Болбыр болжам

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
2933

Ұлттық банк теңгенің тәуекелі мен инфляция туралы негізсіз ақпаратқа сенбеуге шақырды.  

Болбыр болжам

Қазақстан қор биржасының 18 маусымдағы таңертеңгі сессиясы теңге-доллар жұбының саудасы 338,56 теңге деңгейінде болғанын көрсетті. Нәтижесінде ұлттық валюта 2,51 теңгеге арзандады.

Демалыс күндері ақша айырбастау пункттерінде бір АҚШ доллары 337-338 теңгеге сатылды. Сол-ақ екен әлеуметтік желілер арқылы ұлттық валютаның алдағы уақытта да әлсірейтіні мен инфляция деңгейі артатыны туралы жазба тарады. Осының ізінше азын-аулақ жиған-тергені бар қарапайым адамдар төл теңгемізді "көк қағазға" айырбастай бастады.  

Ұлттық банк болса, халықты сабырға шақырып, бәзбіреулердің болбыр болжамы жалған әрі негізсіз екенін алға тартты. Сондай-ақ қаржы реттеушісі құқық қорғау органдарына хабарласып, елді дүрліктірген тентектерді тезге салуды сұрады.  

Ұлттық банк доллар бағамының қайта нығаюын маусымдық фактормен байланыстырады екен. Бұл туралы қаржы реттеушісінің баспасөз қызметі журналистерге: "Теңгенің айырбас бағамының сәл құбылуы жазғы демалыс кезінде шетел валютасына сұраныстың жоғарылауына тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Мұның сыртында АҚШ федералды резервті жүйесінің мөлшерлемені арттыруы назарға алынуы тиіс. Бүгінгі таңда әлемдік нарықта АҚШ долларының нығаюы және дамушы нарықтан капиталдың жылыстауы байқалуда", – деп мәлімдеді.

Ресми хабарламада теңгеге айтарлықтай қауіп, алаңдайтындай тәуекел төніп тұрмағаны нақтыланған.

"Жылдық инфляцияның төмендеуі жалғасып келеді. Бұл көрсеткіш өткен айда 6,2%-ды құрады", – деп жазылған Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан түсініктемеде.

Белгілі болғандай, теңгенің айырбас бағамына әлемдік мұнай бағасы оң ықпал етеді.  

"Мұнайдың әлемдік бағасы орташа алғанда барреліне 70 АҚШ доллары шамасында қалыптасып отыр. Осыған орай елдің төлем балансы жақсарып келеді. Теңге бағамына қатысты тәуекелдер мен инфляция деңгейінің өсіміне қатысты түрлі ақпаратқа сенбеуге шақырамыз", – деп түйінделген Ұлттық банктің хабарламасы.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан төрт күн бұрын Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев биылғы жылдың алғашқы 5 айында валюта нарығындағы жағдай тұрақты болғанын баяндап, көрсетілген уақытта инфляция деңгейі 2,4%-ды құрағанын жеткізді.

"Инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда мамыр айында 6,2%-ға дейін төмендеді. Осылайша инфляция деңгейі 2018 жылға арналған 5-7%-дық нысаналы дәлізге сәйкес келді. Инфляция үдерісінің  баяулауын және  оның ортамерзімді перспективада сақталуын бағалау базалық мөлшерлемені төмендетудің негізгі талаптарының бірі болды. Жыл басынан бері ол төрт рет 10,25%-дан 9%-ға дейін төмендетілді", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Данияр Ақышевтың айтуынша, Ұлттық банк теңгенің еркін айырбас бағамын сақтайды. Сәйкесінше валюта нарығына қатысушылар теңгенің бағамын түбегейлі факторлардың ықпал етуімен шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптастырады.

"Соңғы уақытта сыртқы монетарлық талаптардың қатаңдатылуы, геосаяси тәуекелдердің күшеюі және дамыған нарықтардан капиталдың жылыстауы  жағдайында теңге бағамы құбылды. Бұл ретте Ұлттық банк бейтарап болды. Себебі біздің валюта нарығына қатысуымыз валюта бағамын күрт тұрақсыздандыратын өзгерістерді болдырмауға бағытталған. Біз сыртқы нарықтардағы ахуалға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырамыз және дағдарыстық құбылыс орын алған жағдайда, оның салдарын азайту үшін ақша-кредит саясатының тиісті шараларын қабылдауға дайынбыз", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу