Боксшыларымыздың бесеуі ұтылып қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4386

ХVІІІ жазғы Азия ойындарының оныншы күні төрт медаль олжаладық – бір алтын, бір күміс және екі қола.

Боксшыларымыздың бесеуі ұтылып қалды Фото: asiangames2018.id

Алина Әділханованың көркем гимнастикадан жекелей сында топ жарып, кешеден бері екінші рет ХVІІІ жазғы Азия ойындарының чемпионы атанғанын жаздық. Бүгін көпсайыста бақ сынаған екінші қызымыз, яғни Адиля Тілекенова 9-орынды қанағат тұтты.

Жеңілатлет Маргарита Мұқашева 800 метрге жүгіру жарысында мәре сызығын екінші болып қиып, күміс жүлдегер атанды. Уақыты – 2:02.40. Бірінші орынды Қытай қызы Чуню Ван иеленді. Үшінші орын Маргаритамен "иық қағыстырып" келген Бахрейн желаяғы Манал Эльбахруиге бұйырды.

"Спорт падишасындағы" 4х400 аралас эстафетасында Қазақстан құрамасының қыз-жігіттері 3-орынға ие болды. Светлана Голендова, Дмитрий Коблов, Элина Михина және Михаил Литвин төртеуі 3:19.52 минут уақытпен Қытай жеңілатлеттерінен сәл-пәл ғана (0,39 сек) озып кетті. Бірінші орынды Бахрейн, екінші орынды Үндістан желаяқтары иеленді.

Апалы-сіңлілі Немичтер (Александра және Екатерина) артистік жүзу спортынан жұптасып өнер көрсету сынында қола жүлде иеленді. Техникалық бағдарлама қорытындысы бойынша да үшінші орынға орналасты. Сөйтіп, 170,8845 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Садақ тартудан Ильфат Абдулин қола жүлдені Индонезия мергені Ега Агата Салсабилламен сарапқа салып, 2:6 есебімен есі жіберіп алды. Сөйтіп, жүлделі орыннан тыс қалды.

Велотректен командалық ілеспе жарыста Қазақстан құрамасының жігіттері қола медаль үшін Жапония құрамасымен бәйгеге түскен. Бұйырғаны – төртінші орын, жүлде көзден бұл-бұл ұшты... Ел намысын Әлішер Жұмақан, Сұлтанмұрат Мірәлиев, Никита Панасенко және Роберт Гайнеев сынды велошабандоздар қорғады.

Жеңіл атлетикадан бірнеше қашықтықта іріктеу жарыстары өтті. Әйелдер арасындағы 200 метрлік бәйгеде Ольга Сафронова финалға шықты. Ал Виктория Зябкина фальстарт жасап, бұл қашықтықтағы жарыстан аластатылды. Ерлер арасындағы дәл осы бәйгеде Владислав Григорьев жартылай финалдан аса алмады.

Су добынан ерлер арасындағы ұлттық құрамамыз Иран ватерполшыларын 9:5 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп "А" тобындағы үш ойында да жеңіске жетіп, көш бастады. Әрі ширек финалға шықты. Қарсыласы ертең белгілі болады.

Баскетболдан әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасы 5-8 орындарды сарапқа салып жатқан төрттікте Индонезия қыздарын 93:65 есебімен тізе бүктірді. Енді 31-тамыз күні Таиланд құрамасымен 5-орын үшін додаға түседі. Ал ерлер арасындағы ұлттық құрамамыз өз тобында екі рет ұтылып (Қытай және Филипин жігіттерінен), ширек финалға шыға алмаған.

Волейболдан ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы 13-18 орындарды сарапқа салатын топта Қырғызстан жігіттерінен бес партияда ұтылды – 2:3 (29:27, 20:25, 25:23, 23:25, 7:15). Енді Моңғолия волейболшыларымен кездеседі (30 қыркүйекте).

Көгалдағы хоккейден ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы бүгін де ұтылды. Таиланд жігіттеріне 2:3 есебімен есе жіберіп алып, "В" тобында соңғы орынға орналасты. Өйткені, бес ойында да жеңілістің кермек дәмін татты. Доп айырмасы – 5:45.

Өкінішке қарай, бүгін бір ғана боксшымыз басым түсіп, төртеуі (2 жігітіміз және 2 қызымыз) жеңіліске ұшарады. Олар – Саматәлі Төлтаев (60 келі), Азат Махметов (52 келі) және Сәния Сұлтанқызы (57 келі), Рима Волосенко (60 келі). Кеше Қайрат Ералиев (56 келі) ұтылып қалған. Сонда бесеуі Азия ойындарын рингінен тыс қалды.

69 келі: Асланбек Шымбергенов – Абдурахман Абдурахманов (Қырғызстан) – 5:0

60 келі: Саматәлі Төлтаев – Юн Чан (Қытай) – 0:5

52 келі: Азат Махметов – Роген Ладон (Филиппин) – 2:3

60 келі: Римма Волосенко – Судапорн Сисонди (Таиланд) – 1:4

57 келі: Сәния Сұлтанқызы – Нилаван Течасуеп (Таиланд) – 2:3

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу