Бокстан әлем чемпионаты: Теміртас Жүсіпов алғашқы болып ширек финалға шықты

1674

Бокстан Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатының алтыншы жарыс күні рингке шыққан қазақстандық төрт боксшының барлығы да келесі кезеңге өтті.

Бокстан әлем чемпионаты: Теміртас Жүсіпов алғашқы болып ширек финалға шықты

Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатындағы Қазақстан құрамасының ең жеңіл салмақтағы боксшысы Теміртас Жүсіпов ширек финалға бірінші болып шықты. Оның дебюттік жекпе-жегі өте қиынға соқты. Ол ринг қожайыны Өмер Әметұлына қарсы кездесу өткізді. Тартысты жекпе-жекте Жүсіпов 4:1 есебімен жеңіске жетті. Теміртас жартылай финалға шығу үшін Өзбекстан өкілі Нодиржон Мирзахмедовпен жұдырықтасады. Екі боксшы арасындағы кездесу 2 қарашаға жоспарланған.

Одан кейін Белград рингіне еліміздің ең жас чемпиондарының бірі 21 жастағы Нұрқанат Раис шықты. Ол 75 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда молдовалық Влад Гавриличпен кездесіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Отандық спортшылар қатысқан күндізгі сессияның нүктесін Нұрбек Оралбай қойды. Ол әлем чемпионатын 1/16 финалдан бастап, бразилиялық Исаяс Фильоны 5:0 есебімен жеңді. Оралбай екінші раундта-ақ қарсыласын тізе бүктірді. Нұрбек ширек финалға жолдама алу үшін венгр боксшысы Пол Ковачпен кездеседі.

Кешкі сессияда әлем чемпионатына қатысып жатқан Қазақстан құрамасының соңғы боксшы Санатәлі Төлтаев рингке шықты. Ол жарысты 63,5 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалдық кезеңнен бастап, молдовалық Василий Чеботарды төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Санатәлінің келесі қарсыласы Украина өкілі Денис Песоцкий болмақ.

Бокс жанкүйерлері әлем чемпионатын Qazsport телеарнасынан тамашалай алады. Күндізгі сессия елорда уақытымен 17:00-де, кешкі сессия 22:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу