Boeing пен Airbus ұшақтарына жалған титан пайдаланылып, диверсия жасалған

4308

Америка Құрама Штаттары осыған қатысты тергеуді бастады. Бұл жайт әуе көліктерімен ұшудан үрейленетіндердің қатарын арттырмасына кепіл жоқ. 

Boeing пен Airbus ұшақтарына жалған титан пайдаланылып, диверсия жасалған Фото: commons.m.wikimedia.org

АҚШ-тың Азаматтық авиация федералдық басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Бұған осы салаға арнап, ұшақтар жасайтын жаһандық алпауыттар Boeing пен Airbus компанияларының бөлшектерінде Қытайда жасалған жалған титанның пайдаланылуы түрткі болыпты. Тергеу барысында фейк титанның қалай өндіріске қабылданып кеткені мұқият зерттеледі.

Кейінгі кезде әлемдік ақпарат айдыны Boeing компаниясының ұшақтарына қатысты жағымсыз оқиғаларға тола бастады. Мысалы, қазіргі кезде Американың құзырлы органдары Boeing 737 Max 8 жолаушылар ұшағы душар болған инцидентті тергеуде. Феникстен Оклендке ұшып шыққан Southwest Airlines авиакомпаниясының жолаушылар рейсі тосыннан "голландиялық қадам эффектісі" деген құбылысқа тап болып, қалшылдай бастаған.

Мұндай жағдайда әуе көлігі бағдарынан тайып, қисая ұшатын көрінеді. Бұл тіпті де "ойыншық" емес: 1985 жылы ұқсас оқиға Japan Air-дің Boeing 747 ұшағының апатқа ұшырап, 520 жолаушының қаза табуына соқтырған.

АҚШ-тың Азаматтық авиация федералдық басқармасының (FAA) есебінде айтылғандай, бұл жолы ұшақ 9,7 шақырым биіктікте болған. Ұшқыштар біліктілігінің арқасында әуе көлігін басқаруға көндіріп, жерге аман-сау қондыра алды. Ұшақты қарау барысында, техниктер қуатпен жабдықтауды басқарудың резервтік блогының бүлінгенін анықтады.

Сондай-ақ апта басында хабарланғандай, Virgin Airlines әуекомпаниясының Boeing 737 ұшағы Жаңа Зеландияның аралдарының біріне шұғыл қонуға мәжбүр болды.

Биылғы 7 наурызда United Airlines авиакомпаниясының Boeing 777-200 ұшағы Сан-Франциско әуежайынан ұшып шыға сала, доңғалағы сынып, жерге құлаған. Тере берсе, біраз оқиға жиналады.

Мұндай авиаинциденттер сирек емес, серияға айналып бара жатқан соң, америкалық FAA басқармасы ұшақ өндіруші компаниялардың қауіпсіздік жүйелеріне қатысты бірнеше тергеуге бастамашы болды.

The New York Times хабарлауынша, тергеушілер мұның бәрінің кездейсоқ еместігі, "кең ауқымды әрі көп жүрісті диверсияға ұқсайтыны" жөнінде байламға келген.  

"Зерттеулер көрсеткендей, Boeing пен Airbus-тың бірқатар құрауыш-жиынтықтарында пайдаланған титан шынында жалған құжаттардың негізінде сатып алынған. Бұл аталған ұшақтардың құрылымдық сенімділігіне қатысты қауіп тудырып отыр. Бұл тергеулер авиалайнерлердің қауіпсіздік жүйесімен байланысты жағымсыз оқиғалар сериясынан кейін авиакомпанияларға құзырлы органның қырағы назар аударуы аясында басталды. Мәселен, биылғы жылдың басында Boeing 737 Max 9 ұшағының есік-панелі ұшу кезінде өзінен-өзі жұлынып, сыртқа құлаған", – деп жазады Нью-Йорк Таймс.

АҚШ Азаматтық авиация федералдық басқармасы сыртында, Spirit AeroSystems компаниясы да құжаттамалардың қолдан жасалуы фактілеріне қатысты төл тергеулерін бастады. Бұл алпауыт Boeing-ке – фюзеляждарды, Airbus-қа – қанаттарды жеткізеді.

Өз кезегінде FAA "қазіргі уақытта проблеманың қандай ауқым алып, қаншалықты кең таралғанын бағалап жатқанын" жариялады. Егер проблема тым алапат болса, көптеген авиакомпаниялардың жұмысы және рейстер тоқтатылуы да ғажап емес.

Сондай-ақ Американың құзырлы органдары авиациялық қауіпсіздік үшін ықтимал қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді салдарларды бағамдап жатыр.

Boeing өкілдері қандай дистрибьюторлардан қандай материалдарды сатып алғаны туралы ішкі, яғни коммерциялық құпияға жататын ақпараттарын тергеушілер алдына ерікті түрде жайып салды. Солардың бірі америкалық ұшақ жасаушыларға сапасыз өнімді "титан" деп сатып, соны "дәлелдейтін" жалған құжаттар ұсынып, АҚШ-тың ұшақ өндірісінің беделіне зұлмат дақ түсіруі мүмкін.

Америкалық ақпарат құралдарының хабарлауынша, сапасы күмән туғызатын титаннан жасалған бөлшектерден тұратын авиалайнерлер 2019–2023 жылдар аралығындағы кезеңде шығарылғанға ұқсайды.

Бірақ Нью-Йорк Таймс жазуынша, қазіргі кезде "жасырын ақауы" болуы мүмкін нақты қанша ұшақтың дүниежүзін кезіп жүргені, оларға қай елдердің қандай әуе тасымалдаушылары иелік ететіні белгісіз болып қалуда.

2024 жылғы мамырда Boeing қауіпсіздікті күшейтудің жаңа стратегиясын жария етті. Оның аясында компания АҚШ Сенатының қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссиясының алдында сынақтар сериясын өткізуге міндетті болады.

Сондай-ақ Boeing пен Airbus компанияларының өкілдері сапасыз "титаннан" жасалған бөлшектердің тапсырыс берушілер қайтарған, тексеруге ұсынған ұшақтардан алып тасталғанына сендірді. Сондықтан, компаниялардың мәлімдеуінше, қолданыстағы авиалайнерлерге жүргізілген талдаудан кейін жолаушыларға енді алаңдайтын ештеңе жоқ.

Дегенмен, қос алпауыт нақты қандай елдердің қандай авиакомпанияларының әуе көліктері тексерістен өткенін нақтыламады.

Еуропалық Одақтың Авиациялық қауіпсіздік агенттігі Еуропада пайдаланылатын ұшақтардың қауіпсіздік жүйелеріне тікелей қауіп-қатердің төнгеніне қатысты әзірге ешқандай дәлел анықталмағанын мәлім етті.

Бұл ретте тергеу әшкерелегендей, әлемдегі ең озық америкалық авиалайнерлерге күдікті титанды жеткізу тізбегі Қытайдан басталып, Италия, Түркия және АҚШ компаниялары арқылы өтуі мүмкін.

Америкалық сала сарапшысы Марк Уокердің мәліметінше, Боинг пен Эйрбас қатар пайдаланған бұл өнім әлемге белгісіз қытайлық компаниядан сатып алынған. Бірақ оның құрылғаны, тіркелгені және басқа құжаттары, өнімінің сапасына алған сертификаттары жалған болып шықты.

Бұл қарау қарекет ары қарай да жалғаса беруі ықтимал еді, алайда қос алпауытқа запастық бөлшек жеткізетін компания материалдарды тат басып, коррозиядан көрінер-көрінбес тесіктер пайда болғанын аңғарған. Титанды ешқашан тат баспайтыны белгілі.

Еске сала кетсек, таяуда Көлік министрі Марат Қарабаев 2025 жылдың соңына дейін қазақстандық әуе кемелерінің паркі 25 ұшаққа ұлғайтылады деп жоспарланғанын жеткізді.

Сонымен қатар, өтінім беру және FAA аудитінен өту нәтижесінде, "Эйр Астана" флотына Boeing 787 Dreamliner жеткізіледі деп күтілуде.

Көлік министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта ұшу қауіпсіздігі бойынша Қазақстанның халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарына сәйкестігі 82 пайызды құрайды.

Сондай-ақ қазақстандық азаматтық авиация тарихи рекордына қол жеткізді. Былтырғы 2023 жылы "Қазаэронавигация" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары қазақ жеріне әуе көліктерінің 415 мыңнан астам рет ұшып-қонғанын тіркеді.

"Оның ішінде – 107 мыңға жуығы отандық әуе компанияларымен, тағы 308 мыңы – шетелдік әуе компанияларымен жүзеге асырылған рейстер. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткіш! 2024 жылдың бірінші тоқсанында еліміздің әуе кеңістігінде 90 мыңнан астам ұшып-қону бойынша аэронавигациялық қызмет көрсетілді. Оның ішінде, отандық әуе компанияларына – 25 мың рейс, шетелдік әуе компанияларына – 69 мың рейс тиесілі", – деп хабарлады министрлік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу