"Бөлінгенді бөрі жейді": Ұйымдарды ру атымен атауға тыйым салу ұсынылды

258

Елдегі 800-ге жуық ұйым қазақ руларының атымен аталады.

"Бөлінгенді бөрі жейді": Ұйымдарды ру атымен атауға тыйым салу ұсынылды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Құрылтай депутаты Аят Сүгірбай елдегі қоғамдық ұйымдардың атауларын реттеуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Қазір түрлі шаруа қожалықтарын, серіктестіктер мен фирмаларды, кәсіпорындарды қазақ руларының атымен атау жиілеп кеткен сияқты. Мысалы, "Заңды тұлғалар" мемлекеттік мәліметтер базасының ақпаратына сәйкес, Қазақстанда қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым бар. Олар негізінен 1996-2005 жылдар аралығында тіркелген. Қоғамда мұндай жағдайдың орын алуы қисынсыздау екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Қазақ үшін ру тарихи тамырын танудың, жеті атасын білудің, ата-баба шежіресін құрметтеудің жолы", – делінген депутаттық сауалда. 

Аят Сүгірбайдың сөзінше, ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес. Депутат жекелеген кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдарға ру атауларын берудің кеңінен таралуы қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына әкеп соқтыруы мүмкін деп айтады. 

"Бұл – жай ғана атау мәселесі емес, керісінше, болашақ ұрпақтың дүниетанымына тікелей қатысты мәселе. Өйткені, ру атауын жалаулатқан шаруашылықтың түбі руға бөлінейік дегені емес пе?  Әділетті Қазақстанды құрып жатқан кезеңде жершілдікке, жүзге бөлінушілікке орын болмауы тиіс. Рушылдық тамыр жайған жерде әділ бәсекелестік әлсірейді, меритократия қағидаттары бұзылады, ортақ мүдденің орнына тар топтық мүдде алға шығады. Мұндайға жол беруге болмайды, тіпті бұл мысалдарды жөнсіз әрі қисынсыз бастама деп қарауымыз қажет", – деп түсіндірді ол.

Құрылтай депутаты қолданыстағы заңнамада ру атауларын пайдалануға тыйым салуға қатысты норма жоқ екенін жеткізді. Бұл ретте Азаматтық кодексте заң талаптарына немесе қоғамдық моральға қайшы келетін атауларды пайдалануға шектеу қойылған. 

"Меніңше, заңды тұлғаларды, кәсіпорындарды нақты бір рудың атымен атаудың астарында рушылдықтың белгілері бар. Оның үстіне, сондай кәсіпорындардың қызметіне, өніміне қатысты сын-пікір айтылса, наразылық болса, бірден сол рудың да өкілдеріне сөз тиеді. Мұндай ахуал руаралық араздықты қоздыруы мүмкін. Қазақта "бөлінгенді бөрі жейді" деген нақыл сөз бар.  Халқымыз ел бірлігін, татулықты ерекше қадірлеген", – деді Аят Сүгірбай.

Осыған байланысты ру немесе жүз атауымен аталатын заңды тұлғаларды тіркеуге, қоғамдық бірлестіктер құруға нақты шектеу қоятын норма енгізу ұсынылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу