Боранбаев Вагнердің қашан келетінін жариялады

1710

"Қайрат" футбол клубының қадағалау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев бразилиялық Вагнер Лавтың команда сапына ауысатыны туралы мәліметті растады.  

Боранбаев Вагнердің қашан келетінін жариялады

Сейсенбі күні әлеуметтік желіде Вагнер Лав "Қайратқа" ауысатыны жайлы жариялаған болатын. Сонымен қатар бұл ақпаратты оның агенті де растады. Алайда, алматылық клуб бұл жайлы ешқандай ақпарат таратпады. Бір күннен соң "Қайраттың" қадағалау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев журналист Айдын Қожахметке сұхбат беріп, 2005 жылы мәскеулік ЦСКА сапында УЕФА кубогінің иегері атанған футболшының командаға келетіні жайлы айтты.

Боранбаевтың айтуынша клуб Вагнер Лавтың әзірге тек бір себеп бойынша ғана команда сапына ауысатыны жайлы ресми түрде жарияламады. Себебі "Қайрат" бразилиялық футболшының медициналық тексерістен өткенін күтіп отыр. Сондай-ақ клуб басшылығы бұл мәселе бірнеше күн ішінде шешімін тауып, келесі апта басында ресми ақпарат берілетіндігін айтты.

"Оған әлі медициналық тексерістен өту керек. Нәтижесі шыққан соң біз ресми түрде ақпарат береміз. Бұл екі күндік жұмыс. Егер бәрі жақсы болып жатса, онда Вагнер жексенбі күні Түркия арқылы Алматыға ұшып келеді", - деді Боранбаев сұхбат барысында.

Естеріңізге сала кетсек, Вагнердің спорттық мансабындағы жұлдызды шағы 2004-2013 жылдар аралығында өтті. УЕФА кубогінен бөлек, үш рет Ресей чемпионы атанды. Алты рет Ресей кубогі және төрт рет осы елдің суперкубогін жеңген. ЦСКА сапында 158 матч өткізіп, 124 гол соққан. Сондай-ақ бразилиялық футболшы Франция, Бразилия, Түркия, елдерінің  футбол клубтарында ойнаған. Енді ол тағы да ЦСКА сапына қайта оралғысы келгенімен, Вагнерге клуб тарапынан ешқандай ұсыныс болмады.

Биыл маусым айының басында Вагнер Лав бразилиялық  "Коринтианс" командасымен келісім-шартты тоқтатқан. Қазіргі таңда Вагнерден жас футболшылар көбірек бағаланады. Дегенмен бразилиялық футболшының техникасы мен ойын өрнегі ешқайда кеткен жоқ. Дәл осы қасиеттеріне "Қайраттың" басшылығы үміт артып отыр.

"Біз осы маусымдағы матчтарды сараптай келе қарсыластарымыздың футболды жабық форматта, яғни тек қорғаныс арқылы ойнайтынын түсіндік. Бізге мұндай форматта ойнау өте қиын. Сондықтан командаға  әр-түрлі ойын өрнегі арқылы қарсыластың қорғанысын бұзып кіріп, шабуылдайтын ойыншыны аламыз деп шештік", - деді Боранбаев.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу