Борышкерлер 136 млрд теңгеден астам өсімпұлды қайтармайтын болды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5197

2026 жылға дейін 40 мың ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылуы мүмкін.

Борышкерлер 136 млрд теңгеден астам өсімпұлды қайтармайтын болды

Ұлттық банк басқармасы жеке тұлғаларға 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін шетел валютасымен берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімін ұзарту туралы қаулы қабылдады.

Бұл іс биылғы жылдың наурызында басталды. Сол-ақ екен шетел валютасымен ипотекалық несие рәсімдеген жеке тұлғалар қарыздарын Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (1 АҚШ доллары 188,35 теңге) теңгемен қайтаруға кірісті.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, шетел валютасымен берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімінің ұзартылуына байланысты борышкерлер 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін валютамен алған ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға өтініш беріп үлгеруге тиіс.

"Бүгінге дейін банктер жалпы сомасы 40,1 млрд теңгені құрайтын 5 131 өтінімді қайта қаржыландыруға келісім берді. Осыған дейін 27,7 млрд теңгемен 3 845 қарыз қайта қаржыландырылды. Шетел валютасымен ипотекалық қарыз алған адамдарды барынша қамту үшін ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылдың 15 шілдесіне дейін ұзартылды", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Данияр Ақышевтың мәлімдеуінше, валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға Ұлттық банктен екінші деңгейлі банктерге 156 млрд теңге бөлінеді. Кейін бұл ақшаны екінші деңгейлі банктер Ұлттық банкке қайтарады.

"Мемлекеттік-жеке әріптестік аясында екінші деңгейлі банктер қарыз алушылардың 136 млрд теңгеден астам өсімпұлын кешіреді", – деді бас банкир.

Данияр Ақышевтың сөзінше, Ұлттық банк қайта қаржыландыру бағдарламасын 2015 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Бұған дейін Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер 2004-2009 жылдар аралығында берген қарыздарды қайта қаржыландыруға 130 млрд теңге бөлген.

"2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктер бағдарламаның бірінші бөлігі бойынша құны 158,3 млрд теңгені құрайтын 25 556 өтінімді мақұлдап, 137,7 млрд теңге тұратын 23 673 қарызды қайта қаржыландырды. Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескере отырып, қайта қаржыландырылған қарыздың саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болады деп болжануда", – деп қорытты ойын Ұлттық банк төрағасы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу