Бокстан алғаш рет алтынсыз қалдық

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5031

ХVІІІ жазғы Азия ойындары боксшыларымыз үшін өте сәтсіз аяқталды. Бірде-бір алтын бұйырмады.

Бокстан алғаш рет алтынсыз қалдық

Бүгін бокстан финадық жекпе-жектер өткен. Өкінішке қарай, финалға шыққан екі боксшымыз да жеңілістің кермек дәмін татты. Екеуі де өзбек жігіттерінен ұтылды. Төрешілердің шешімдері солай болды. Айқын басымдық танытпаған соң – осы...

69 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Асланбек Шымбергенов өзбек Бобо Усмон Батуровқа есе жіберді. Бірінші раундта ширақ қимылдап, ешбір төрешіге күмән келтірмей жеңіп еді. Алайда екінші раундта бастап қапталдағы төрешілердің шешімдері басқаша болды...

Рингтегі қазы да болмашы жерден ескерту беріп, қайран қалдырды. Ал қарсыласы алға ентелеп, алысып-жұлысумен болды. Бәлкім, оның ырқына көніп, "төбелеспеу" керек пе еді?! Оны бапкерлер мен мамандар саралап шығар... Ал есеп – 1:3 (28:28, 27:29, 29:27, 27:29, 27:29).

75 келіде бақ сынаған Әбілхан Аманқұл да Асланбектің кебін киді. Исраил Мадримовпен кездесіп, қиян-кескі жекпе-жекте төрешілердің екі айырылған шешімдерімен ұтылды. Соққысы пәрменді Әбілхан да бірінші раундта басым түскен еді. Есеп болса – 2:3 (28:27, 28:27, 27:28, 26:29, 27:28).

Осы екі жекпе-жектен кейін ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов шәкірттеріне артар кінәсі жоқ екенін баса айтты. Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтында жарияланған пікірінде "биылғы Азиада – бұл саясат" деп жеңілістерінің тамыры тереңде екенін меңзеген. Әрі біздің елдің ешқандай өкілі мен төрешілері болмағанын да тілге тиек етіпті.

Шынымен де, ХVІІІ жазғы Азия ойындарында біздің боксшыларға оңай болмады. Азиада бағдарламасына біздің боксшылар үстемдік құратын үш салмақ дәрежесі енгізілмеді. Финалға дейін де бірнеше боксшымыз қатардан шығып қалды. Негізі, таяқ жеген ешқайсысы жоқ сияқты еді. Төрешілердің кейбір шешімдері түсініксіз болып шықты.

Боксшыларымызға қарсыластарын сұлатып салмаса (нокаут) немесе нокдаунға түсіріп, айқын басымдық танытпаса, жеңіске жету өте қиын болды. Десек те, бірде-бір боксшымыздың топ жарып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілмегендігі жанға батады...

Иә сонау, 1994 жылдан бері Қазақстан боксшылары жазғы Азия ойындарынан алтынсыз қайтпап еді. Осыдан төрт жыл бұрын, Инчхонда тіпті алтауы жеңімпаз атанған. Енді, міне, бірінші рет саф алтынсыз, екі күміс жүлдемен оралатын болды. Ұлттық бокс федерациясы мен құрама бапкерлер бұл сәтсіздігімізді саралап, қорытынды шығарар деп ойлаймыз.

Жалпы, ерлер арасындағы жеті салмақтың бесеуінде Өзбекстан боксшылары жеңімпаз атанды. Қалған екі алтын Үндістан (49 келі) және Моңғолия (60 келі) жігіттеріне бұйырды. Әйелдер арасында екі алтынды Қытай қыздары, ал біреуін Оңтүстік Корея аруы олжалады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу