Осылайша, Ливерпульде өткен Әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынған ағайындылар сый-құрметтің төрінен көрінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесуде әкімдік өкілдері, демеушілер Махмұд Сабырхан және Төрехан Сабырханға көлік пен пәтер кілтін табыстады. Олардың әкесі Айдархан Сабырханұлына да Toyota Camry 80 көлігі сыйланды.
– Өте қуаныштымыз! Үйімізге 3 көлікпен қайтып барамыз. Әкемізге де, бізге де үлкен сый жасалды. Пәтер мен көлік сыйлаған демеушілерге, қала әкімдігіне алғысымыз шексіз, – деп ағынан жарылды екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан.
Айта кетейік, Ливерпульде Махмұд Сабырхан 55 келі салмақта жұдырықтасып, өте сенімді жеңімпаз атанды. Әрі ол екінші мәрте әлем чемпионы деген атаққа ие болды.
Ал 19 жастағы Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, қарсылас шақ келтірмеді.
Бұған дейін ағайынды Махмұд және Төрехан Сабырхандардың анасы Меңтай Әсілова "Ұлдарымның Олимпиада чемпионы болуын тілеймін" деп сұхбат берген еді.
Кейіннен жеке бапкері Ілияс Оралбеков те алдағы жоспары жайлы айтып өтті.