Премьер-министр Олжас Бектенов қазіргі жаһандық экономикалық және геосаяси ахуал барлық елдерге әсер етіп отырғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз жылдың соңына дейін 5%-дан жоғары деңгейде орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу үшін бар күшімізді жұмылдыруымыз қажет. Шикізаттық емес секторда тұрақты өсім байқалып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 8,5%-ға өсті. Аталған оң үрдісті жалғастыра отырып, қолдағы барлық резервтерді толық пайдалану керек. Бәсекелестік күннен күнге күшейіп келеді. Бос әңгімені доғаратын уақыт келді. Нақты іспен айналысу керек", – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтің айтуынша, ірі өнеркәсіп және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырып, барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу керек. Қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру қажет.
"Қазіргідей бәріне бірдей емес, мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана қолдау көрсетуге тиіс. Осыған байланысты мына мәселелерге назар аударамын. Маңызды міндет – инфляциялық қысымды төмендету. Наурыз айында инфляция 11%-ға дейін төмендеді", – деп атап өтті Премьер-министр.
Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын, сондай-ақ Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау тапсырылды.