Бокстан Қазақстан чемпионаты: Темірлан Данияр жарыстан шеттетілді

2795

Шымкентте өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатының үшінші жарыс күнінде нокдаун да, нокаут та болды. Сонымен қатар бір боксшы жекпе-жек ережесін бұзғаны үшін жарыстан шығып қалды.

Бокстан Қазақстан чемпионаты: Темірлан Данияр жарыстан шеттетілді

25 жастағы Түркістан облысының боксшысы, 2017 жылғы ел чемпионы Бекдәулет Ибрагимов 1/8 финалда алматылық Айтжан Әшірханға қарсы шаршы алаңға шықты. Алайда, екі спортшы да рингте бірнеше секунд қана болды. Жасөспірімдер арасындағы ел чемпионы 19 жасар Айтжан Әшірханның осыған дейінгі өткен кездесуде алған бетіндегі жарақаты ашылып, жекпе-жек тоқтатылды. Нәтижесінде ¼  финалға шыққан Ибрагимов алматылық Ділмұрат Мижитовке  қарсылас атанды. Мижитов те бұған дейінгі жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтап, қарсыласын екі рет нокдаунға жіберген болатын.

Сондай-ақ Әлем чемпионатының финалисті, Токиода өтетін Олимпиада лицензиясының иегері 75 келі салмақ дәрежесі бойынша шаршы алаңға шыққан Әбілхан Аманқұл мерзімінен бұрын аяқталған жеңістер сериясын жалғастырды. Оның қарсыласы қарағандылық Ерсұлтан Советов бірінші раундта-ақ екі рет нокдаунға түсті. Екінші раундтан соң төреші жекпе-жекті бірден тоқтатты. Келесі кездесуді Әбілхан Түркістан облысының 21 жастағы боксшысы Бекзат Сабырға қарсы өткізеді.

Ширек финалға 52 және 57 келіге дейінгі салмақта еш қиындықсыз қарсыластарын жеңген бұрын жастар құрамасында жарқырап көрінген жас боксшылар - жастар арасында Азияның үш дүркін чемпионы, Шымкент командасының өкілі Махмуд Сабырхан және Түркістан облысының өкілі, 2019 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Токиоға жолдама жеңіп алған Сәкен Бибосынов шықты. Олимпиада лицензиясының иегері павлодарлық Серік Теміржанов та жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.

63 келіге дейінгі салмақтағы чемпионаттың фавориті тағы бір олимпиада лицензиясының иегері Зәкір Сафиуллин келесі кезеңге өтті.

Үшінші жарыс күнінің тағы бір кездесуі Темірлан Данияр мен Нұрқанат Райс арасында өтті. Бірақ кездесу барысында жекпе-жек ережесін жүйелі түрде бұзғаны Темірлан Данияр жарыстан шеттетіліп, нәтижесінде Нұрқанат Райс келесі кезеңге жолдама алды.

Сонымен қатар 25 қарашада бокстан ұлттық чемпионаттың таңертеңгілік сессиясында әйелдер 69 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға шығатын боксшыларды анықтау үшін сынға түскен болатын. Олар Олимпиада жүлдегері алматылық Дариға Шәкімова мен қарағандылық Жасмин Кизатова, Нұр-Сұлтаннан шыққан Әлем чемпионы Валентина Хальзова және Жамбыл облысының өкілі Асқар Балжан.

Бүгін, 26 қараша бокстан ұлттық чемпионаттың төртінші жарыс күнінде әйелдер арасында жартылай финалға шығу үшін Әлем чемпионатының жүлдегері Айжан Ходжабекова мен Әлем чемпионы Дина Жоламан сынға түседі. Ерлер арасында Абылайхан Жүсіпов, Ілияс Сүлейменов, Асланбек Шымбергенов, Айбек және Нұрбек Оралбаевтар және басқа да боксшылардың жекпе-жектері өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу