Болашақ – "Үлкен Еуразияда"

4361

Нұрсұлтан Назарбаев әлем алдында тұрған проблемалар мен халықаралық дамудың болашақтағы әлеуеті туралы баяндады.

Болашақ – "Үлкен Еуразияда"

Әлемдегі барлық елдің болашағы – "тең құқықты, өзара сыйластыққа, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтеуге негізделген кең ауқымды интеграцияда". Дүйсенбі күні Астанада өткен Astana club-тың үшінші отырысында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәл осындай ой айтты:

"Біз соңғы уақытта әлемге қажетті дүниелерді енгізуге тырысудамыз. Олар: бірлік, ынтымақ, жаһандық проблемаларды шешудегі толеранттылық".

Astana club-тың үшінші отырысына әлемнің 27 елінен 60-тан астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан және Еуропа елдерінің сараптамалық орталықтарының білікті сарапшылары, дипломаттар, көрнекті саясаткерлер бар.

Қазақстан президенті әлемдегі жағдайлар туралы айта келе, "халықаралық қатынастар жүйесінде тектоникалық ығысулардың" байқалғанын тілге тиек етті. 

"Өкінішке қарай, бұл өзгерістер жақсылыққа бастап отырған жоқ. Ғаламдық дамудың жаңа архитектурасы геосаяси және геоэкономикалық жағдайдың тереңдеуімен, әсіресе Шығыс – Батыс желісі бойынша сыни, идеологиялық кемшіліктер тұрғысынан құрылуда. Саяси қуғын-сүргін, кедейшілік, білім беру мен денсаулық саласы деңгейінің төмендігі, елдердің даму деңгейіндегі күрт кереғарлықтар халықаралық лаңкестік пен экстремизмге негіз болып отыр. Өңірлік халықаралық қауіпсіздіктің қолданыстағы жүйесі дамудың динамикасына, ескі және туындайтын жаңа мәселелерді шешуге сәйкес келмейді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Әлемдік экономикадағы жағдай да күрделі болып отыр. "Бәсекелес экономикалық орталықтардың айналасында үлкен блоктарды қалыптастыру арқылы жаңа сауда әлемінің тәртібі пайда болуда". Бұл ДСҰ рөлінің төмендеуіне, ағайынгершіліктің күшеюіне әкелуі мүмкін.

"Экономикалық қысымды сылтау еткен сакциялық соғыстар халықаралық сауда мен әділ бәсекелестіктің қатеріне айналды", – деді Қазақстан президенті.

Тұрақсыздық милитаристік сезімдердің өсуін, қару-жарақ жарысын, ядролық қаруды қолдану қаупін туындатуда. Нұрсұлтан Назарбаев қару-жараққа жұмсалатын әлемдік шығынның өсуіне назар аудартты. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл бағытқа жұмсалған шығын 1,7 трлн долларды құраған. Бұл – әлемдік ЖІӨ-нің 2,2%-ы. Мәселен АҚШ өзінің әскери шығындарын 611 млрд долларға , Қытай – 215 млрд долларға , Ресей – 69 млрд долларға, Үндістан 56 млрд долларға дейін арттырған. Алайда "әскери шығындардың өсуі – әлемнің қауіпсіздігіне төнген қатер ғана емес, бұл – дамудың нақты мұқтаждықтары мен Жердегі мұқтаждықтардан экономикалық және адами ресурстардың тиімсіз түрде ауытқуы".

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық терроризм "апатты ауқымға" ие болғанын атап кетті. 

"Бүгінгі күні жер шарының кез келген жері бүлдіру соққысының нысаны болуы мүмкін. Үшінші мыңжылдық басталғаннан бері жасалған лаңкестіктің саны, сондай-ақ қайтыс болғандардың саны 10 есе өскен. 2016 жылы 104 елде лаңкестік оқиға орын алған. Бұл әлемнің жартысынан көп бөлігі. Яғни лаңкестіктің орны мен көлемі жағынан алып қарайтын болсақ, біз үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайында, лаңкестікке қарсы соғыс жағдайында тұрмыз", – деді президент.

Елбасы терроризмнің жаһандық индексінің мәліметтерін мысалға келтірді. Бұл мәліметке сүйенетін болсақ, 2015 жылы ЭЫДҰ-ның 34 елінің 21-де лаңкестік оқиға орын алған, ал лаңкестік шабуылдардың саны 731 болған.

"Ислам атын жамылған ағымдар көптеген мемлекеттің аумағына басқыншылық жасап өзінің әсер ету аймағын кеңейтуде. Қарама-қайшылықтарға қарамастан, әлемдік және аймақтық мемлекеттерге Таяу Шығыстағы ДАИШ-пен күрес әрекетін үйлестіру мүмкін болды. Алайда талқандалған жауынгерлер басқа аумақтарда өздерінің ұйымын қайта құратынын білген жөн және бұл жалпы Еуразия үшін үлкен сын-қатер", – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Тағы бір күрделі мәселе – бұл бақыланбайтын жаһандық көші-қон. Сонымен қатар Қазақстан президенті "адамзат тарихында осыншалықты демографиялық теңгерімсіздік байқалған емес, егер дамыған елдерде халықтың саны миллиард адамды құраса, онда дамушы елдердегі халықтың саны алты жарым миллиардты құрап отыр", – деп атап көрсетті.

"Соңғы 25 жылда халықаралық мигранттардың саны екі есеге артып, бүгінде 250 миллион адамға жетті. Оның ішінде, Халықаралық валюта нарығының мәліметтері бойынша, дамыған елдердегі мигранттардың үлесі  бес пайыздан он пайызға дейін өсті.  БҰҰ деректері бойынша, оның шамамен 66 миллиондайы – босқындар мен заңсыз мигранттар. Халық негізінен қайыршылық пен соғыстан жаппай бас сауғалауда. Бұл әлеуметтік шиеленістің, қылмыс пен жұмыссыздықтың өсуіне әкеп соғады. Таяу Шығыс пен Африкадан ауған мигранттардың легі әлеуметтік-саяси дағдарыс, ұлттық-популистік және ашықтан-ашық үргедектік ахуал туындатып,  Еуропаны тығырыққа тіреді. Сол секілді Ливанда, Иордания және Түркияда елдің ЖІӨ-інің1,5%-дан 3%-ға дейіні босқындарды асырауға жұмсалып отыр", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Аталған мәселелер тұрғысынан келгенде адамдардың тіршілігін қамтамасыз етуге арналған ресурстардың жетіспеушілігіне жіті көңіл бөлінбеуде. Дей тұрғанмен осылар да, ең алдымен, "мемлекетаралық қайшылықтарды тууына әкеп отырған" тұщы судың жетіспеушілігі секілді проблема – маңызды мәнге ие.

"Су ресурстарының тапшылығы Пәкістан мен Үндістан қарым-қатынасын ушықтырып қойды, - деп еске салып өтті Нұрсұлтан Назарбаев. – Біз білетіндей, өткен жылдың күзінде Үндістан Инд өзені бойынша 1960 жылдан бері жұмыс істеп келген екіжақты комиссияның жұмысын тоқтататындығын мәлімдеді. Таяу Шығыста да, Орталық Азияда да жағдайдың күрделенуі әбден ықтимал".

Жалпы алғанда, Қазақстан президентінің пайымдауынша, бүгінде "жаппай сенім дағдарысы туындағанын ашық айта аламыз". Осындай жағдайларда "өзара іс-қимылдың  оң тәжірибесін жинақтау" аса маңызды.

"Бұл жағдайда барлық державалардың мүдделері тоғысқан, әлемдік саясат пен экономиканың басты ареалы – Еуразия  ерекше орынға ие бола алады, – деген сенімде Нұрсұлтан Назарбаев. – Еуразия қауіпсіздік, экономикалық өсім мен диалог тұрғысынан біріктіруші күн тәртібін ұсынуға қауқарлы. (...) Адамзат дамуында, біздің болашағымыз, атап айтқанда Еуропа – Азия субконтиненттері еркін кеңестікте сауда жасау арқылы өзара ынтымақтаса отырып, дамуға иек арта алады".

Гүлназ Ермағанбетова, Еркебұлан Қыздарбек, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу