Турнир Ташкентте (Өзбекстан) өтуде. Түстен кейінгі сессия Астана уақытымен сағат 15:00-де басталып, үш қазақ боксшысы өнер көрсетеді. А рингінде жарысты Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов бастайды. 51 келіге дейінгі салмақта ол үндістандық Дипак Кумармен кездеседі. Бесінші жұпта Серік Теміржанов (57 келі) А рингінде сынға түседі. Оның қарсыласы венгриялық Ролан Вереш. Ал 12-ші жұпта В рингінде Нұрқанат Райыс (75) Доминикан Республикасының өкілі Дельгадо де лос Сантоспен шеберлік байқасады.
Кешкі сессия сағат 19:00-де басталып, Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев өнер көрсетеді. 92 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсетін қазақстандықтың қарсыласы сириялық Мохаммед Млайес болмақ.
Айта кетейік, 6 мамыр күні сынға түскен ұлттық құрамамыздың екі боксшы да жеңіске жетті. Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов әлем чемпионатының 1/16 финалдық кезеңінен сүрінбей өтті. Ташкенттегі турнирде 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Шымбергенов Тринидад пен Тобагодан келген Аарон Принспен жұдырықтасты. Төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен қазақстандық жеңіске жетті. Ширек финалға шығу үшін Асланбек израильдік Мирослав Капулермен жұдырықтасады. Ермек Ертаев жаттықтыратын Шымбергенов 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері және 2022 жылғы Азия чемпионы.
Алтыншы жарыс күні аясында Дулат Бекбауов румыниялық Андрей Мустетпен кездесіп, қазақстандық боксшы жеңіске жетті. Бірауыздан қабылданған шешіммен төрешілер жеңісті Бекбауовқа берді. Ширек финалға шығу үшін Дулаттың қарсыласы Акаш Сангван (Үндістан) - Фу Минке (Қытай) жұбының жеңімпазы болады.
Бұған дейін әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының үш боксшысы жеңіліс тапқан болатын. Талғат Сырымбетов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (63,5) және Айбек Оралбай (92) қарсыластарына есе жіберіп, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.