Болгариялық Лудогорец клубы сенсация жасады

1976

Олай дейтін себебіміз, бұған дейін Болгариялық ешбір команда мұндай нәтижеге қол жеткізіп көрген емес. Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінен кейін Еуропа лигасына жолдама алған тұңғыш команда саналып отыр.

Болгариялық Лудогорец клубы сенсация жасады Фото: sports.kz

Олар сырт алаңда франциялық ПСЖ командасымен 2-2 есебімен тең тарқасты. Бұл ойында, тіпті, Лудогорец матчтың соңына дейін жеңіп тұрған болатын. Алайда, қосымша уақытта аргентиналық сұрмерген Ди Мария есепті теңестіріп кетті. Дегенмен, Болгариялық клуб үшін бұл керемет нәтиже болды. 3 ойынын тең ойнап, Еуропа Лигасына жақсы көңіл-күйде аттанды.

Осы топтағы тағы бір ойын Швейцарияда өтті. Жергілікті Базель азулы Лондонның Арсеналын қабылдаған болатын, өкінішке қарай Базель өз жанкүйерлері алдында ірі есеппен 4-1 есебімен ұтылып, ұятқа қалды. Сөйтіп, Еуропа Лигасынан тыс қалып, соңғы орынмен жарыстан шығуға мәжбүр болды. Ал осы А тобынан Арсенал мен Пари Сен-Жермен плей-оффқа шықты.

Арсеналда – 14, ПСЖ-да – 12, Лудогорецте – 3, Базельде – 2 ұпай.

В тобына келсек, Киевтің Динамосы соңғы ойынын түріктің Бешикташ командасына қарсы өткізіп, 6-0 есебімен ойсырата ұтты. Алайда, жарыстан шығып қалды. Өйткені, алдыңғы матчтарды сәтсіз өткізгені бәрімізге мәлім. Сондықтан болар, украиналық фанаттар шу шығарып, арбитр матчты тоқтата жаздады.

Осы ірі жеңіс Наполи мен Бенфикаға жақсы көмектесті. Әсіресе, португалиялық Бенфиканың жолы болды. Өйткені, италиялық Наполи өз алаңында Бенфиканы 2-1 есебімен ұтып кетті. Ал егер Киевтің Динамосы Бешикташтан ұтылып қалғанда португалиялық клуб Еуропа лигасына кетер еді.

Наполи – 11, Бенфика – 8, Бешикташ – 7, Динамо К – 5 ұпай жинады.

С тобының лидері Барселона бұл жолы өз алаңында Боруссияны 4-0 есебімен тас-талқан етті. Бұл ойында Неймар, Ракитич, Суарес, Пике, Бускетс, тер Штегендер болған жоқ, бірақ, Месси мен Арда Туран екеуі-ақ немістерге маза бермеді. Алдымен Месси 16-минутта есеп ашса, түрік футболшысы Туран хет-трикпен көзге түсті. Айта кету керек, бұл жігітке ағылшынның Ливерпулі көз тігіп жүр.

Бұл – Мессидің чемпиондар Лигасында соққан 10-шы добы. Алайда, ол Роналдудан оза алмады. Криштиану бір ғана топтық кезеңде 11 гол соққан болатын. Дегенмен, Барселона командасы пас беру көрсеткішінде рекорд жасап отыр. Олар бұл ойында 993 рет пас жасаған екен. Ал Боруссия Еуропа лигасына түсіп қалды.

Осы топтағы екінші жолдаманы Манчестер Сити алып кетті. Олар осы топтағы аутсайдер саналған шотландиялық Селтикпен 1-1 есебімен тең ойнап, Барселона екеуі плей-оффқа өтті. Селтик 3 ұпай ғана жинап, додадан шығып қалды.

Барселона – 15, Манчестер Сити – 9, Боруссия М – 5, Селтик – 3 ұпай еншіледі.

Құрбан Бердыевтың командасы Ростов жарады. Мықты топқа түскеніне қарамастан, үшінші орынмен аяқтап, Еуропа лигасына жолдаманы ұтып алды. Соңғы тур голландиялық ПСВ Эйндховен екеуі үшін шешуші матч саналды. Егер ПСВ Ростовты жеңгенде, сөз жоқ жолдама солардың қалтасына түсер еді. Алайда, Құрбан Бердыевтың жігіттері берілген тапсырманы 5 деген бағаға орындады десе болады. Бірінші таймда голландиялық клуб допты 7 рет қақпаға тура тепкен екен. Бірақ, голкипер Джанаев жарады. Сөйтіп, бұл ойыннан жанкүйерлер гол көре алмай қайтты.

Ал Бавария Атлетиконы 1-0 есебімен жеңді. Жалғыз голдың авторы Левандовский. 27-минутта айып добын керемет орындап, өз командасына жеңіс сыйлады. Осы ойыннан кейін қақпашы Нойер Оливер Канның рекордын жаңартты. Нойер осымен 33-ойында өз қақпасын голдан аман сақтады.

Атлетико М – 15, Бавария – 12, Ростов – 5, ПСВ Эйндховен – 2 ұпай жинады.

Бүгін түнде қалған топтардағы шешуші тур ойындары өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу