Болат Бақауов Мәскеуден не іздеп жүр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3424

Ресей астанасында Павлодардың инвестициялық күндері өтіп жатыр. 

Болат Бақауов Мәскеуден не іздеп жүр

Ресей астанасында "Павлодардың Мәскеудегі инвестициялық күндері" атты бизнес-форум басталды. Аты айтып тұрғандай, шараның мақсаты – Павлодар облысына инвестор тарту.

Жалпы Ресей Федерациясы – шекараның шебінде орналасқан Павлодар облысы үшін қай салада болмасын маңызды серіктес. Өйткені, Павлодардың сыртқы сауда көлемінің 40%-дан астамы осы елге тиесілі. Мәселен, былтыр Павлодар мен Ресей өңірлері арасындағы өзара сауда айналыма 1,8 млрд долларды құраған. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 25 %-ға жоғары.

Деректерге сүйенсек, 2018 жылы павлодарлық тауар өндірушілер Ресей нарығына 1,1 млрд доллардың өнімін жеткізген. Оның ішінде 2017 жылмен салыстырғанда құбыр өнімдерін экспорттау 84 есе, ферроқорыпта 147 %-ға, полипропилен өнімдері 1,7 есе, мұнай коксы 1,9 есе, ет, құс және жартылай фабрикаттар 103%-ға өскен. Сондай-ақ макарон өнімдері мен гүл экспорттау көлемі де айтарлықтай өсім байқатқан. Ал Ресей Федерациясынан біздің өңірге 650 млн доллардың өнімі импортталған.

Болат Бақауов ресейлік бизнесмендерді Павлодар облысына инвестиция тартуға шақырды.

"Біздің өңір тоғыз жолдың торабында орналасқан. Дәлірек айтсақ, біздің өңір арқылы республикалық маңызы бар жолдар, теміржолдар өтеді. Әуе, өзен қатынасы жолға қойылған. Облыс географиялық тұрғыдан да тиімді орналасқан. Біздің өңір Қазақстан мен Ресейдің ірі қалаларымен шектесіп жатыр. Аймақта су мен пайдалы қазбалалар қоры да жеткілікті. Сондай-ақ қазақстандық ферроқорытпаның 65,2 %ы, бензиннің 46,3%-ы, глинозем мен өңделмеген алюминийдің 99,6%-ы біздің облыста өндіріледі. Елімізде өндірілетін көмірдің 60 %-ы Павлодар облысына тиесілі, – деді Болат Бақауов ресейлік инвесторлар алдында.

Бұл ретте, Павлодар облысының әкімі ресейліктермен бірлескен жобаларды қаржыландыруға дайын екенін жеткізді.

"Павлодар облысында кәсіпкерлерге әрдайы қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, мемлекеттің кепілдендірілген қолдау шаралары бар. Оның аясында инвесторларға ешқандай ақы-пұлсыз екі жылға офистер беріледі. Инвесторлар жалдайтын қызметкерлердің отбасы мүшелерін жұмыспен, оқу ұйымдарымен қамту мәселесі де жолға қойылған", – деді Болат Бақауов.

Бизнес-форумға қатысқан "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының басшысы Бауыржан Сартбаевтың айтуынша, бүгінде ресейлік инвесторлар жалпы құны 4,8 млрд долларды құрайтын бірнеше жобаны жүзеге асыруда.

"Компания әлеуетті елдердің тізімін жасады. Бұл тізімнің басында Ресей Федерациясы тұр. Өйткені, бұл елмен байланыс орнату – маңызды бағыттың бірі. Ресейлік инвесторларды көбінесе Қазақстандағы саяси тұрақтылық, кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңнамалық база, салықтық жеңілдіктер және инфрақұрылымның дамуы қызықтырады", – деп атап өтті Бауыржан Сартбаев.

Сондай-ақ, Болат Бақауовтың Ресейден сенімді серіктес, жаңа технология мен білім іздеп жүргені белгілі болды.

"Павлодар облысы ресейлік инвесторларды арзан электр энергиясымен, түрлі өндірістік кластер құру мүмкіндігімен қызықтырып отыр. Сондай-ақ біздің өңірдің транзиттік әлеуеті жоғары. Қазіргі таңда Павлодар облысында түрлі өндірістік жобалар қолға алынуда. Оның үстіне "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында инвесторларға өте тиімді жеңілдіктер қарастырылған. Осының бәрі шетелдік инвесторларды қызықтырады деген ойдамыз", – дейді Болат Бақауов.

Форум қорытындысы бойынша бірнеше екіжақты келісімге қол қою жоспарланған. Сондай-ақ Болат Бақауов бірқатар ресейлік бизнесмен келіссөз жүргізбек ниетте.

Еске сала кетейік, Павлодар облысы Ресейдің Омбы, Новосібір облыстарымен және Алтай өлкесімен шектеседі. Бұдан бөлек, Ресей Ферерациясының құрамындағы Татарстан Республикасымен, Қорған және Түмен облыстарымен де екіжақты байланыс орнатылған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу