banner

Бокстан ұлттық біріншілік мәресіне жетті

2568

Қазақстан біріншілігі ұлттық құраманың жаңа сапын анықтап берді.

Бокстан ұлттық біріншілік мәресіне жетті

Бокстан бір аптаға созылған тартысқа толы Қазақстан біріншілігі өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Биылғы біріншілік Павлодар қаласында өтіп, оған еліміздің әр өңірінен үздік деген былғары қолғап шеберлері қатысты. Тек Рио Олимпиадасының жүлдегерлерінен басқалары. Айта кету керек, бұл бәсекеге біздің кейбір танымал боксшысымыз қатыса алмады.

Олардың бірі – Astana Arlans командасының мүшесі, Қазақстан чемпионы Мардан Берікбаев. Ол Astana Arlans-қа 2013 жылы қабылданып, рингте өткізген 7 жекпе-жегінің жетеуінде де жеңіске жеткен жігіт.

Мардан осы ұлттық біріншілікке қатысу үшін тынымсыз жаттығып жүріп, спарингтерінің бірінде қолынан жарақат алып, Павлодардағы басты турнирге қатыса алмады. Дегенмен, ол бабын  жоғалтпау үшін бір қолмен болса да әлі де жаттығуын тоқтатпай келеді.

Ал Павлодардағы финалдық бәсекелер тартысты өтті. Бірінші болып жеңіл салмақтағы жігіттер шықты. Astana Arlans командасының тағы бір мүшесі, Ақмола облысының 49 салмақ дәрежесіндегі мықтысы Теміртас Жүсіпов және оңтүстікқазақстандық Ержан Жомарт. Екеуі де қайсар, бір-бірінің тактикасын жақсы меңгергені байқалып тұрды. Төрешілерге де оңай болмағаны түсінікті.

Алайда, чемпион біреу ғана болу керек. Нәтижесінде шеберлігі жоғарырақ Astana Arlans командасының боксшысы Теміртас Жүсіпов 2-1 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы атанды (28-29, 29-28, 29-28).

52 салмақ дәрежесінде маңғыстаулық Азамат Исақұлов пен Алматы облысының намысын қорғаған Әнуар Мұзапаров рингке шығып, Азамат 3-0 есебімен таза жеңіске жетті.Төрешілердің де ойы бір жерден шықты (29-28, 29-28, 29-28).

Бұдан кейін төрешілерге 56 салмақтағы чемпионды анықтау керек болды. Азия және Әлем біріншіліктерінің жүлдегері оңтүстікқазақстандық Қайрат Ералиевтің атақ-даңқына қарамастан, "күш атасын танымайды" дегендей, маңғыстаулық Нұрбол Қалжанов берілмей жұдырықтасты.

Алайда, төрешілер Ералиевті чемпиондық атаққа лайық деп танып 2-1 есебімен Қайраттың қолын көтерді (30-27, 29-28, 28-29).

Ал 60 кг салмақта Шығыс Қазақстаннан келген жас боксшы Әділет Құрметов төрешілерді қатты ойландырды. Өйткені, оның қарсыласы дәрежелі, Оңтүстік Қазақстан облысының үздіктерінің бірі болып табылатын Закир Сафиуллин болатын. Сол себепті де болар, қапталдағы төрешілердің шешімі әртүрлі боп шығып жатты. Нәтижесінде сәл басымдықпен Әділет Құрметов Қазақстан чемпионы атанды.

Павлодарлық жанкүйерлер 64 салмақ дәрежесіндегі финалды асыға күткен болатын. Неге десеңіз, осы өңірдің атынан рингке Қуан Қуатов шығу керек-ті. Оның қарсыласы оңтүстіктің тағы бір шебері Бекдәулет Ибраһимов болатын. Өкінішке орай, павлодарлық жігіт жерлестерінің үмітін ақтай алмады. Бұл жекпе-жек тартысты өткенімен, төрешілер бір ауыздан жеңісті Ибраһимовке берді: 3-0 (29-28, 29-28, 29-28).

Бүкіл әлемді мойындатқан, Қазақстан боксшылары үшін ең сәтті саналатын салмақ дәрежесі – ол  69 кг екені бәрімізге аян. Бұл жолы осы салмақтағы жеңіс қарағандылық Абылайхан Жүсіповке бұйырып тұр екен. Ол астаналық Қанағат Мараловты төрешілердің шешімімен  үш раундта да 3-0 есебімен (30-27, 30-27, 30-27) айқын басымдықпен жеңіп, еліміздің сүйікті салмақ дәрежесінде жеңімпаз болды.

3-0 есебі 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекте де тіркелді. Тараздық Әбілхан Аманқұл мен маңғыстаулық Ерік Әлжанов арасындағы финалда, чемпиондық атаққа жамбылдық шебер ие болды (29-28, 29-28, 29-28).

Көпшілік күткен финалдық бәскелердің бірі 81 кг салмақ болатын. Риода мықты соққыларымен көзге түскен олимпиадашымыз Жәнібек Әлімханұлы көрерменін ұятқа қалдырмады.  Ол өзінің бәсекелесі Нұрдәулет Жармановты соңғы үшінші раундта екі рет нокдаунға түсіріп таза жеңіске жетті: 3-0 (30-27, 30-26, 30-27).

Жергілікті жанкүйерлердің тағы бір үміті енді павлодарлық ауыр салмақтағы Серік Мұсаділовте болатын. Бірақ, оған Азия чемпионын жеңу оңайға соқпайтынын да бәрі жақсы біледі. Қостанай облысының атынан шығып жүрген Антон Пинчук өзіне сенімді боксшылардың бірі десек артық айтқандық болмас.

2013 жылы Азия чемпионы атанса, 2014 жылы Азия ойындарының жеңімпазы болғанын көпшілік бокс жанкүйері жақсы біледі. Өкінішке орай, павлодарлық 22 жасар Серіктің Антонды жеңуге шамасы келмеді. Нәтижесінде, рудныйлық жігіт Антон Пинчук  91 салмаққа дейінгі дәрежеде 3-0 есебімен айқын жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы атанды (30-27, 30-27, 30-27).

Ал павлодарлықтардың соңғы үміті Олжас Букаевта болатын. Ең соңғы финалдық бәсеке 91 келіден ауыр салмақта оның қарсыласы осал емес еді. Әскерилер арасында Astana Arlans командасының намысын қорғап, Әлем чемпионы атанған қызылордалық шебер Қамшыбек Құнқабаев болатын.

Оның атағына қарамастан, Олжас өз жанкүйерлері алдында тамаша өнер көрсетіп айқын басымдықпен жеңіске жетті (3 – 0; 29-26, 29-26, 30-27). Сөйтіп, жерлестерін бір серпілтіп, қуантып тастады. Осылайша Олжас Букаев Рио Олимпиадасының қол жүлдегері Иван Дычконың салмағында ел чемпионы атанып отыр.

Осы жарыстан кейін еліміздің бас бапкері Мырзағали Айтжанов  бокстан Қазақстан Ұлттық  командасының жаңа құрамын жария етті:

Сонымен 2017-ші жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Қазақстан құрамасына енген боксшыларымыз мыналар:

49 кг: Теміртас Жүсіпов, Ержан Жомарт, Шалқар Айхынбай.

52 кг: Азамат Исақұлов, Әнуар Мұзапаров, Азат Махметов.

56 кг: Қайрат Ералиев, Нұрбол Қалжанов, Ілияс Сүлейменов, Жанболат Қыдырбаев.

60 кг: Әділет Құрметов, Закир Сафиуллин, Серік Теміржанов.

64 кг: Бекдәулет Ибрагимов, Қуан Қуатов, Ділмұрат Міжітов, Аян Қалибеков.

69 кг: Данияр Елеусінов, Аблайхан Жүсіпов, Илья Очкин, Садриддин Ахмедов.

75 кг: Әбілхан Аманқұл, Тұрсынбай Құлахмет, Ерік Әлжанов, Бек Нұрмағанбет.

81 кг: Әділбек Ниязымбетов,Жәнібек Әлімханұлы,Нұрдәулет Жарманов, Бекзад Нұрдәулетов, Шаймұрат Құсайынов.

91 кг: Василий Левит, Антон Пинчук, Арбек Абдуғаниев, Серік Мұсаділов.

+91 кг: Иван Дычко, Қамшыбек Құнқабаев, Нұрлан Сапарбай, Олжас Букаев.

Жаңа құрамдағы жаттығу жиыны алдағы 2017 жылдың 5-26 қаңтар аралығында  Алматы облысындағы бүкіләлемдік бокс академиясында өтетін болып шешілді.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу