Боғауыз сөздің құны – бостандық: Боқтағандар жаппай қамауға алынуда

142

Әлеужелідегі комментарийде немесе видеода айтылған бейпіл сөз адамның басын дауға қалдырып, тіпті темір торға тоғытылуына себеп болуы мүмкін.

Боғауыз сөздің құны – бостандық: Боқтағандар жаппай қамауға алынуда Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Құрылтайға онлайн-платформаларда, ақпарат құралдарында, телеарнада былапыт сөз қолданғаны үшін жаңа жазаны көздейтін заң жобасы енгізілді. Енді тікелей эфирлер мен ток-шоуларда біреуді қорлау, жанжал шығару, сондай-ақ әлеуметтік желілерде және өзге де жағдайларда былапыт сөздерді тарату заң алдында жауап беруге әкелуі мүмкін.

TikTok-тағы боқтау: кім қандай әрекеті үшін 20 тәулікке дейін қамалуда?

Лайк, қаралым, жазылушы мен донат жинауға деген құмарлық кейбір әлеужелі қолданушыларды жанжалға, балағат сөз жаудыруға және әдепсіз әрекетті табыс табудың құралына айналдыруға итермелеп жатыр. Алайда қазірден виртуалды әлемдегі танымалдықтың соңы шынайы өмірдегі сот шешімдерімен аяқтала бастады.

Полиция интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіп, заңға қайшы контентті анықтап, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттердің жолын кесуде. Әсіресе тікелей эфирлер жіті бақылауға алынды. Себебі, кейбір блогерсымақтар көп қаралым мен таралым жинау үшін әр ойын бейпіл сөзбен тұздықтап, тіпті қауіпті әрекеттерге барып жүр.

Абай облысында тәртіп сақшылары TikTokтағы тікелей эфирінде былапыт сөз айтып, әдепсіз мінез көрсеткен 26 жастағы Әзиза Қоқанованы анықтады. Ол тіпті есірткі қолданатынын да мәлімдеген. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті. Сот шешімімен әйел 10 тәулікке қамалды.

Астанада құқыққа қайшы контент таратып, тікелей эфир кезінде бейпіл сөз қолданған 37 жастағы Индира Ештаева жауапкершілікке тартылды. Алматыда 32 жастағы файтер Ақтөре Батырбек тікелей эфир барысында айналасындағыларды балағаттағаны үшін сот шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Шымкентте 20 жастағы Данияр Сейдалиев көрермен тартудың бұдан да шектен шыққан тәсілін таңдаған. Ол тікелей эфир кезінде электршокер қолданып, адам ұрлау көрінісін сахналаған. Сонымен қатар былапыт сөз айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Сот оған 8 тәулікке әкімшілік қамақ жазасын тағайындады.

Павлодарда 26 жастағы Аслан Амантаев көлік жүргізіп келе жатып, тікелей эфирде балағат сөздер айтқан әрі қауіпсіздік белдігін тақпаған. Нәтижесінде, ол 20 тәулікке қамалды.

Полицияның назарына тікелей эфирлер ғана емес, интернет кеңістігіндегі өзге де құқық бұзушылықтар ілігуде. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі еліміздің әр өңірінде 20-дан астам стримердің жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған болатын. Олардың арасында былапыт сөз айту, жұртты қорлау, әдепсіз әрекет жасау және қауіпті әзіл-қалжың, пранк ұйымдастыру деректері бар.

Әлеужелідегі жарияланымы үшін жазаға тартылғандар да аз емес. Қазан айында Шымкент тұрғыны TikTok желісіндегі пікірі үшін 7 тәулікке қамалды. Сот оның жазбасын айналасындағыларға құрметсіздік таныту, қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалаған. Ер адам кінәсін мойындағанымен, сот жеңіл жаза тағайындамады.

Теміртау қаласының тұрғыны Telegram арнасында былапыт сөз жазылған хабарлама жариялаған. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізген полиция қызметкерлері оны тауып, сот ер адамды 10 тәулікке қамаққа алу туралы шешім шығарды.

Жеке хат алмасу кезіндегі балағаттау үшін де жаза бар

Мәселенің ауқымын Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері де паш етеді. Жыл сайын соттарға қорлау фактілеріне қатысты 5,8 мыңнан 6,9 мыңға дейін арыз-шағым түседі. 2025 жылы олардың саны шамамен 6,2 мыңға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 1,5%-ға артқан. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 2,7 мыңнан астам шағым тіркелді.

Дегенмен түскен арыздардың аз ғана бөлігі сотта қаралады. Қалғаны медиация тәртібімен шешіледі, немесе өтініш иесі арызын кері алады. Мәселен, 2025 жылы соттар 970 өтінішті қараған. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында бұл көрсеткіш 440-ты құрады.

Жұртшылық алдында қорлағаны үшін жауапкершілік белгілейтін Қылмыстық кодекстің 131-бабының 2-бөлігі бойынша 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қаралған 193 істің 50-і айыптау үкімімен аяқталған. 45 адам ақталған, тағы 118 іс тоқтатылған.

Видео не пост астына балағат сөз жазса, бірден айыппұл салына ма? Кез келген дөрекі сөз үшін адам автоматты түрде айыппұл арқаламайды. Қазақстанда қолдануға тыйым салынған немесе жазалауға соқтыратын сөздердің бекітілген тізімі жоқ. Мұның бәрі нақты жағдайға байланысты.

Бұл жерде ол адамның қай жерде балағаттағаны, сөзін кімге арнағаны, ақыр соңында оның әрекетін құқық қорғау органдары мен соттың қалай бағалағаны маңызды. Көбіне, боқтау сөз арналған адам оған төзбей, полицияға не сотқа шағым түсірсе ғана айыпты жазаланып жатады. 

Интернет кеңістігі де жауапкершіліктен құтқармайды. Сот тәжірибесі көрсеткендей, құқықтық дауға әлеуметтік желідегі жарияланымдардың астына жазылған былапыт пікірлер де себеп болуы мүмкін.

Жаман сөздің авторын жауапқа тарту үшін оның әрекетінде заңның нақты бір бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері бар екенін дәлелдеу қажет.

Адамды жеке, жұртшылықтан жабық хат алмасу кезінде балағаттаса айыппұл салынуы мүмкін бе? Иә. Қорлау сөзі көпшілікке арналған мәтін не видео жазбаның астында емес, WhatsApp, Telegram немесе Instagram желілеріндегі жеке хат арқылы жолданса да, заң алдындағы жауапкершілік туындауы мүмкін.

Мұндай жағдайда Қылмыстық кодекстің 131-бабы қолданылады. Бұл бап адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлауға қатысты. Мұндай әрекет үшін 100 АЕК-ке дейін айыппұл, яғни, 2026 жылы 432 500 теңге жаза тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ түзеу жұмыстары не қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.

Егер қорлау әрекеті көпшілік алдында жасалса немесе интернет арқылы таратылса, онда айыппұл мөлшері 200 АЕК-ке дейін, яғни, 865 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұдан бөлек, сот айыптыны түзеу жұмыстарына немесе қоғамдық жұмыстарға тартуға да құқылы.

Бірақ жеке хаттағы әрбір дөрекі сөз үшін автоматты түрде қылмыстық іс қозғалады деген түсінік қалыптаспауға тиіс. Ең бастысы – айтылған сөздің жай ғана дөрекілік емес, адамның қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлау екенін сараптама арқылы дәлелдеу.

Жанжалдан кейін пікірді немесе хабарламаны өшіріп тастау да жауапкершіліктен құтқармауы ықтимал. Скриншоттар, экран жазбалары және сақталып қалған жарияланымдар сотта дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін. Бірақ олардың болуы адамның кінәсін өздігінен дәлелдемейді. Алдымен жазбаның авторын және құқық бұзушылықтың нақты мән-жайларын анықтау қажет.

Ал, компания, мемлекеттік қызметкер немесе қызмет көрсету сапасы туралы теріс пікір білдіру құқық бұзушылық саналмайды. Мәселен, "маған көрсетілген қызмет ұнамады", "бұл шенеунік дөрекілік танытты" деген сөз – адамның жеке тәжірибесіне негізделген бағасы. Сын айтуға болады. Егер адам іс-әрекетті немесе қызмет сапасын талқылау орнына жеке басын әдепсіз түрде қорлауға не көпшілік алдындағы бейпіл сөзге көшсе, ондау жауапкершілік туындайды.

Боқтық сөз үшін жаңа заң жобасында не көзделген?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда былапыт сөз айту, жеке тұлғаларға тиісу және айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын өзге де әрекеттер ұсақ бұзақылық болып танылады.

Мұндай құқық бұзушылық үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттық сауалға жауабында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының Құрылтайға енгізілгенін хабарлады.

Бұл жаңа заң жобасы ӘҚБтК-нің 434-бабын толықтырып, онлайн-платформаларда бейпіл сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді көздейді. Құжатты биыл қарау жоспарланып отыр.

Бұл мәселені шешуде кешенді тәсіл қажет екенін белгілі заңгер, экс-мәжілісмен Абзал Құспан да атап өтті. Оның пікірінше, сөзбен жасалатын агрессия уақыт өте келе доқ көрсетуге, зорлық-зомбылыққа шақыруға ұласуы мүмкін.

"Соңғы уақытта бір қауіпті үрдісті байқап жүрміз. Кез келген өзекті мәселе, мейлі, ол әлеуметтік, тұрмыстық болсын, әп-сәтте эмоцияға, айғайға, айыптауға айналып кетеді. Диалогтың орнына қысым, пікірталастың орнына қорлау орын алуда. Факті емес, манипуляция алға шығуда. Әлеужелілерде жазылған пікірлердің бірқатарында депутаттарға қатысты тікелей зорлық-зомбылық жасауға, тіпті атып өлтіруге шақырулар айтылды. Бұл жай эмоция емес, бұл құқықтық баға беруді қажет ететін нақты әрекет. Бұл кездейсоқ құбылыс емес, қоғамдық пікірді басқарудың қауіпті тәсілі", – деген пікірде Құспан.

Оның байламынша, қоғамдық талқылау керек, бірақ ол жауапкершілікпен жүргізілсін. Сын керек, бірақ ол дәлелге негізделсін. Келіспеушілік болуы мүмкін, бірақ ол заң аясында шешілсін.

Мәжілістің бұрынғы депутаты Ринат Зайыт та балағат сөзбен күресуді қолдайды, бірақ шектен тыс тыйым салудың қаупіне назар аударды.

"Ел түсінбейтін жайттар бар. Көркем шығарма деген болады. Депутаттар қызды-қыздымен "ананы тоқтату керек, мынаған тыйым салу керек" деп жатады. Боғауыз сөз айтуға болмайды дегенмен келісемін. Бірақ ертең бейпіл сөзді ән айтқандарды да соттап жібермейміз бе? Ондай халық әндері бар. Оған сараптаманы кім жасайды? Тиісті таным-түсінігі, құзыреті бар мамандар бар ма? Көркем шығармаларды қалай қорғап қаламыз? Оның заң аясында айырмасы бар ма? Ертең Ақселеу марқұмның "Бейпіл сөздер" кітабын оқи алмай, фольклорымыздан айрылып қалып жүрмейік. Байырғы замандарда мұндай заң болмаған ғой", – деген еді Ринат Зайыт.

Үкімет болса, заңнамалық шаралар міндетті түрде алдын алу жұмыстарымен қатар жүруі керек екенін алға тартады. Әсіресе, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың, соның ішінде қоғамдық орындарда анайы сөз қолданудың алдын алуға басымдық берілуде екен.

Олжас Бектеновтің мәліметінше, жастар арасында "Адал азамат" қағидаттарын орнықтыру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты дамыту бағытындағы қоғамдық бастамалар жүзеге асырылып жатыр.

Биыл үкіметтік емес ұйымдардың 4 гранттық жобасы қаржыландырылып, іске асырылуда. Сонымен қатар өңірлерде жастар саясаты саласында 200-ден астам әлеуметтік жоба жұмыс істеп тұр.

Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында да тәрбие жұмыстары жүргізілуде. Оның негізгі бағыттары – әдеп тәрбиесі, кәсіби этиканы дамыту, мәдени білім беру және жастардың өзін-өзі жетілдіруіне жағдай жасау.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу