Геннадий Головкин боксты Олимпиада ойындарында сақтап қалды

243

Грекияның Коста-Наварино қаласында өткен Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) 144-ші сессиясында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына боксты қосу туралы шешім қабылданды.

Геннадий Головкин боксты Олимпиада ойындарында сақтап қалды Фото: olympic.kz

Бокс 2022 жылдың ақпанында 2028 жылғы Олимпиада ойындарының жарыс бағдарламасынан шығарылған еді. 

Бұл шешім Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) төңірегінде туындаған мәселелерге байланысты қабылданған.

2023 жылдың маусымында ХОК IBA-ның ресми мойындауын толықтай қайтарып алғаннан кейін, бокстың Олимпиададағы болашағы белгісіз болып қалған еді.

Енді, міне ресми түрде Олимпиада ойындарының бағдарламасына еніп отыр. Осы орайда ХОК басшысы Томас Бах Геннадий Головкинге боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалғаны үшін алғыс білдірді. 

"Сонымен қатар мен World Boxing атты жаңа федерацияны құттықтағым келеді. Бүгін бізбен бірге президент – Борис Ван дер Ворст және World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы, Олимпиада жүлдегері, бірнеше дүркін әлем чемпионы және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті – Геннадий Головкин. Қош келдіңіздер, мырзалар! Құттықтаймыз! Лос-Анджелесте өтетін керемет бокс турнирін асыға күтеміз", – деді Томах Бах.

2024 жылғы Париж Олимпиадасында бокс жарыстары ХОК-нің арнайы жұмыс тобының қадағалауымен өтті, бұл спорттың Олимпиадалық қозғалыс үшін маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Олимпиадалық бокстың жаңа даму кезеңінде басқару 2023 жылы құрылған World Boxing Халықаралық бокс федерациясына жүктелді. Қазіргі таңда бұл ұйымға 84 ұлттық федерация мүше.

Жуырда World Boxing ХОК-тен уақытша мойындау алып, әлемдік деңгейде боксты дамыту құқығына ие болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу