Болашағы жоқ "қартайған" ауылдар

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
18889

Жастары қалаға кетіп, таяққа сүйенген қариялардың мекені болып қалған оларды көркейту үшін демографиялық карта жасау идеясы уақыт алға озған сайын өзектілігін аңғарта бастады.

Болашағы жоқ "қартайған" ауылдар

Елімізде басы – таудай, аяғы – қылдай болған құжаттар да, қаулылар да баршылық. Бірақ үкіметтің 2014 жылдың наурыздағы № 248 қаулысы жайлы олай деп айта алмайсыз. Аталған қаулыға сол уақыттан бері талай рет өзгерістер енгізіліп, толықтырылды. Бірақ әу бастағы көтерген жүгі әлі күнге дейін өзектелігін жойған жоқ. Оны сарапшылар "еліміздің демографиялық картасын қалыптастыруға талпынған құжат еді" деп еске алады. Себебі алдымен "демографиялық карта жасайық, оралмандарды сол карта бойынша қоныстандырайық. Болашағы жоқ ауыл мәселесінің түйінін демографиялық карта шешеді" деген ойлар үкімет қабырғасында сол кезде айтылды. Басқаша айтқанда № 248 қаулының пәрменін күні бүгінге дейін сезіп келеміз.

Адамдар туып-өскен жерінен неге кетеді?

Біз сөз еткелі отырған құжат жарияланған күннен бастап қоғамдық пікірталастың өзегіне айналды. Оны дұрыс қабылданған шешім деп мақтағандар да болды, "шеттен келген қандастарды алалайды" деп даттағандар да болды. Олардың алғашқысы "оралмандар қоныстанады деп жеті өңірді белгілеп, елдің демографиялық картасына сәйкестендірілген еді" деген пікірді алға тартады. Дәлел ретінде, қандастарымыз үшін деп мемлекет есебінен квота берілетін аймақтардың демографиялық ахуалы көңіл көншітпейді дегенді негізге алған.

2014 жылы қабылданған №248 қаулыға үш жыл ішінде екі рет өзгеріс енгізілді. Соңғы өзгеріс бойынша оралмандар қоныстанатын аймақтардың саны 7-ден 14-ке өсуі үкіметтің алған бетінен қайтпағанын білдірсе керек. Ал үкімет үмітпен қарап отырған ауылдардан тұрғындар неге көшеді? Біз бұл сұрақтың жауабын "ол сол өңір басшыларының іскерлігіне байланысты болса керек" деп топшыладық.

"Мысалы, соңғы 20-25 жылда оңтүстік өңірде ешбір ауыл "болашағы жоқ" деп танылмаған. Халық тығыз орналасса да, сырттан келген қандастарымыздың бірде-бірі қайтып кетпеген. Мен облыс, аудан басшыларының біліктілігі мен іскерлігі сол өңірдің демографиялық картасына әсер етеді деп айтар едім. Сондықтан елдің демографиялық ахуалы туралы жол картасын дайындайтын кез келді. Республикалық, облыстық деңгейдегі әлеуметтік бағдарламалар, ішкі көші-қон, оралмандардың қоныстануы картаға қарап анықталуға тиіс. Егер біз осы жұмыстарды жолға қойсақ, "болашағы жоқ ауыл" деген ұғымға да нүкте қойған болар едік", – дейді экономист Мырзакелді Кемел.

Саясаттанушылар мен экономистер елдің демографиялық ахуалы біркелкі емес, халықтың қоныстануы, демографиялық ахуал жайлы "жол картасы" керек екенін біраздан бері айтып жүр. Себебі 2050 жылға қарай еліміздің солтүстігіндегі тұрғындардың саны бір миллионға дейін кеміп кетуі мүмкін екенін айтты.

Оралмандардың 50 пайыздан астамы Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау және Жамбыл облыс­тарына орналасып келген. Жалпы, ішкі көші-қон үдерістерін реттеу мақсатында елімізде "Ішкі көші-қон туралы" заң қабылдау қажеттігі жайында медиа қауымдастық та, қоғамдық институт өкілдері де дабыл қаққан болатын. Осыдан бірнеше жыл бұрын ішкі көші-қон туралы заң жобасы дайындалып, парламентке келгенде, қоғам одан біраз үміт күткені де рас. Алайда, заң жобасы жоба қалпында ғана қалып қойды. Сөйтіп, урбанизация салдарынан қордаланған түйткілдерді шешуге мемлекет құлық танытпады. Енді, мәселе ушыға бастағаннан кейін ғана, солтүстік және шекаралық аймақтардың қамын ойластыра бастады. Бірақ болашағы жоқ ауылдардың қордаланып қалған мәселесі сол күйінде тұр. Аландатарлығы сол, болашағы жоқ ауыл деп қоғамның назарынан тыс қалып отырған елді мекендердің басым көпшілігі Ресеймен немесе ҚХР шекаралас аудандарда орналасқан. "Шекаралас аудандарды иесіз қалдыруға болмайды" деген мәселе Ұлттық қауіпсіздік комитетінде талай рет талқыланды. Бірақ, әзірге иесіз қалған ауылдарға ел қондыруға мемлекеттік деңгейде қабылданған қаулылардың да шамасы жетер емес.  

Ресей мен Өзбекстанда "болашағы жоқ елді мекен" деген ұғым жоқ

Қазақтың біраз елді мекені "болашағы жоқ ауылдар" деген сыңаржақ ұғымның құрбаны болып кеткенін мойындайтындардың да қарасы көп.

Саясаттанушылар демографиялық картамыздың бұлайша ала-құла болуы, кейбір аймақтарға халық тығыз қоныстанса, ал келесі бірінде тұрғындардың селдіреп қалауына нақ осы сыңаржақ ұғым себеп болды дейді. Алыс-жақын көршіміз Ресей немесе Өзбекстан тарапынан "болашағы жоқ елді мекен деген ұғым жоқ" деген қағидаға ден қойған. Өткен жылдың соңында Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев шекаралас аймақтарға ел қондыру жұмысын заңдастыратын арнайы қаулы қабылдады.  Вице-премьер Дмитрий Рогозин 2016 жылдың соңында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мұндай шешім арқылы "бір оқпен екі қоянды" атып алуға болатынын айтқан.

"Ресейде қараусыз қалған елдімекен болмауға тиіс. Көршілес Қазақстаннан қоныс аударатын орыстар шекара бойындағы елді мекендерге қоныстана алады" деп жауап берген.

Айтпақшы, ресейлік вице-премьердің ұсынысы елінің 2015-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасында көрініс тауып қалуы әбден мүмкін. Ресейдің мұндай қадамға баруына Жапония, ҚХР-дың шекара іргесінде орналасқан аймақтарына ерекше көңіл бөле бастағаны себеп болса керек. Мысалы, ҚХР-дың 2049 жылға дейінгі бас жоспарында олардың Қазақстанмен және Солтүстік Кореямен шектесетін аймақтарында 5-7 млн адам тұратын үлкен қалалар салу көзделген. Ал бізде "болашағы жоқ елді мекендер" туралы қағиданың басымдыққа ие бола бастағанына, тұрғындарының саны елуден аспайтын елді мекендер жойылуға жататындығы туралы мә­селенің мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқанына біраз уақыт болды. Осыдан 10 жыл бұрын үкімет ауылдарды іріктеп, бірнеше топқа бөлді. Елді мекендер "болашағы бар ауыл", "болашағы орташа ауыл" және "бо­ла­шағы жоқ ауыл" деген топтарға жіктелді. Сол кезде шешім қабылданып, қаражат бөліне бастаған. Қазақстанда 7 мыңдай ауыл бар. Үкіметтің тексерісінен кейін оның 3 мыңы "бо­лашағы бар ауыл" санатына жатқызылса, 2 мыңында "жағдайды дұрыстауға болады" деген шешім шығарылды. Ал 1 мың 500 ауыл "болашағы жоқ" деген таңба басылды. 1997 жылдың көктемінде бірнеше облыс­тар жабылып, көптеген аудандар таратыл­ған тұста Шығыс Қазақстан мен Алматы об­лысының Қытай Халық Республикасымен екі арадаға мемлекеттік шекарасы бойына ор­наласқан аудандардың біразы ықшамдауға ілігіп кетті. Шығыс Қазақстанның Тарбағатай, Катонқарағай, Мар­қакөл, Мақаншы, Таскескен аудандары, Ал­маты облысындағы Қапал, Нарынқол, Қоғалы, Үйгентас сынды елдің шеті, желдің өтінде ор­наласқан аудандар таратылып, алыс-жақында орна­ласқан басқа аудандардың "құшағына" сіңіп кетті. Қазіргі кезде аудан мәртебесінен айы­рылып, басқа ауданның құрамындағы елді мекендер санатына қосылған өңірдегі ауыл­дардың тұрғындары жыл сайын азайып, қала сағалап көшіп жатыр. Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы бойынша соңғы 10 жылдың ішінде 48 ауыл картадан жойылған. Жалпы, аталмыш аймақта 700-дей ауыл болса, бүгінде оның әрбір онын­шысының "болашағы жоқ" деп танылған.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали қазір жо­йылуға немесе болашағы жоқ деп табылған елді мекендерді жасанды түрде қолдан сақтап қалуға болмайтынын айтады. Себебі біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауылды әлсіретіп, ыдыратып алдық.   Бірақ тұрғындары калмаған ауылды өз түйткілімен бетпе-бет калдыруға болмайды.

Жойылуға жататын елді ме­кендер дәл қазір шаруашылық жағынан пайда алып келуі, тіпті қазір болашағы жоқ деген елді ме­кендер күні ертең шағын қалаларға айналып шығуы әбден мүмкін. Оған уақыт қажет, қо­ғамның, тіпті уақыттың өзі ыңғай беруі қажет. Қазір біз Ресейдің бір кездегі күйін бастан кешкелі жатырмыз. Ресей бізбен салыстырғанда, тез есін жиып, нәпақасын қаланың шуынан емес, ауылдан іздеуге бет бұрған. Олар өздерін "жаңа орыспыз" демейді, өздерін "біз – боярлар мен помещик­тердің ізбасарымыз" дейді. Дәулеті жеткен­дері өздері тұратын ірі қалаларға 200-300 шақырым қашықтықта орналасқан қараусыз жатқан аймақтардан 500-700 гектар жерді сатып алып, маусым кезінде қалалардан ша­қырылып алынған жалдамалы жұмыс­шы­лардың көмегімен шаруашылығын жүргізуді қолға ала бастады. Басқаша айтқанда билік пен бизнестің мүддесі бір жерден шықты. Егер, көзін тапсақ, бізде билік пен бизнестің тіл табысып, жұмыс істейтін тұстары ауылдан басталады.

"Ерте ме, кеш пе, бұл үрдіс бізге де келіп жетеді деп ойлайтынмын. Ауылдың иесіз қалуы – урбанизацияның нәтижесі. Қазақтың жері кең. Барлық аймақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мүмкін емес. Адамдардың жақсы өмір сүру үшін жайлы жерлерге ұмтылуы заңды. Солай екен деп иесіз қалған ауылды болашағы жоқ деп биліктің назарынан тыс қалдыруға болмайды. Қалталы азаматтарға сол жерлерді игеруіне мүмкіндік берейік, мал өсірсін. Егін салсын, бау-бақша өсірсін. Қазақтың санасына ел иесіз емес, жер иесіз емес дегенді орнықтыра беру керек. Әсіресе, шекара бойындағы жерді сақтап қалу керек. Оның бола­шағы – жастардың қолында. Тек ел іргесінің жалаңаштанып қалуына жол бермейік, – дейді саясаттанушы.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу