Чикагоның федералды соты Boeing компаниясын Эфиопиядадағы ұшақ апатында қаза тапқан жолаушының отбасына 28 миллион доллардан астам өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қайғылы оқиға күні Эфиопияның Аддис-Абеба қаласынан Кенияның Найроби қаласына бағыт алған Ethiopian Airlines әуе компаниясының ұшағы ұшқаннан бірнеше минут өткен соң құлап кеткен. Әуе бортында 32 жастағы БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қызметкері Шихи Гарг та болған. Енді сот шешімі бойынша пайыздарды қоса есептегенде, марқұмның отбасы 35,85 миллион доллар алады.
Boeing компаниясына қарсы шағымда 737 MAX үлгісіндегі ұшақта ақау болғаны, бірақ өндіруші компания бұл туралы ешкімді ескертпегені жазылған. Бұл – Эфиопияда және 2018 жылы Индонезияда болған әуе апатынан кейін түсірілген ондаған талап-арыздың бірі. Екі апат салдарынан жалпы 346 адам қаза тапты.
Boeing Reuters-ке берген ақпаратында осы екі әуе апаттарына байланысты азаматтық талап-арыздардың 90%-дан астамын шешкенін, олар бойынша миллиардтаған доллар өтемақы төлегенін мәлімдеді. Компания адвокатының сөзінше, 5 қараша күні Boeing Ethiopian Airlines апатында қаза тапқандардың отбасылары түсірген үш талап-арыз бойынша мәселелерді шешті, алайда олардың шарттары жарияланбады.