"Болашақ" стипендиясы берілмейтін шенділер тізімі анықталды

5872

Қазақстанда министрлерге, вице-министрлерге, мемлекеттік хатшыға, әкімдерге "Болашаққа" қатысуға тыйым салынды.

"Болашақ" стипендиясы берілмейтін шенділер тізімі анықталды

Осы мақсатта "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына және "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы" 2008 жылғы 11 маусымдағы №573 қаулыға өзгерістер енгізіліп отыр.

Айта кету керек, министрлер орынбасарларының жаппай "Bolashaker" атануға және ай сайын бірнеше мың доллар стипендия алып отыруға әуес болып алғанын 15 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қатты сынаған болатын. Ол "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқу үшін өз лауазымдарын тастап кеткен білім беру және ғылым, ұлттық экономика министрлерінің орынбасарларын мысалға келтірді.

Президенттің дерегінше, мұндай жайттар төмен деңгейлерде де, өзге мекемелерде де орын алуда.

Бұл ретте аяқ астынан магистрант болып шыға келгендердің қызмет орны сақталады. Салдарынан жаңа вице-министрлер әлгілер қайтып оралғанша, бір жылға ғана уақытша тағайындалады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны "ақылға сыймас масқара" деп атап, президент әкімшілігіне саяси қызметкерлердің "Болашақ" бойынша оқуын шектеуге қатысты өзгерістер қабылдауды тапсырды. 

Осыған орай Үкіметтің жаңа қаулысының жобасы әзірленіп отыр.

Бұл ретте әкімшілік мемлекеттік қызметшілер санатына ғана қатысуға рұқсат етілмек. Рас, онда да шектеу бар: қызметке жаңа тұрғандарға стипендия тағайындалмайды. "Конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсыру сәтінде соңғы 12 айды қоса алғанда, мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл жалпы жұмыс өтілі бар мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер" магистр дәрежесін алуға үміткерлер бола алады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу