Болашақ Президенттен емтиханды кім қабылдайды

2819

107 түрлі ауруды айналып өткен адам ғана президенттікке кандидат ретінде тіркеледі. 

 Болашақ Президенттен емтиханды кім қабылдайды

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мүшесі Бақыт Мелдешов "Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыға қойылатын талаптарды және Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың тізбесін бекіту туралы" ОСК мен денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен нормативтік құқықтық актісі қабылданып, 13 сәуірде әділет министрлігінде тіркелгенін мәлімдеді.

"Нормативтік құқықтық актілер электронды түрдегі эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 15 сәуірде тіркеліп, жарияланған күннен бастап заңды күшіне енді. Медициналық қорытынды кандидат медициналық куәландыру жүргізу үшін жүгінген кезден бастап күнтізбелік 3 күннен аспайтын мерзімде беріледі және ҚР Президентінің сайлауы мерзімі ішінде жарамды болады. Берілген медициналық қорытындылардың есебін денсаулық сақтау ұйымдары жүргізеді. Оларға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның ғана қолы жетімді болады. Бірлескен нормативтік құқықтық актіде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуге кедергі келтіретін 107 ауру тізбесі көрсетілген", – деді ОСК мүшесі.

Бақыт Мелдешов президенттікке үміткер кандидат ретінде тіркелу үшін ОСК-ға 2 құжат ұсынуға тиіс екеніне тоқталды.

"Біріншісі, мемлекеттік кірістер органдарына кандидаттың және оның жұбайының табысы мен мүлкі туралы салық декларациясын тапсырғаны туралы салық органдарының анықтамасы, екіншісі, денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытынды. Аталған міндеттер "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" ҚР Конституциялық заңының 59-бабы 5-тармағы 4, 2, 6 тармақшаларына негізделіп көрсетілген", – деді ол.

ОСК мүшесінің мәлімдеуінше, "Сайлау туралы" заңның 59-бабының 2-тармағында кандидаттың және оның жұбайының тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніндегі, яғни 2019 жылғы 1 сәуірдегі кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы көзделген. ОСК-ға мемлекеттік кірістер органының кандидаттың және оның жұбайының кірістері мен мүлкі туралы декларацияларды тапсырғаны туралы анықтамасы кез келген уақытта Президентікке кандидатты тіркеу мерзімі аяқталғанға, яғни 2019 жылғы 11 мамырға дейін ұсынылады. Кандидат анықтаманы ұсынбаған жағдайда тіркеуден өтпейді. Кандидат тіркелгеннен кейін ОСК кандидат пен оның жұбайы декларациялаған кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыстығы туралы сұрау салуды уәкілетті органға жібереді, оны кандидат тіркелген күннен бастап он бес күн ішінде мемлекеттік кірістер органдары тексереді.

"Бұл ретте мемлекеттік кірістер органдарының кандидаттың және оның жұбайының кірістері мен мүлкі туралы мәліметтерді ұсыну туралы талаптарын алған ұйымдар талапты алған күннен бастап 4 күн ішінде сұратылған ақпаратты  беруге міндетті. Декларацияны беру кезінде кандидат немесе оның жұбайы декларациялаған кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған жағдайда ОСК тіркеу туралы шешімнің күшін  жояды", – деді Бақыт Мелдешов.

Басқосу барысында ОСК 9 маусымға тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауында бақ сынайтын кандидаттардың мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшелерінің жаңа құрамын бекітті.

ОСК қаулысымен филология ғылымдарының докторы, (ф.ғ.д) профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков, ф.ғ.д., профессор, халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Әділ Ахметов, ф.ғ.д., профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, ф.ғ.д., профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сейіт Қасқабасов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, "Назарбаев Университеті" ДББҰ "Рухани жаңғыру" мәдени орталығының директоры Гүлтас Құрманбай, ф.ғ.д., профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек болашақ Президенттен емтихан қабылдайтын болды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу