Бокстан әлем чемпионаты: Тағы үш қазақстандық ширек финалда

1775

Бүгін жарыс жолына тағы алты қазақстандық боксшы шығады. Олар 1/8 финал аясынде жекпе-жек өткізеді.

Бокстан әлем чемпионаты: Тағы үш қазақстандық ширек финалда

Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында қазақстандық Махмұд Сабырхан ширек финалға шықты. Турнирдің 1/8 финалында 54 келіге дейінгі салмақта 20 жастағы Сабырхан шотландиялық Мэттью МакХейлмен кездесіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Қазақстандықтың келесі қарсыласы бразилиялық Майкл Тринидад болмақ. Бұл жекпе-жек 2 қарашада өтеді.

Сонымен қатар тағы бір қазақстандық Саматәлі Төлтаев ширек финалға жолдама алды. Турнирдің 1/8 финалында 60 келіге дейінгі салмақта 21 жастағы Төлтаев колумбиялық Дуван Зулетамен кездесіп, оны 4:1 есебімен тізе бүктірді. Саматәлі Төлтаев Қазақстан чемпионы және жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстандықтың келесі қарсыласы 2017 жылғы әлем чемпионы және Рио-2016 Олимпиадасының күміс жүлдегері француз Софьян Умия.

Әлем чемпионатында 71 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық Асланбек Шымбергенов та ширек финалға шықты. Турнирдің 1/8 финалы аясында қазақстандық боксшы германиялық Магомед Шахидовпен кездесіп, оны үшінші раундта нокаутпен сенімді түрде жеңді.

Бұдан бөлек Айбек Оралбай да Белградтағы әлем чемпионатында екінші жекпе-жегін өткізді. 92 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда өкінішке орай Айбек өзбек боксшысы Мадияр Сайдрахимовпен жұдырықтасып, төрешілердің шығарған шешімімен жеңіліп қалды. Жекпе-жек барысында екі боксшы да нокдаунға түсті. Нәтижесінде Айбек Оралбай 2021 жылғы әлем чемпионатындағы өнерін мерзімінен бұрын аяқтаған үшінші қазақстандық боксшы болды. Бұған дейін Бек Нұрмағанбет (86 келі) пен Нұрлан Сапарбай (+92 келі) жарыстан шығып қалды.

Айта кетейік, бұған дейін 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Теміртас Жүсіпов қазақстандық боксшылардан алғашқы болып ширек финалға шыққан еді. Осылайша әзірге жалпы есепте төрт қазақстандық былғары қолғап шебері ширек финалда. 

Бүгін 1 қараша күні Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстанның алты боксшысы сынға түседі. Күндізгі сессияда Серік Теміржанов (57 келі) үндістандық Рохит Мормен, Абылайхан Жүсіпов (67 келі) поляк Дамиан Дуркачпен, ал Нұрқанат Райыс (75 келі) "Әділ мүмкіндік" командасының өкілі Сулиман Асламимен кездеседі. Бұл жекпе-жектер 1/8 финалдық кезең аясында өтеді. Күндізгі сессия Qazsport телеарнасында тікелей эфирде Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 18:00-де басталады.

Кешкі сессияда Сәкен Бибосынов (51 келі) үндістандық Дипакпен, Санатәлі Толтаев (63,5 келі) украиналық Денис Песоцкиймен, ал Нұрбек Оралбай (80 келі) венгриялық Пал Ковачпен жұдырықтасады. Кешкі сессияны Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 23:00-де тамашалауға болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу