үшін тастап кетіп отырған. Сонымен қатар, ел ішінде оның пайдалы жақтарын насихаттаумен өзі айналысып, жарнама жасаған. Тұтынушылар да уақыт өте денсаулыққа пайдасын көріп, өз кезегінде, олар басқаларға айтып, клиенттер базасы қалыптасқан.
"Бұл біздің отбасылық кәсіпке айналды. Үй-ішімізбен күтіп-бағамыз. Құстар бірыңғай торда ұсталады. Бөдене құсының артықшылығы – жұмыртқаны қысы-жазы тоқтамай туады. Тек, құнарлы азықтандырып, ықыласпен күтіп-бақсаң болғаны", – дейді Нұржан Яхияұлы.
Кәсіпкер әр жұмыртқаны бастапқыда 20 теңгеден сатса, қазір 22 теңгеден саудалап жатқан көрінеді. Осылайша үйіне күнделікті кіріс 20 мың теңгенің айналасын құрайды.
"Бұдан бөлек тауық балапандарын басып шығаратын қондырғы орнаттым, шаштараз, етік шеберханасы бар, жалпы табысымыз жаман емес. Айналысқысы келетіндер болса, тәжірибеммен бөлісуге дайынмын. Тұтынушылар бәрімізге де жетеді". – дейді ол.
Айтса айтқандай, қолжетімді ашық ақпарат көздері мен әлеуметтік желілердегі болжамды есептеулер бойынша мысалы, 100 бөдене өсірудің шығыстар тармағы 60 мың теңгені құрайды. Бұл қаражат тұрмыстық инкубатор, инкубациялық жұмыртқа, құсқа арналған торларды сатып алу және орнату, жылдық жемазыққа кетеді. Ал табыс калькуляциясы – бөдене жұмыртқасы мен етін сатудан 1,5 миллионнан 2 миллион теңгеге дейін. Тіптен, одан да көп болуы мүмкін.
Бөдене жұмыртқаны ең тез беретін құс саналады. Құс тұмауы, сальмонеллез сияқты ауруларға бейіл емес. Көптеген дерт түрлеріне шипасы мен емдік қасиеті бар. Әсіресе, адам ағзасындағы зиянды қалдықтар мен шлактарды тазартады. Асқазан аурулары, туберкулез, созылмалы холецистит, демікпе, жүйке, жүрек ауруларына да пайдасы орасан. Дәрігерлер сүйіп айтатындай, құрамы – калий, фосфор, темір, радионуклид секілді оңды қоспалардан тұрады. Оның бағалылығы да осыдан болып тұр. Бөдене өсіруді алғаш қолға алған әрі балаларын оның жұмыртқасымен қоректендірген жапондықтар бір нәрсені білгендей-ақ.
Сөз соңында, елімізде бөдене өнімі нарығы әзірі толықпаған. Өндірушілерге әлі де орын көп. Онда тұтынушы табу жағынан проблема жоқ. Баптап, өсіруін білсең, сатып алушы сегмент айтарлықтай ақшалы. Бір мезетте көтерме бағамен сатып, ақшаңызды санап алып отырсаңыз болады.
Бір өкініштісі, бізде осындай табысты бизнес түрі кәсіпкерлер назарынан әлі де тыс қалып келеді. Бұл тұрғыда тиісті мекемелер насихат жағына кеңірек көңіл бөлсе деген бір тілек.
Ерболат Мамырайхан