Боксшыларды Олимпиадаға гимнастика федерациясының басшысы іріктейді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2569

Токио Олимпиадасында боксшылар да бақ сынайтын болды, бірақ оларды бұл додаға AIBA емес, IOC іріктейді.

Боксшыларды Олимпиадаға гимнастика федерациясының басшысы іріктейді Фото: kfb.kz

Сүйінші десек те болар, боксшылар да 2020 жылғы Олимпиада ойындарында өнер көрсететін болды. Кеше Халықаралық Олимпиада комитетінің (IOC) атқару комитеті осындай шешім қабылдады. Бірақ мұны нақты шешім емес, ұсыныс деп түсінген дұрыс. Себебі бұл шешімді (ұсынысты) IOC-тің 134-ші сессиясы бекіту керек.

Осы ретте айта кетейік, IOC-тің 134-ші сессиясы алдағы айда, яғни 24-26 маусым күндері Швейцарияның Лозанна қаласында өтеді. Осы басқосуда бокстың Токио Олимпиадасындағы тағдыры жайлы барлық мәселе шешіледі. Мәселен, Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесі, салмақ дәрежелері, гендерлік саясат негізінде квоталар және т.б.

Жалпы, Халықаралық бокс федерациясының IOC сапындағы толық мәртебесі мен мүшелігі 2020 жылғы Токио Олимпиадасынан кейін қаралады. Оған дейін AIBA-ның Олимпиада хартиялары мен этика кодекстерін сақтау оңалыстары қадағаланып отырады. Бұл ретте, IOC-тің мониторинг жөніндегі арнайы комитеті құрылып, оның құрамына бұрынғы тергеу комитетінің мүшелері енген. 

Ал кеше арнайы тексеру комиссиясының алты айға жуық жұмыстары қорытындыланды. Бұл комиссияны осындай жағдайға душар болғанда Халықаралық күрес федерациясын түрлендіріп, қазіргі Күрес әлемі бірлестігінің беделін сақтап қалуға сүбелі үлес қосқан, былтыр ақпан айынан бері IOC мүшесі болып сайланған Ненад Лалович басқарды.  

Ендігі мәселе боксшыларды Токио Олимпиадасына іріктеу болып отыр. Електік турнирлердің әділетті өтуі үшін IOC басшылығы осы мақсатта арнайы топ құрыпты. Оны Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі және Халықаралық гимнастика федерациясының президенті, жапон бизнесмені Моринари Ватанабэ басқарады.

Боксшылардың іріктеу турнирлері 2020 жылы, қаңтар айынан мамыр айына дейін өткізілетін көрінеді. Оның нақты жүйесі әлі бекітілген жоқ. Жоғарыда жазғанымыздай, бәрі де маусым айының соңында Лозаннада шешіледі. Әзірше, ерлер арасында сегіз, ал әйелдер арасында бес іріктеу турнирлері өтетіндігі белгілі. Сондай-ақ, Токио Олимпиадасына 286 боксшы қатысатындығы мәлім.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу