Бокстан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті

2404

Биылғы бокстан Қазақстан чемпионатының финалы сенсацияға толы болды. Мысалы, чемпионаттың ең жас 18 жастағы қатысушысы жеңісті ұлттық құраманың ардагерінен жұлып әкетті. Ал 20 жастағы боксшы қыз Олимпиада жүлдегерін жеңді.  Былғары қолғап шеберлерінің жас буыны өздерінің мықты екенін көрсетті.

Бокстан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті

Чемпионаттың тағы бір сенсациясы - 49 келіге дейінгі ерлер арасындағы соңғы жекпе-жек және оның нәтижесі. Ең тәжірибелі 32 жастағы бес дүркін ел чемпионы, WSB чемпионы, Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов және ересектер санаты бойынша алғаш рет шаршы алаңға шыққан боксшы, осы чемпионаттың ең жас боксшысы, 18 жасар Даниял Сәбит 5:0 есебімен күтпеген жерден қарсыласын жеңді. 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесі Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбегеніне қарамастан, ұлттық құрама енді  Батыс Қазақстанның жас әрі болашағынан зор үміт күттіретін тағы бір боксшымен толықты.

19 жастағы шымкенттік Махмуд Сабырхан 52 келіге дейінгі финалда Олимпиада лицензиясының иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері түркістандық Сәкен Бибосыновпен жұдырықтасты. Бірақ Махмуд қарсыласынан жасқана қоймады. Керісінше, рингте ол белсенді шабуыл жасады. Нәтижесінде жеңіс Сабырханға бұйырды.

Павлодарлық Серік Теміржанов Олимпиада лицензиясына ие болу құқығын растады. 57 келіге дейінгі салмақтағы оның соңғы қарсыласы Оразбек Асылқұлов күміс жүлдегер атанса, Жексен Бейбарыс пен Талғат Сырымбетовтен қола медальдарға ие болды. Ал ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев Олимпиада ойындарының салмақ дәрежесіндегі төрт жүлдегері де құрама команда сапына алынатынын айтты.

Жастар арасындағы Азия чемпионы, жастар арасындағы Әлем чемпионатының жүлдегері Саматәлі Төлтаев финалдық кездесуде Бекнұр Ожановты жеңді. Алтын медальға таласқа дейін екі боксшы бес кездесу өткізді. Қалай болғанда да, 60 келіге дейінгі салмақтағы екі финалист те ұлттық құраманың қатарына қосылады.

69 келіге дейінгі санатта шаршы алаңға шыққан WSB чемпионы Шымбергеновке финалдық жекпе-жеке шығу үшін жарақаты кедергі болды. Сондықтан алтын жүлдені Олимпиада жолдамасының иегері қарағандылық Абылайхан Жүсіпов жеңіп алды. Абылайхан үшін Токио Олимпиадасы бокшсы қатысатын екінші төртжылдықтың додасы. Ол бұған дейін Риода өткен Олимпиадаға қатысқан.

75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жамбыл облысының өкілі, ұлттық құраманың көшбасшысы Әбілхан Аманқұл ақтық сында атыраулық Нұрқанат Райысты жеңді. Ал 63 келіге дейінгі салмақта финалдық кездесу өткен жоқ. Себебі Ерсұлтан Болат жарыстан шығып, бірінші орын Алматы облысынан келген Ертуған Зейнуллиновке бұйырды.

Жас астаналық боксшы, ұлттық құраманың мүшесі, жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы және 2019 жылғы ел чемпионы Айбек Оралбай ақтық сында Сағындық Тоғамбайды жеңді. Бір қызығы Тоғамбай да Нұр-Сұлтан командасының өкілі. Елордалықтар бұл чемпионатта бірден алтынды да, күмісті де алып, ауыр салмақта өзінің басымдылығын көрсетті.

Аса ауыр салмақта екі танымал қарсылас кездесті. Қызылордалық Қамшыбек Коңқабаев пен түркістандық Нұрлан Сапарбай жұдырықтасты. Әрине, екеуі де жеңісті мақсат тұтқандарымен, Қамшыбек аса сақтықпен әрекет етті. Ал Нұрлан көбірек шабуылдады. Жеңіс ұлттық құраманың капитаны Коңқабаевқа бұйырды.

2020 жылғы ұлттық чемпионаттың нәтижелерін ерлер ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев қорытындылады:

"Мен нәтижелерді оң бағалаймын. Өйткені олар 9 ай бойы жұдырықтасқан жоқ. Жігіттердің бабы өте жақсы. Ендігі мақсат - Олимпиада ойындары. Содан кейін біз оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатыса отырып, жоспар бойынша жұмыс істейтін боламыз. Ұлттық құраманың құрамы 10 пайызға жаңартылады. Кейбір спортшылар ұлттық құрамада болды. Содан кейін команда сапынан кетіп, қайта оралды. Ұлттық құрамаға алғаш рет енген спортшылар бар. Әрине, командада ұзақ жылдар жүргендер де бар. Павлодар облысы жақсы өнер көрсетті. Бұрын нәтиже көрсетпеген Атырау облысының командасы жақсы ойынымен көзге түсті. Олардың финалистері де бар. Батыс Қазақстан құрамасы да өзін жақсы көрсетті. Әрине, көшбасшылар - Шымкент, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды, Маңғыстау облыстары, Нұр-Сұлтан командалары. Көшбасшылар бар, чемпионат сәтті өтті.  Жаңа құрамға Олимпиадалық салмақ дәрежесіндегі ұлттық чемпионаттың барлық жеңімпаздары қосылады".

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу