Естеріңізге сала кетсек, Иорданияда өткен турнирде Азия/Окенания аймағы үшін Олимпиадаға 41 жолдама ойнатылды. Іріктеу барысында жартылай финалға шыққан боксшылар бірден жолдама иегері атануға мүмкіндік алды. Бұған дейін ерлер арасында жеті боксшы жартылай финалға дейін жеткен еді. Тағы бір қазақстандық Сәкен Бибосынов жартылай финалға шықпағанымен, жұбаныш жекпе-жегінде филиппиндік боксшы Каро Пааламамен кездесті. Нәтижесінде отандасымыз қарсыласын 4:1 есебімен ұтты. Бұл ерлер арасында өткен турнирде қазақстандық боксшылар иеленген сегізінші жолдама болатын. Осыған дейін 57 келіге дейінгі салмақта Серік Теміржанов, 63 келіге дейінгі салмақта Зәкір Сафиуллин, 69 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіпов, 75 келіге дейінгі салмақта Әбілхан Аманқұл, 81 келіге дейінгі салмақта Бекзат Нұрдаулетов, 91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит және 91 келіден жоғары салмақ дрежесі бойынша Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалға шыққан еді.
Сондай-ақ, әйелдер арасында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынаған Надежда Рябец тағы бір жолдама иегері атанды. Осылайша боксшыларымыз Токиоға толық құраммен баратын болды. Ал, қазіргі таңда жалпы Қазақстан құрамасының қоржынында 16 спорт түрінен Олимпиадаға 42 жолдама бар.
Жартылай финалға шыққан төрт боксшымыз финалға жолдама алды. Олар: Зәкір Сафиуллин, Әбілхан Аманқұл, Бекзат Нұрдаулетов және Василий Левит. Нәтижесінде осы спортшылар арасынан Василий Левит пен Бекзат Нурдаулетов Аммандағы іріктеу турнирінде чемпион атанды. Ал, жалпыкомандалық есеп бойынша қазақстандық спортшылар турнирді үш алтын медальмен аяқтаған Өзбекстанға ғана ұтылып, 2-орынға ие болды.
Ермұхамед Мәулен