Басында пана болмағандықтан далада түнейтіндердің саны 2024 жылы 327 000 адамнан асты.
Agência Brasil ақпарат агенттігінің хабарлауынша, баспанасынан айрылып, көшеде өмір сүруге мәжбүр тұрғындардың саны Бразилия бойынша 1 жыл ішінде шамамен 25 пайызға өсіп шыға келген.
"Салыстырсақ, ресми дерек бойынша 2023 жылдың желтоқсанында 261 653 адам осындай ауыр жағдайда болған. Ал, 2024 жылдың соңында олардың саны 327 925 адамға дейін өсті. Бұл мәліметтер Бразилияның Мемлекеттік саясат жөніндегі обсерваториясының панасыз халыққа қатысты жүргізген соңғы зерттеуінен алынып отыр", – деп хабарлады Agência Brasil.
Саяси шолушы Элейн Патрисия Круз (Elaine Patrícia Cruz) төбе шашты тік тұрғызатын жайтты келтірді. "Белгілі орны, мекенжайы жоқ" жандардың саны соңғы 11 жыл ішінде 14 есеге (!) ұлғайған. 2013 жылы Бразилияның көшелерін, қалтарыс-бұлтарысын мекен еткен адамдар саны 22 922 болыпты.
Зерттеушілер өз кезегінде Әлеуметтік бағдарламалардың бірыңғай тізілім-реестрінің (CadÚnico) мәліметтеріне сүйенеді. Бұл жүйеде мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар аясында көмек алатын, мысалы, тегін "ыстық тамақ" алатын адамдардың тізімі қарастырылған.
Сондай-ақ оларға Bolsa Família атты кең ауқымды тікелей әлеуметтік көмек бағдарламасы аясында түрлі көмек, тұрақты ақшалай жәрдемақы (BPC) беріледі.
"Бұл реестр халықтың әлеуметтік осал топтарын анықтауға, оларды саралап ажыратуға, бұл азаматтарға жәрдемдесу үшін федералдық үкіметтің жергілікті муниципалитеттерге аударатын трансферт қаражаттарын бағалауға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Элейн Круз.
Жергілікті ақпарат агенттіктері зерттеу қорытындысына сілтеме жасай отырып, "бомж" болғандардың басым көпшілігі – 63 пайызы "Оңтүстік-Шығыс өңірдің" үлесіне тигенін хабарлады. Бразилияның бұл әкімшілік-статистикалық макроөңіріне 4 штат – Минас-Жерайс, Рио-де-Жанейро, Сан-Паулу, Эспириту-Санту штаттары кіреді.
Елдегі ең ірі екі мегаполис – Сан-Паулу мен Рио-де-Жанейро, сондай-ақ Белу-Оризонти, Гуарульюс, Кампинас, Сан-Гонсалу, Дуки-ди-Кашиас, Уберландия, Серра және басқа да ірі шаһарлар осы төрт штатта орналасқан.
Атап айтқанда, Оңтүстік-Шығыс өңірде 204 714 панасыз адам тіршілік етеді. Одан кейін Солтүстік-Шығыс өңір тұр. Онда 47 419 "бомж" адам (жалпы санның 14%-ы) тұрады. Бұл макроөңірге Алагоас, Баия, Мараньян, Параиба, Пернамбуку, Пиауи, Риу-Гранди-ду-Норти, Сеара, Сержипи секілді 9 штат жатады.
Ақпарат құралдарының жазуынша, 3 миллиондай тұрғыны бар ел астанасы Бразилия панасыз адамдардан біршама таза.
Белгілі орны және мекенжайы жоқтардың үлкен бөлігі – 43 пайызы елдің ең ірі мегаполисі Сан-Паулу орналасқан осы аттас штатта өмір сүруде. Элейн Патрисия Круз бұл өлкеде көшеде қонатындардың саны қарқынды артып келе жатқанын қаперге салды.
"Сан-Паулуда панасыздардың қатары 2023 жылғы желтоқсандағы 106 857 адамнан 2024 жылғы желтоқсанда 139 799 адамға дейін көбейді. Олардың 2013 жылғы желтоқсанмен салыстырғандағы өсімі естен тандырарлықтай: 12 есе! 2013 жылы штаттағы панасыздар саны небәрі 10 890 болған еді. Штаттар арасында бұл үрейлі көрсеткіш жөнінен Сан-Паулудан кейін Рио-де-Жанейро (30 801 адам) және Минас-Жерайс (30 244 адам) орналасқан", – деп жазды бразилиялық саяси шолушы.
Бразилияның Мемлекеттік саясат жөніндегі обсерваториясының үйлестірушісі Андре Луис Фрейтас Диастың (André Luiz Freitas Dias) айтуынша, панасы жоқ бразилиялықтар санының өсуіне бір жағынан CadÚnico Әлеуметтік бағдарламалардың бірыңғай тізіліміне тіркелуді жеңілдету ықпал еткен. Соның нәтижесінде бұрын "бомж" жағдайында болған, бірақ ол туралы жауапты мекемелер білмеген адамдар есепке алынды. Олар енді әлеуметтік көмек ала бастайды.
"Сондай-ақ бұл проблеманың ушығуына азаматтарды тұрғын үймен, жұмыспен, білім берумен толыққанды қамти алмаған, халықтың осы қажеттіліктерін қанағаттандыра алмаған Үкімет те кінәлі. Оның осы бағыттардағы мемлекеттік саясаты кешенді емес, заман талабына сайма-сай болмай тұр. Сауалнама көрсеткендей, Бразилиядағы панасыздардың әрбір 10-ының 7-еуі тіпті бастауыш мектепті бітірмеген, 11%-ы сауат ашпаған, жазып, оқи білмейді", – деді Диас.
Зерттеушінің байламынша, бұл тұрғындардың қалада лайықты жұмыс табу, тиісінше, баспана алу мүмкіндігін қатты шектейді.
"Сан-Паулу штатының үйсіздер қозғалысының" (del Movimiento de los Sin Techo del Estado de São Paulo) өкілі Робсон Сезар Коррейя де Мендонса бір кереғарлыққа назар аудартты. Бір жағынан, Бразилияда жыл сайын "бомждар" саны көбейіп барады.
Екінші жағынан, IBGE статистика агенттігі жүргізген санақ қорытындысында, бір ғана Сан-Паулу мегаполисінде шамамен 590 000 жеке баспананың бос жатқаны, оларда адам тұрмайтыны анықталған.
Сарапшының байламынша, "вакантты" тұрғын үй саны қазіргі кезде қалада ашық аспан астында ұйықтауға мәжбүр тұрғындардың жалпы санынан 92 556-ға асып түседі. Ендеше бос бір баспанаға бірнеше емес, бір-бірден жайғастырса да жететін еді. Басқаша айтқанда, елде баспана жоқ емес, бар, бірақ олар тұрғындарға қолжетімсіз.
Мендонсаның пікірінше, "бүкіл Бразилия бойынша панасыздардың және босаған үйлер санының бір мезгілде, қатар өсуі осы проблеманы шешуге деген саяси ерік-жігердің жоқтығын паш етеді".
Жалпы, қазіргі уақытта Бразилия халқының саны 212,6 миллион адамнан асты.
Бұған қоса, Қолданбалы экономикалық зерттеулер институты (IPEA) жүргізген зерттеу панасыздар армиясы сапының артуының негізгі себебі – "отбасылық шиеленістер және жұмыссыздық" екенін көрсетті. Яғни, ұрыс-керіс, кикілжің кесірінен отбасының бір мүшесі – ері, не әйелі, атасы не әжесі, тіпті баласы үйден далаға қуылады.
IPEA адамдарды көшеде өмір сүруіне итермелейтін факторлар, жеке себептер қатарында "отбасыдағы және серіктесімен арадағы жанжалды" (47,3%), жұмыссыздықты (40,5%), маскүнемдікті, нашақорлықты (30,4%), түрлі себеппен баспанасын жоғалтуын (26,1%), зорлық-зомбылықтан қашуды (4,8%) атады.
Сондай-ақ кейбір панасыздар (4,2%) әупірімдеп тапқан жұмысына жақын болу үшін амалсыз соған таяу жерде, сыртта түнеуге тура келетінін жеткізген.
Тағы 2,9%-ы осындай өмір салтын таңдаған қаңғыбастар болып шыққан. Басқа проблемаларды алға тартқандар да табылыпты. Мұнда респонденттерден бірнеше себепті қатар көрсетуіне рұқсат етілген. Сондықтан ақырғы нәтиже 100 пайыздан асады.
"IPEA-ның бұл зерттеуінің қорытындысына жүгінсек, халықтың "көше тұрғынына" айналуының 3 басты өлшемін байқауға болады. Біріншісі – экономикалық оқшаулану. Ол азық-түліктің жетіспеушілігін, жұмыссыздықты, тұрғын үйдің қолжетімсіздігін қамтиды. Екінші өлшемге отбасылық, әлеуметтік және қоғамдық байланыстардың үзілуі ықпал етеді. Олар бұзылмағанда, адамдар далада қалмайтын еді, туыс-туғаны, көрші-қолаңы, дос-жараны не ауқатты жерлестері қанатының астына алатын еді. Үшінші өлшем денсаулыққа қатысты қиындықтармен, негізінен, психикалық проблемалармен байланысты", – дейді бразилиялық журналист Рафаэль Кардосо.
Оның айтуынша, біраз адам бұл түйткілдерге бір мезгілде тап болды. Мысалы, панасыз қалуына денсаулығының ақауы себеп болғанын көрсеткендердің жартысы сонымен бірге бұл проблема отбасындағы дау-жанжалдарға түрткі болғанын жеткізген.
Отбасы мүшелерінен теперіш көріп, таяқ жеп, сыртқа қуылғандардың 42 пайызы сондай-ақ экономикалық проблемаларға душар болғанын қоса айтқан.
Зерттеушілер "бомждардың" нәсілдік сипатын анықтады. Көшені паналағандардың басым көпшілігі немесе 68%-ы қара нәсілді болып шығыпты. Ақ нәсілділердің үлесі 31,1 пайыз.
Шамамен 70 пайызы өзі дүниеге келген штатта қалған. 24 пайызының тіпті Туу туралы куәлігі жоқ. Тағы 24 пайызы "Еңбек кітапшасынан" жұрдай көрінеді. Бразилияда мұндай құжаты жоқ адамға ресми түрде жұмыс істеуге рұқсат етілмейді.