Бокстан ұлттық құрамаға жаңа бас бапкер тағайыналды

1543

Ерлер командасын енді Қайрат Сәтжанов баптайтын болды.

Бокстан ұлттық құрамаға жаңа бас бапкер тағайыналды

Бокстан Қазақстан құрамасында ауыс-түйістер болды, деп хабарлайды ҚБФ баспасөз қызметі. Құраманың кейінгі нәтижелері мен жаңа әдістер іздеуге байланысты Қазақстан бокс федерациясының Дене шынықтыру және спорт комитетіне ұсынысы бойынша Мәдениет және спорт министрлігі ерлер мен әйелдер құрамаларына жаңа бапкерлер тағайындады. Осылайша, ерлер командасын Қайрат Сатжанов жаттықтыратын болды. Ол бұл қызметте 2018-жылдан бері бас бапкер болған Ғалым Кенжебаевты алмастырды.

Бұл уақыт аралығында біздің боксшылар 2019 жылғы әлем чемпионатында 6 медаль (1/1/4) жеңіп алды. 2020 жылғы Азия іріктеу турнирінде Олимпиадалық лицензиялардың толық жиынтығын алды. 2021 жылғы Азия чемпионатында 5 күміс және 1 қола медаль иеленді. Кенжебаевтың басшылығымен өткен үлкен жарыс - Токио-2020 Олимпиадасы болды. Жапония астанасында былғары қолғап шеберлері 2 қола жүлдеге ие болды.

Қайрат Сәтжановтың жаттықтырушылық еңбек өтілі - 31 жыл. 2011 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде Сәтжанов бастаған жас боксшылар екі рет "Азия балалары" (2012 ж. – 4/4/2, 2016 ж. - 4/4/3) халықаралық ойындарында жалпы медальдық есепте  жеңіске жетті. Екі рет Әлем чемпионаттарының үздік үштігіне кірді ( 2013 ж. - 05.02.2015 ж. - 1/1/3), сонымен қатар екі рет Азия чемпионатын жеңіп алды.

2019 жылы Қайрат Тұрсынханұлы Қазақстан жастар құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Екі жыл ішінде оның ойыншылары Азия чемпионатында екі рет командалық есепті жеңіп алды және әлем чемпионатында екінші орын алды.

Сонымен қатар тағы бір маңызды тағайындау орын алды. Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының жаңа бас бапкерінің есімі белгілі болды. Өз өтініші бойынша қызметінен кеткен Ерік Алғабектің орнына Шамиль Сафиуллин бекітілді. Ерік Алғабек 2 жыл команданың жаттықтырушысы болды. Осы уақыт ішінде біздің команда 2019 жылғы әлем чемпионатында 2 қола медаль, 2020 жылғы Азия іріктеу турнирінде 1 олимпиада лицензиясын жеңіп алды және 2021 жылғы Азия чемпионатында командалық есепте жеңіске жетті.

Шамиль Сафиуллиннің бапкерлікте еңбек өтілі 25 жыл. Осы уақыт ішінде ол Қазақстанда да, шетелде де жұмыс істеді. Ол әлем чемпионатының жеңімпаздарын, Азия чемпиондарын және бірнеше дүркін ел чемпиондарын дайындады. 2018 жылдан бастап Шамиль Сафиуллин бокстан Қазақстанның әйелдер ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы болып жұмыс істеді.

Қазақстан бокс федерациясының басшылығы Ғалымбек Кенжебаев пен Ерік Алғабекке спортты дамытуға және отандық боксшыларды тәрбиелеуге қосқан үлесі мен күш-жігері үшін алғыс білдірді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу