Десе де, ақтық айқас басталмай тұрып, бірнеше боксшы ел чемпионы атанып үлгерді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ерлер арасында 67 келі салмақта сынға түскен Төрехан Сабырхан жекпе-жек өткізбей-ақ жеңімпаз саналды. Оның қарсыласы маңғыстаулық Санатәлі Төлтаев сырқатына байланысты финалдық кезеңге шықпайтын болған. Осылайша, жастар арасында жеңіліс дәмін сезіп көрмеген "қазақтың Ломоченкосы" ересектер арасында топ жарып отыр.
Сонымен қатар, +92 келі салмақта алтын жүлдеге таласатын ағайынды Нұрлан мен Данияр Сапарбайлардың жекпе-жегін көпшілік тағатсыздана күткен-ді. Бірақ, кездесудің өтпейтіні хабарланды. Сонымен, Нұрлан Сапарбай – бокстан ҚР чемпионы.
Қыздар арасында 48 келіде жұдырықтасатын танымал боксшы Назым Қызайбайдың да қарсыласы финалдық кездесуге шығудан бас тартқан. Осылайша, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері кезекті Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді.