Бокстан әлем чемпионаты: Жүсіпов пен Теміржанов келесі кезеңде

1447

Бүгін жарыс жолына тағы төрт қазақстандық боксшы шығады.

Бокстан әлем чемпионаты: Жүсіпов пен Теміржанов келесі кезеңде

Әлем чемпионатының төртінші жарыс күні Белградта рингке үш қазақстандық боксшы шықты. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов шәкірттерінің екеуі кезекті жеңістеріне қол жеткізді.

Сонымен 67 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен ұлттық құраманың капитаны Абылайхан Жүсіпов төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен "Машина" лақап атымен танымал венесуэлалық Кристиан Паласиодан басым түсті. ¼ финалға шығу үшін Абылайхан польшалық Дамиан Дуркажбен жұдырықтасады.

57 келі салмақта өнер көрсеткен Серік Теміржанов өте тамаша нәтижемен жанкүйерлерді қуантты. Ол жастар арасындағы әлем чемпионы Рейто Цуцумиді ұпай саны бойынша жеңді. Келесі айқаста Теміржанов үндістандық Рохит Мормен кездеседі.

Өкінішке қарай, ауыр салмақта Нұрлан Сапарбай дебюттік жаекпе-жегінде жеңіліп қалды. Турнирдің 1/16 финалында ол испаниялық Аюба Гадфа Дриссимен кездесті. Нәтижесінде төрешілердің шешіммен жеңіс испаниялық боксшыға берілді.

Бүгін 29 қазан күні Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионатында төрт боксшымыз өнер көрсетеді. Түстен кейінгі сессияда 54 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан мен 92 келіге дейінгі салмақта Айбек Оралбай алғашқы кездесулерін өткізеді. Махмуд оңтүстік кореялық Ким Ин Гюмен, Айбек польшалық Матеус Березничкимен жұдырықтасады. Жарыстың екінші бөлігінде 60 келіге дейінгі салмақта ересектер арасында әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде Саматәлі Төлтаев таиландтық Хунати Пиднучпен кездеседі. Сонымен қатар ең маңызды кездесулердің бірі Асланбек Шымбергенов пен Рио-2016 Олимпиадасының финалисті, өзбекстандық Шахрам Гиясов арасында өтеді. Асланбек үшін бұл 71 келі салмақ дәрежесі бойынша өткізетін екінші жекпе-жегі. Ал Шахрам үшін әуесқой рингтегі ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жек болмақ.

Бокс жанкүйерлері әлем чемпионатын Qazsport телеарнасынан тамашалай алады. Күндізгі сессия елорда уақытымен 17:00-де, кешкі сессия 22:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу