Болашақ медиктер мемлекеттен араша сұрайды

3026

ҚазМҮБУ-дің ауыр мұрасы студенттердің еңсесін езуде.

Болашақ медиктер мемлекеттен араша сұрайды

Биылғы ақпанда Үкімет Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін сот арқылы бас лицензиясынан айырғаны мәлім. Себебі 2020 жылы БҒМ-ның Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті осы оқу орнының білім беру қызметін тексере келе, өрескел бұзушылықтар тапты. Мысалға, бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентурадағы шәкірттерді оқытатын профессорлар мен оқытушылар жетіспейтіні әшкереленген. Тіпті оқулықтар тапшы екені, материалдық-техникалық базаның нашарлығы, бірқатар маңызды көрсеткіштің белгіленген ең төменгі нормаларға сәйкес келмейтіні анықталды. Сондықтан 2020 жылғы шілдеде университеттің лицензиясы уақытша тоқтатылды. ЖОО басшылығына әшкереленген олқылықтарды жоюға уақыт берілді. Жөнсіздіктерді жою үшін ондаған миллион теңге шығын шығару, мол инвестиция құю қажет еді. Алайда ғылым ордасы қысқа мерзімде оны таба алмады. Нәтижесінде, қайтара тексеру кезінде ҚазМҮБУ комитеттің кемшіліктерге қатысты ұйғарымын орындамағаны белгілі болды. Осыған байланысты сот өз шешімімен университетке айыппұл салып, оны бас келісімінен айырды.

Жалпы, 2015 жылы Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының басшылығы оны университетке айналдыруға бел буған болатын. Осылайша, оның базасында ҚазМҮБУ құрылды. Былтыр онда 3 мың адам оқып жатты. Билік олардың гранттарын сақтай отырып, басқа ЖОО-ларға көшірілетінін мәлімдеді.

"Адамдардың өмірі мен денсаулығы болашақ дәрігерлердің қаншалықты сапалы даярланғанына тәуелді. Бұл жағдайда біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты осы университетті жабу туралы шешім қабылдады. Тұтастай алғанда, Қазақстанда дәрігерлер даярлаумен 14 жоғарғы оқу орны айналысады. Оның бесеуі Алматыда орналасқан. ҚазМҮБУ-де оқыған студенттер басқа ЖОО-ларға ауыстырылады, гранттары сақталады. Ақылы оқитындары үшін оқу құны бұрынғы деңгейде қалады. Университет оқытушыларын басқа жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қаралады", – деді биылғы жыл басында БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Осымен мәселе шешілгендей болған. Бірақ шәкірттердің айтуынша, проблема тіптен шиеленісіп кетіпті. Сол себепті "ҚазМҮБУ" АҚ бакалавриатының бір топ студенті Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктеріне үндеумен жүгінді. Олар шенеуніктерден өздерінің қазіргі жағдайына назар аударуды, стипендия және жолақы төлемдерін төлеуге қатысты мәселелерді шешіп беруді талап етті.

Студенттердің айтуынша, өткен жылғы шәкіртақыларын олар зарыға күтіп, 2021 жылғы қаңтарда ғана ала алыпты. Ал биылғы ақпаннан бастап қаржыландыру мүлдем тоқтатылған.

"Білім және ғылым министрлігі басшылығының өкілі Гүлзат Көбенова жуырда студенттердің гранттарымен бірге өзге университеттерге ауысатынын мәлімдеді. Оқу ақысы да бұрынғы көлемде қалатынына сөз берді. Міне, наурыз аяқталуға таяды. Шынында, Денсаулық сақтау министрлігі біздің университетті қаржыландыруды доғарды. Бұл ретте ол оқушы жастарды өмір сүру, тамақтану, үй жалдап тұру үшін қажетті қаражаттан айырғанына да бас қатырмады: мыңдаған студент мемлекет кепілдендіретін стипендиясын ала алмай жүр. Егер университет лицензиясының күші жойылса, оны қаржыландыру тоқтатылса, онда ары қарай студенттердің мәселесін шешуге көңіл бөлу керек емес пе?", – дейді Үкімет мүшелеріне хат жазған студенттер.  

Осыған орай студенттер билікке бірнеше сұрақпен қайырылды: біріншіден, ҚазМҮБУ-дің қызметі тоқтатылғанына біраз уақыт өтсе де, неге студенттер – бакалавр, интерн, резиденттер басқа медициналық ЖОО-ларға әлі күнге дейін ауыстырылмаған? Дәрігерлердің сапалы жоғары білім алуы маңызды делінді ғой. Білім қуған жастар болса, бос сенделіп жүр. Әлде университет лицензиясын қайтарып алуды және студенттерді оқытуын жалғастыруды жоспарлап отыр ма? Мұндай жағдайда неге Денсаулық сақтау министрлігі стипендия төлеуді жалғастырмайды.  

"Ең үлкен жаза – белгісіздік" деген сөз бар. Жағдайдың өрбу барысынан беймәлім болудан шәкірттер әбден шаршап, жүйкелері жұқарды. Көктемгі семестр болса, аяқталуға таяу. Шенеуніктер шабан қалпынан жазбаса, болашақ медицина қызметкерлерінің емтихандары, диплом алды тәжірибесі, дипломды қорғау шаралары жайына қалуы ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу