Борис Иванищев: "Даррен Диц үшін де, клуб үшін де алға жылжитын уақыт келді"

1503

28 желтоқсан күні "Барыс" командасының бас бапкері және клуб басшылығымен БАҚ өкілдерінің ресми кездесуі өтті. Журналистердің сұрақтарына клуб президенті Борис Иванищев пен "Барыстың" бас бапкері Юрий Михайлис жауап берді.

Борис Иванищев: "Даррен Диц үшін де, клуб үшін де алға жылжитын уақыт келді"

- Борис мырза, Даррен Дицтің ЦСКА-ға ауысуына кім бастамашы болды?

– Даррен "Барысқа", жалпы Қазақстанға көп нәрсе берді. Ол керемет тұлға. Бірақ ойыншының өзі үшін де, клуб үшін де алға жылжитын уақыт келді. Соңғы уақытта елдің назары оған көп ауды. Енді біздің команданың басқа ойыншылары үшін көшбасшылық жауапкершілікті өз мойнына алатын кез келді.

- Әйелдер хоккейінің одан әрі дамуы туралы не айтасыз?

– Әйелдер хоккейі дамып келеді. "Томирис" командасы бірнеше жыл қатарынан Қазақстан чемпионатында екінші орын алып келеді. Келесі жылы әйелдер хоккей лигасына қатысуға өтінім беруді жоспарлап отырмыз. Жаңа жылдан кейін жауап келуі керек. Біздің команда әлі жас және қазіргі таңда алматылық командамен сынға түсіп жатыр. Прогресс болу үшін ең мықтылармен ойнау керек.

- Жастар құрамасының Жастар Хоккей Лигасына қайта оралуы мүмкін бе?

- Барлығы коронавирусқа байланысты болады. Бұл қазіргі уақытта шекарадан өту кезінде белгілі бір қиындықтар туғызуда. Шешім пандемиядан кейін қабылданады.

- Команданың қазіргі жағдайын бағалай кетсеңіз?

– Әрине, маусым өте қарқынды өтеді. Жазда келген команданың жаңа ойыншылары жаңа лигаға бейімделу үшін біраз уақыт кетті. Турнирлік кестеде кездесулер тығыз орналасқан. Сондықтан әрбір матч маңызды. Осылайша, команда әрбір кездесуге толықтай бейімделеді.

- Клуб ресми түрде Мэттью Фреттиннің отбасылық себептермен кеткенін хабарлады. Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдары оны бұдан былай "Барыс" құрамында көрмейміз деп жазды. Бұған не дейсіз?

– Расымен де, отбасылық себептермен кеткен. "Барыста" қала ма, әлде жоқ па,  ол жаңа жылдан кейін белгілі болады.

- Трансферлік кезең кезінде "Барыс" біраз хоккейшілермен келісім жасайды деп күтілген еді. Неліктен трансфер туралы хабар болмады?

- Кейбір ойыншылармен келіссөздер жүргіздік. Біз ҰХЛ-да тәжірибесі бар қорғаушыларды алғымыз келді. Бірақ кеше ғана келіссөздер сәтсіз аяқталды. Бізде екі нұсқа болды - тәжірибелі солтүстік америкалық ойыншыларды алғымыз келді, бірақ клуб жібермеді. Менің ойымша, қазір команда құрамында жүрген жігіттермен де алға қойған мақсатқа жете аламыз.

- Сіздің ойыңызша жылдың үздік хоккейшісі кім?

- Никита Михайлис биылғы маусымда ҚХЛ-да ең жақсы нәтиже көрсетті. Ол команданың нағыз көшбасшысы. Жылдан-жылға көрсеткіші жақсарып келеді.

- Алдағы Олимпиадада Коди Куник пен Томаш Юрчо ұлттық құрамаға шақырту алуы мүмкін бе? Егер олар шақырылса, клуб оларды жібере ме?

– Олимпиада – әрбір спортшының арманы. Шақырса, әрине, жібереміз.

Юрий Михайлис Әділ Бекетаевтың болашағы жайлы

– Жақсы жаттығады, әр ойынға дайындалады. Оның ынтасының зор екенін көруге болады. Біз оның өзін көрсетуге мүмкіндігі болатынын, жақын арада ойнайтынын айттық. Әділдің дайындығына қараймыз.

- Қазір шешуші матчтардың уақыты келді. 6-7 қорғаушы қалды. Фарм клуб сапынан "Барысқа" хоккейшілер келе ме ?

– Ең алдымен бұл Әділ Бекетаев, әзірге одан басқа ешкімді қарастырмаймыз.

Иван Степаненконы ойынға қосуға қалай қарайсыз? Ол Әлем чемпионатында өзін жақсы көрсете алды ма?

- Маусымның басынан бері осыған қатысты пікір білдіргім келді. Бірақ неге екені белгісіз, мұндай сұрақ қойылмады. Мен Иванмен Әлем чемпионатынан кейін сөйлестім. Иван оқу-жаттығу жиынына шақырылды. Бірақ оның өзі "Барыста" қалғысы келмеді.

- Юрий Владимирович, әлеуметтік желілерде Самат Данияр мен Никита Бояркин неге әр матч сайын ойнай бермейді деген сұрақтар көп қойылады?

- Самат әр кездесуде сенімді ойнайды. Бірақ физиологияны алдай алмайсың. Ол физикалық тұрғыдан көбірек жұмыс істеуі керек. Ол керемет көрінеді, сенімді ойнайды, әрқашан қиын жағдайларда шығудың жолдарын табады. Самат Даниярдан жақсы қорғаушы шығады деп ойлаймын. Никита Бояркинге келер болсақ, бұл оның ҚХЛ-дағы бірінші маусымы екенін айта кетейін. Бірінші ойында ол қатты уайымдады. Егер "Трактормен" өткен ойынды алсаңыз, ол команданы жеңілістен құтқарды. Әр ойын сайын тәжірибе жинақтап, үнемі толықтырып отырады. Сондықтан алдағы уақытта оны негізгі қақпашы ретінде қарастыратын боламыз.

- Әлем чемпионатында қазақстандық жас жігіттер ойнауы мүмкін бе?

- Неге ойнамасқа? Әлем чемпионаты алдында оқу-жаттығу жиынына "Снежные Барсы" командасы мен "Номадтың" жас ойыншылары шақырылады. Соларды бақылаймыз. Егер олар дайын болса, ойынға қатысады. Тек алға жылжу керек. Соңғы Әлем чемпионатында Кирилл Савицкий жақсы ойнап, командасын жеңілістен аман алып қалды. ҚХЛ-дағы биылғы маусымда оның ойыны жақсарды. Ең бастысы, ол бірінші кезекте өзіне деген сенімділікті сезінді.

– Таяуда "Автомобилистпен" ойын қарсаңында "Номад" командасы "Құлагерді" жеңді. Матчта Максим Мусоров дубль жасады. Оның "Барыста" өзін көрсетуге әлі мүмкіндігі бола ма?

– Барлығы тек өзіне байланысты. Иә, ол "Номадта" жақсы ойнады. Бірақ ҚХЛ-ға "Барыс" сапында ойнауға келгенде мұнда жылдамдық жоғары. Кейде өзіне деген сенімділігі жетпей жатса, кейде физикалық дайындығы аздық етеді. Бірақ, ол негізгі командаға қосылуға ұмтылып, осы бағытта жұмыс жасауда.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу