Боксшылардың салмақ дәрежелері өзгерді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3930

Халықаралық Олимпиада комитеті боксшылардың ерлер арасындағы салмақ дәрежелерін бекітті.

Боксшылардың салмақ дәрежелері өзгерді Фото: kfb.kz

Лозаннада Халықаралық Олимпиада комитетінің (IOC) Атқару комитеті бас қосып, боксшылар мәселесін талқылады. Токио-2020 Олимпиадасында боксшылар турнирлерін өткізу бағдарламасын зерттеп дайындады. Төртжылдық дүбірлі додаға боксшыларды іріктеу ережелері мен тәртібін ойластырды.

Ең бастысы, Токио-2020 Олимпиадасында боксшылар сынға түсетін салмақ дәрежелері бекітілді. Бұған дейін IOC Атқару комитеті бекіткендей, былғары қолғап шеберлері бұрынғыдай 13 салмақ дәрежесінде бақ сынайтын болды. Бірақ ерлер арасында – сегіз, ал әйелдер арасында – 5 салмақта.

Өздеріңіз білесіздер, Рио Олимпиадасында жігіттер 10 салмақта, ал қыз-келіншектер үш салмақ дәрежесінде сынға түскен. Мұндай өзгеріс гендерлік теңдікті ұстану мақсатында жүзеге асырылып отыр. Сонымен, келесі жылғы жазғы Олимпиада ойындарында былғары қолғап шеберлері төмендегі салмақ дәрежелерінде сынға түседі:

Ерлер: 52 келі, 57 келі, 63 келі, 69 келі, 75 келі, 81 келі, 91 келіге дейін және 91 келіден жоғары.

Әйелдер: 51 келі, 57 келі, 60 келі, 69 келі, 75 келіге дейін.

Сөйтіп, әйелдер арасындағы квота 25 % арттырылып отыр. Мәселен, Токиода 286 боксшы сынға түсетін болады. Нақтырақ айтқанда, ерлер арасында – 186, ал әйелдер арасында – 100 спортшы.  Ал 2016 жылы Риода 250 ер-азамат және 36 қыз-келіншек шаршы алаң көрігін қыздырған болатын.

Сонымен қатар, әр құрлықтағы іріктеу турнирлерін өткізу мәселесі де қарастырылған. Іріктеу сындары 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 30 сәуіріне дейін созылады екен. Қазақ елі боксшылары бақ сынайтын Азия және Мұхит жағалаулары аймағында 63 жолдама (41 ерлер + 22 әйелдер) сарапқа салынады.

Осыған орай, елішілік турнирлерде де салмақ дәрежелері өзгертіледі. Осы ретте айта кетейік, бұрынғы 52 және 56 келі салмақ дәрежесіндегі жігіттер аса қиналмайтын да болар. 49 келі салмақтағы жігіттерге тек салмақ қосу керек болады. Ал 60 және 64 келі салмақтағы боксшылар салмақ қуа ма, әлде қоса ма, оны ойланып, қабырғаларымен кеңесер.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу