Биылғы ел чемпионатының ерекшелігі, ешбір боксшы төл біріншілігімізден босатылған жоқ. Тіпті ұлттық құрамамыздың үздіктеріне де өздерінің теңдессіз екендіктерін шаршы алаңда дәлелдеуге тура келді. Мәселен, 91 келі салмақ дәрежесіндегі Василий Левит 2012 жылдан бері Қазақстан чемпионатына қатыспаған екен. Бұл жолы ол да рингке шықты.
Каспиий жағасындағы ел чемпионаты әлеуеті зор жастардың бой көрсетіп келе жатқандығын көрсетті. Бұл ретте мамандар 20 жастағы Оразбек Асылқұловты (Ақмола облысы) және 21 жастағы Сәкен Бибосыновты (Түркістан облысы) бөле-жере атап өтіп отыр. Ал ағайынды Төлтаевтар былтырдан бері көпшілікті тәнті қылып, ұлттық құрама сапына іліккен.
Әрі биылғы ел чемпионатына шетелдік, тәуелсіз үш төреші шақыртылып, екі мәрте олардың көмегіне жүгінуге тура келді. Бірінші рет ширек финалда, ең ауыр салмақтағы Айболды Дәуренұлы мен Данил Семёнов арасындағы жекпе-жектің нәтижесі қайта қаралып, біздің төрешілердің шешімі теріске шығарылғандығын жазғанбыз.
AIBA-ның халықаралық дәрежедегі "3 жұлдызды" қазыларына жартылай финалда да шешімі наразылық туғызған бір жекпе-жекті талқылауға тура келді. 64 келі салмақтағы Санатәлі Төлтаев пен Мирасәлі Сәрсенов арасындағы жекпе-жекте біздің төрешілер жеңісті 3:2 есебімен Жамбыл облысының боксшысына (яғни Сәрсеновке) берген болатын. Ал тәуелсіз төрешілер "3:0 есебімен Маңғыстау облысының боксшы жеңді" деп шешті.
Енді финалдық жекпе-жектерге атүсті тоқталар болсақ, 49 келіде 30 жастағы Теміртас Жүсіпов мол тәжірибесінің арқасында Ермек Мәдиевті жеңіп (5:0), бесінші рет ел чемпионы атанды. 52 келі салмақ дәрежесінде төрешілер жеңісті Әнуар Мұзапаровқа бергенімен (5:0), Сәкен Бибосынов басымдау болған сияқты еді... 56 келі салмақта әлем чемпионы Қайрат Ералиев топ жарды. Ол финалда Оразбек Асылқұловтан айласын асырып (5:0), үшінші рет ел чемпионатының жеңімпазы атанды.
60 келіде 31 жастағы Закир Сафиуллин төрешілер шешімімен Саматәлі Төлтаевты жеңді (5:0). Бірақ жекпе-жектің басында екі күннен кейін 19-ға толатын талантты жас боксшы ширақ қимылдап еді. Есесіне, 64 келі салмақта Саматәлінің сыңары Санатәлі Төлтаев ел чемпионы атанды. Ол финалда ұлтық құраманың үздігі Бекдәулет Ибрагимовты жеңді. Бұл жұпта Бекдәулеттің қабағы жарылып, жекпе-жекті жалғастыра алмады.
Көпшілік сарыла күткен жекпе-жектің бірі 69 келі салмақ дәрежесіндегі финалдық айқас еді. Шаршы алаңға Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шымбергенов шыққан. Бірінші раундың соңында Абылайханның сол қолымен ұрған соққысы дөп тиіп, Асланбек нокдаунға түсіп қалды. Аяғына тік тұрып кеткенімен, төреші есеп ашты. Тартысты өткен кездесуде Қарағанды боксшысы басым түсті – 5:0.
75 келі салмақ дәрежесінде Әбілхан Аманқұл өзінің теңдессіз екендігін дәлелдеп шықты (5:0). Бірақ финалда онымен жұдырықтасқан Ерік Әлжанов намысы қолдан берген жоқ. Ал 81 келі салмақ дәрежесіндегі финалдық айқасқа Михаил Коханчик жарақатын желеу етіп шықпады. Талантты боксшыларымыздың бірі Бек Нұрмағанбет алтынды "шаппай" алды.
91 келіде Василий Левит теңдессіз танылды. Бірақ финалдағы қарсыласы Бекзат Нұрдәулетов оған лайықты деңгейде қарсылық көрсетіп, тәжірибесі толыса түссе, дес бермейтіндігін меңзегендей болды. Ең ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев үздік шықты. Финалда Нұрлан Сапарбайдан басым түсті (5:0).
Енді 2018 жылғы Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері тізіміне көңіл аударыңыздар:
49 келі
I. Теміртас Жүсіпов (Ақмола обл)
II. Ермек Мәдиев (Жамбыл обл)
III. Жомарт Ержан (Түркістан обл), Жандос Несіпжан (Алматы обл)
52 келі
I. Әнуар Мұзапаров (Алматы обл)
II. Сәкен Бибосынов (Түркістан обл)
III. Азат Махметов (Астана), Абай Қуандықов (Ақтөбе обл)
56 келі
I. Қайрат Ералиев (Түркістан обл)
II. Оразбек Асылқұлов (Ақмола обл)
III. Жанболат Қыдырбаев (Жамбыл обл), Нұрбол Қалжанов (Маңғыстау обл)
60 келі
I. Закир Сафиуллин (Шымкент)
II. Саматәлі Төлтаев (Маңғыстау обл)
III. Серік Теміржанов (Павлодар обл), Бағдат Уайдаев (Қызылорда обл)
64 келі
I. Санатәлі Төлтаев (Маңғыстау обл)
II. Бекдәулет Ибрагимов (Түркістан обл)
III. Сабыржан Бекбергенов (Ақмола обл), Мирасәлі Сарсенов (Жамбыл обл)
69 келі
I. Абылайхан Жүсіпов (Қарағанды обл)
II. Асланбек Шымбергенов (Жамбыл обл)
III. Мәулен Өскенбек (Маңғыстау обл), Қанағат Маралов (Астана)
75 келі
I. Әбілхан Аманқұл (Жамбыл обл)
II. Ерік Әлжанов (Маңғыстау)
III. Тұрсынбай Құлахмет (Қызылорда обл), Аман Қазанғапов (Жамбыл обл)
81 келі
I. Бек Нұрмағанбет (Түркістан обл)
II. Михаил Коханчик (Қостанай обл)
III. Тимур Ержанов (ШҚО), Нұрлан Сабыров (Маңғыстау обл)
91 келі
I. Василий Левит (Астана)
II. Бекзат Нұрдәулетов (Маңғыстау обл)
III. Алексей Севостьянов (Қарағанды обл), Абзал Құттыбеков (Түркістан обл)
+91 келі
I. Қамшыбек Қоңқабаев (Қызылорда обл)
II. Нұрлан Сапарбай (Түркістан обл)
III. Ержан Сейтімбетов (Ақтөбе обл), Айболды Дәуренұлы (Маңғыстау обл).
Сөз соңында, Ақтаудағы ел чемпионатының жартылай финалынан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа құрамы жасақталғандығы жарияланғандығын айта кеткіміз келеді. Осы құрамаға іліккен боксшылар 2019 жылы халықаралық аренада ел намысын қорғайтын болады. Әуелі Азия чемпионатына қатысып, әлем чемпионатының лицензияларына таласады. Одан әрі Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынады.
Алғашқы оқу-жаттығу жиыны 6-13 желтоқсан аралығында өткізілетін болып бекітіліпті. Осы жиында құрама капитаны сайланады екен. Қаңтар айынан бастап, жоспарлы түрде Азия және әлем чемпионаттарына дайындалу басталады. Бұл екеуі де бұрынғысынша, 10 салмақ дәрежесінде өтеді деп күтілуде. Ал 2020 жылғы Токио Олимпиадасына AIBA шешімімен сегіз салмақ қана енгізілуге тиіс.
Енді 2019 жылғы Қазақстан ұлттық құрамасының штаттық құрамымен таныс болыңыздар:
49 келі: Теміртас Жүсіпов, Ермек Мәдиев, Жомарт Ержан, Жандос Несіпжан.
52 келі: Сәкен Бибосынов, Азат Махметов, Әнуар Мұзапаров, Абай Қуандықов.
56 келі: Қайрат Ералиев, Жанболат Қыдырбаев, Нұрбол Қалжанов, Оразбек Асылқұлов.
60 келі: Закир Сафиуллин, Саматәлі Төлтаев, Серік Теміржанов, Бағдат Уайдаев.
64 келі: Бекдәулет Ибрагимов, Санатәлі Төлтаев, Сабыржан Бекбергенов, Талғат Шәйкен.
69 келі: Абылайхан Жүсіпов, Асланбек Шымбергенов, Ермахан Жақпеков, Мәулен Өскенбек.
75 келі: Әбілхан Аманқұл, Ерік Әлжанов, Тұрсынбай Құлахмет, Нұрбек Оралбай.
81 келі: Бек Нұрмағанбет, Тимур Ержанов, Михаил Коханчик, Нұрлан Сабыров.
91 келі: Василий Левит, Бекзат Нұрдәулетов, Абзал Құттыбеков, Айбек Оралбай.
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев, Нұрлан Сапарбай, Айболды Дәуренұлы, Дамир Тойбай.
Маруан Түсіп