Кездесу барысында Түркия бокс федерациясының президенті Эйюп Гёзгеч AIBA президенті Умар Кремлевке алғысын білдірді.
"Мен Түркияның Спорт министрлігіне және Кремлев мырзаға біздің ел мен Федерацияны бокс әлемінде осындай маңызды оқиғаның орны ретінде таңдағаны үшін алғыс айтамын!", - деді Эйюп Гёзгеч.
Ал AIBA президенті Умар Кремлев биылғы Әлем чемпионатында жеңімпаздар алғаш рет ерлермен бірдей AIBA тарапынан қомақты ақшалай сыйлыққа ие болатынын атап өтті.
"Мен әйелдер арасындағы бокстан AIBA Әлем чемпионатының Стамбулда өтетінін қуанышпен хабарлаймын! Түркия - бай тарихы бар үлкен бокс елі. Ел президенті, премьер-министр, спорт министрі және басқа да көптеген өкілдіктері бар түрік билігіне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар, гендерлік теңдік - бокстағы басты мақсаттарымыздың бірі екенін атап өткім келеді. Медаль иегерлерінің жүлдесі ерлер арасындағы Әлем чемпионатындағыдай болады. AIBA-ның 75 жылдық тарихында алғаш рет үздіктердің үздігі AIBA-дан қомақты ақшалай сыйлыққа ие болады. Жарыстың жүлде қоры 2,6 миллион доллар деп белгіленген. Бірінші орын - 100 000 АҚШ доллар, күміс жүлдегерлер 50 мың доллар, үшінші орын иегерлері 25 мың доллар алады", - деді Кремлев мырза.
Сондай-ақ AIBA-ның ресми өкілдері Әлем чемпионатын өткізу мүмкіндіктерімен танысу үшін спорт нысандарына барды.
Түркиядағы әлем чемпионаты кезінде AIBA-ның кезектен тыс конгресі өтеді және ұйымның негізгі реформалары жарияланады. Ұлттық федерация басшылары, боксшылар мен өткен жылғы чемпиондар Түркияға барады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тарихи чемпионат болмақ.
Айта кетейік, AIBA ерлер арасындағы әлем чемпионаты Сербияның Белград қаласында 24 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді.
Ермұхамед Мәулен