"Болашақ" бағдарламасымен оқығысы келетіндер үшін талап өзгере ме?

2792

Бүгінде қазақстандық стипендиат көрші елдегі 9 университетке оқуға түсе алады. 

"Болашақ" бағдарламасымен оқығысы келетіндер үшін талап өзгере ме? Фото: tengrinews.kz

"Болашақ" бағдарламасы бойынша Ресейге оқуға түскен қазақстандық студенттер РФ мен Украина шиелінісіне қарамастан Қазақстанға қайтуға ниет танытпаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"2022 жылғы ақпандағы ақпарат бойынша Ресейде "Болашақ" бағдарламасы бойынша 38 қазақстандық стипендиат оқып жатыр. Ресей-Украина шиеленісіне байланысты елге оралуға  ниет білдірген стипендиат болмады", – деп жазылған "Халықаралық бағдарламалар орталығы"АҚ баспасөз қызметі жіберген хатта.

Сондай-ақ орталық биыл аталған бағдарлама бойынша Ресейдің жоғары оқу орындарында оқығысы келетіндер үшін талап өзгермейтінін атап өтті.

"Әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты конкурстық талаптарды өзгерту жоспарда жоқ", – деп жазылған хатта.

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ мәліметінше, бүгінде стипендиаттар Ресейдің 9 университетінде оқуға мүмкіндігі бар.

"Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдарға арналған "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімінде РФ-ның 6 университеті бар: Ломоносов атындағы ММУ, Бауман атындағы ММТУ, Мәскеу физика-техникалық институты, Ұлттық ғылыми ядролық университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, Жоғары экономика мектебі ҒЗУ. Жалпы  "Болашақ" бағдарламасы бойынша 250-ден аса мамандық бойынша білім алуға болады", – деп көрсетілген хабарламада. 

 

Сонымен қатар орталық РФ-Украина шиелінісіне қарамастан жоғарыда аталған университеттердің тізімін қысқарту мәселесін қарастырып жатпағанын жеткізді.

Сондай-ақ "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындары, шетелдік ұйымдардың тізімі ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған бұйрығы арқылы бекітілген. Оған өзгерістер мен толықтырулар комиссияның шешімі бойынша енгізіледі. Бүгінде тізімді қысқарту жоспарланып отырған жоқ.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу