Бос жатқан жерлер игеріледі

5829

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына 2019 жылдың қазан айында өзгертулер енгізіледі.

Бос жатқан жерлер игеріледі

Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына 2019 жылдың қазан айында өзгертулер енгізілетінін хабарлады.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына" 2019 жылдың қазан айында өзгертулер енгізіледі. Оның ішінде Агроөнеркәсіп кешенінің мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы мен айқындылығын қамтамасыз ету, Агроөнеркәсіп кешенінің өзара міндеттемелерінің жиынтығын айқындау, өңдеу зауыттарын жаңғыртуға немесе қайта құруға трансұлттық корпорацияларды тарту, жер ресурстарын ұтымды пайдалану шараларын қабылдау ескерілген",–  деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ қызметінің тиімділігін арттыру мәселесіне де тоқталды.

"Бизнес процестерін қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және тиімділігін арттыру мақсатында "ҚазАгро" холдингінің трансформациялық бағдарламасы дайындалды. 2020-2029 жылдарға арналған холдингтің жаңа стратегиясының жобасы әзірленіп, саланың негізгі басымдықтары ескерілді. Бизнес процестері мен құрылымды оңтайландыруды толық автоматтандыру жүзеге асырылады. Холдинг шетелдік мамандарды тартады", – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Ж.Қасымбектің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бас прокуратура пайдаланылмаған жерлерді анықтау және оларды айналымға тарту бойынша іс-шаралар жоспарын бекіткен.

"Биылғы жылы жер мониторингі, жерді пайдалану, қорғау, мемлекеттік бақылау және жер телімдерін бөлу үдерістерін автоматтандыру, сондай-ақ пайдаланылмаған жерлерді айналымға алу және қайтару жөніндегі шараларды қамтамасыз ету бойынша заңнаманы жетілдіру жоспарлануда",– деді Ж.Қасымбек.

Сонымен қатар Ж.Қасымбек ауыл шаруашылығы жерлерін сату және жалға беруге қойылған мораторий мәселесіне тоқталып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің алаңында заң жобасының тұжырымдамасы таныстырылғанын айтты.

"Аталған мәселені қоғамдастықпен талқылау тұрғысында өңірлерге сапарлау кестесі бекітілді. 2019 жылдың соңына қарай бұл мәселе Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұсынылатын болады",–  деді Үкімет басшысының орынбасары.

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек жаңа Экологиялық кодексті сөз етті.

Халықаралық стандарттарды ескере отырып, жаңа Экологиялық кодекстің жобасы әзірленді. Казіргі уақытта жоба жұртшылықпен және бизнес-қоғамдастықпен белсенді талқылаудың кезеңінен өтуде. Үздік халықаралық тәжірибе ескерілді. "Ластаушы төлейді" қағидаты бойынша жоғары ақшалай өтемақы өндіріп алуға негізделген қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін жауапкершілік күшейтілетін болады.

"Жаңа экокодексті Парламентке биылғы жылдың желтоқсан айында енгізу жоспарланып отыр", –деді Қасымбек.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу