"Болашақтың" тағдыры "қыл үстінде" ме?

5143

Дауға басы шатылған бағдарлама дағдарысқа ұшырады. 

"Болашақтың" тағдыры "қыл үстінде" ме?

Жігерлі қазақстандықтар, соның ішінде шенеуніктер мен билікке құмартқандар "Болашақ" бағдарламасы арқылы шетелде оқуды жақсы көреді. Оларды болашақтықтарға жақсы жағдай жасалуы қызықтырса керек. Бағдарламаның бірыңғай әкімшісі – "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ мәліметіне сәйкес, мысалы, 2019 жылы Наньянг технологиялық университетінде және Сингапур технология мен дизайн университетінде оқитын әр студентке баспана жалдап тұруы үшін 740 АҚШ доллары көлемінде жәрдемақы, ұшақпен ұшуына 1100 доллар біржолғы төлем, сондай-ақ 1800 долларға дейін (шамамен 700 мың теңгедей) ай сайынғы стипендия төленген. Ең жоғарғы төлем Англияда оқитындарға берілетін көрінеді. Мысалы, "Болашақ" сайтында Ұлыбританияның Bristol University жоғарғы оқу орнында бакалавриат бойынша 10 000, ал магистратура бойынша 20 000 фунт стипендия төленетіні көрсетілген.

Бірақ биыл бағдарлама жағдайы өзгеше. Шетелде қалған болашақтықтар керісінше, Отанға оралуға жанталасуда. Өйткені әлемде, әсіресе, Батыс елдерінде пандемия ушығып тұр. Мемлекет олардың барлығын эвакуациялап үлгермеуде. Келгендері карантин орындарын жаппай толтырып, мемлекетке салмақ түсіріп жатыр.

Ақтөбе облысының тұрғыны Райса Мұқадесқызы баласы Азаматтың "Болашақ" стипендиаты арқылы Ұлыбританияда оқитынын айтады.

"Ол басқа болашақтықтармен бірге 2020 жылғы 29 наурызда Қазақстанға келді. Ұшақтан түсе сала әкетіліп, тест тапсырды. Оның бойында коронавирустың жоқтығы анықталды. Содан ұлым 12 күн бойы карантинде болды. Қолында ауруханадан шығарылғаны туралы анықтама бар. Содан бері бір айдан астам елордада жатыр. Осылай шетелден оралған жастар жетерлік. Олардың ақшасы таусылуда. Бөтен қалада оқшауланып отырудан шаршады", – дейді ол.

Райса Мұқадесқызы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге хат жазып, одан ақтөбелік "болашақтықтарды" ұйымдасқан түрде Нұр-Сұлтаннан әкетуді сұрады. Билік халық тілегіне құлақ қойыпты.

"Ақтөбе өңірінің төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының штабымен бірге жастарды Ақтөбе қаласына тасымалдау жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Алдағы күндері біздің облыстық жедел штаб бұл мәселе бойынша ақпарат береді. Қосымша мәселелер туындаса, түсіндіру қажет болса, жедел штабтың Қазақстанның өзге өңірлерінен студенттерді тасуға жауапты мүшесі, Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовке жүгінулеріңізді сұраймын", – деп жазды өз блогында Оңдасын Оразалин.

Бірақ мүлдем кері бағытта аттанғысы келіп отырғандар да жетерлік. Кейбір қазақстандықтар келесі іріктеу қашан басталатынын қоймай сұрауда.

"Биылғы жылы "Болашақ" стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу конкурсы қашан жарияланады? Іріктеу ережелеріне өзгеріс енгізіледі деп еді, ол қашан бекітіледі?" – деп сұрақ қойды Н.Медеубаева БҒМ басшысына.

Министр Асхат Аймағамбетов көңілсіз жаңалығын жеткізді. Оның түсіндіруінше, "Болашақ" стипендиясы бойынша конкурсты өткізуді және құжат қабылдау мерзімін жыл сайын жұмыс органы бекітетін. Кейін ол туралы хабарлама құжат қабылдаудан 10 күн бұрын республикалық газеттерде басылатын.  

"Дегенмен, 2020 жыл үшін құжат қабылдау – бекітілмеді. Сондай-ақ биылғы жыл үшін конкурс өткізу де бекітілмеді. Қазіргі уақытта "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу ережелеріне өзгерістер енгізілуде. Оның барысында "Болашақ" стипендиясына кандидаттарды іріктеу және қабылдау талаптары өзгеретін болады", – деді білім және ғылым министрі.

Жаңа ереженің қашан күшіне енетіні белгісіз. Асхат Аймағамбетов болашақтық болғысы келетіндерге тиісті сайтты ара-тұра қарап тұруға кеңес берді: ереже жобасы ресми мақұлданғасын ол туралы ақпарат Халықаралық бағдарламалар орталығының сайтына ілінеді.

Жақында "Болашақ" әкімшісінің былықтары коррупциямен күресуші органдардың назарына ілікті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Халықаралық бағдарламалар орталығы "Болашаққа" бөлінген ел қаржысын босқа, тиімсіз шығындап келген. Құзырлы орган ХБО қызметін "коррупциялық талдауды" аяқтады.

"Агенттіктің тұжырымдауынша, орталықтың шетелдегі өкілеттіктерін ұстап тұруы – орынсыз шығыстардың мысалы болып табылады. Мәселен, АҚШ-тағы өкілдері бір ай ішінде 7 іс-шара ғана өткізген, бұл – ақпаратты электронды поштамен тарату, әртүрлі қабылдауларға бару, кездесулер өткізу түрінде болып келеді. Демек, бір айдағы ақысы төленген 23 күннің жетеуі ғана іске жаратылған. Яғни, жұмыс уақытының 30 пайызы ғана жүзеге асырылды. Қалған 70 пайызында жұмыс істелмесе де босқа ақы төленген", – деді агенттіктің Превенция департаментінің Жемқорлық тәуекелдерін талдау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері Айнагүл Карипова.

Оның мәліметінше, тіпті өкілдігі бар елдерге орталық "көрмеге қатысуы үшін" бірнеше рет өз қызметкерлерін іс-сапарға жіберіп отырған. Ал олар құзырына аталған шараларды ұйымдастыру кірмегені әшкереленуде. Басқаша айтқанда, "қыдырып барған".

"Сонымен қатар, орталықтың осынша шығындарына қарамастан, болашақтықтар ол өкілдердің өз өміріне қатысуы, көмек беруі нашар жолға қойылғанын атап өтеді. Жалпы алғанда, талдау өкілдіктер қызметінің тиімділігі төмен екенін және есептерінің жүйесіздігін көрсетті", – деді Айнагүл Карипова.

Ол орталықтың басқа да заң бұзушылықтары анықталғанын айтты: агенттік байламынша, оқыту мен тағылымдамаларды қаржыландыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бой көтерген. Бұл негізінен бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді ықпалдастырудың болмауы салдарынан туындайды.

Мәселен, республикалық бюджеттен қаржыландырылған стипендиаттардың есебінде алшақтықтар орын алуда. "Е-Болашақ" және "1С Бухгалтерия" жүйелеріндегі деректер әртүрлі. Стипендиаттардың дербес деректерін (ЖСН, тегі, шарт нөмірлері және т.б.) енгізу кезінде техникалық қателер жіберіледі, нәтижесінде, бұл жүйеде бір тұлға бірнеше рет есепке алынған.

Коррупциялық тәуекелдер "жұмыс істеген күндерді есептеу рәсімдерінде де, сондай-ақ кепілге қойылған жылжымайтын мүліктен ауыртпалықты алып тастау рәсімдерінде де анықталды". Орталықта осы рәсімдердің жетілмеуі кесірінен жауапты тұлғалар өз қалауы бойынша кепіл баспананы бұғаттаудан босату бойынша шешім қабылдай алатын болған.

Сыртқы талдау барысында анықталған осы және өзге де сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша агенттік тиісті ұсынымдар жасады. Оларды түзету үшін жан-жақты жоспар әзірленді. Енді 6 ай өткеннен кейін агенттіктің ревизорлары қайта тексеру жүргізіп, олқылықтың қаншалықты орны толтырылғанын анықтайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу