Бостандықта жұмыс таба алмаса, темір торға қамалады

1924

Пробациядағы адамдарды бақылау елдегі тұрақтылықты, тыныштықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін маңызды. Бұл саланы өзгерістер күтіп тұр.  

Бостандықта жұмыс таба алмаса, темір торға қамалады Фото: el.kz

Белгілі құқықтанушы, пенитенциарлық педагогика және психология зерттеушісі Виктор Жамулдиновтың мәліметінше, қазақстандық заманауи пробациялық жүйесінің құрылғанына он жыл толды. 2012 жылғы 15 ақпанда Президент "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды. Сөйтіп, республикада қылмыстық­атқару инспекциясының пробация қызметі құрылды. Бастапқы заң бұл қызметтің өкілеттік аясын түрмеден шартты түрде босап шыққандармен жұмыспен ғана шектеді. 

2016 жылғы 30 желтоқсанда "Пробация туралы" жеке заң қабылданды. Ол пробацияның төрт түрін ажыратады. Біріншісі – сотқа дейінгі пробация, яғни күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеуге бағытталған, оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қызметі және шаралар жиынтығы. Бұл пробация түрі қылмыс жасаған балаларға, мүгедектерге; жүкті не 58 жастан асқан әйелдерге, балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған не 63 жастағы ерлерге, басқасына қолданылады.

Екіншісі – үкімдік пробация: ол бас бостандығын шектеуге, не шартты түрде сотталған адамдарға бақылау жасау, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі қызмет пен шаралар жиынтығы. Үшіншісі – пенитенциарлық пробация: түрме, колонияларда, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтеп жүрген адамдарды әлеуметтендіру шараларының жиынтығынан тұрады. Төртіншісі – пенитенциарлықтан кейінгі пробация: қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босаған адамдарға бақылау жасау, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету шараларының жиынтығынан құралады.

Бірақ бұл бақылау дұрыс жүргізілмесе, қылмыскерлердің еркіндікте бос сенделіп, іш пысқаннан жаңа қылмыс жасауына соқтыруы мүмкін. Мысалы, елорда тұрғыны Ә.-нің айтуынша, 31 жасар Айдар Ж. оның және сіңлісінің қыр-соңына түсіп алыпты. 

"Айдар сіңлімнің танысы. Ол түрлі баптар бойынша, соның ішінде қарақшылық жасағаны үшін әлденеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты. Бірақ біздің шағымымызға пробация органдары үн қататын емес. Енді оның есірткі тұтынатыны да анықталды. Бұл 2022 жылғы 2 қарашадағы медициналық куәландырудың қорытындысында көрсетілген. Біз оның есірткіні ұдайы тұтынатынын білеміз. Сіңлім онымен бір жылдан астам уақыт бұрын танысқан. Осы уақытта ол қарындасымды бірнеше рет ұрды, қорқытты, шантаж жасады. Тіпті оның аңғалдығын, нәзіктігін пайдаланып, есірткі берген", – дейді Ә.

Өткен жылдың соңында Айдар қыздардың Жеңіс даңғылындағы үйіне барып, домофоннан қоңыраулатады. Ә. сіңлісіне бұдан былай жоламауды талап етіп, полициямен қорқыту үшін сыртқа шығады. Жігіт сөйлесу үшін көліктің ішіне кіруді сұраған.

"Әңгімелесу барысында оның делқұлы сипатынан тағы да кайфте отырғанын түсіндім. Менің талабымды естіген ол долданып, көзі ақиып шыға келді. Содан мені қылғындырып, ұрып, тепкілей бастады. Білгенімше қорғанып бақтым. Соққының орындарын кейін медициналық куәландырып алдым. Ақырында мені машинадан сыртқа шығарып тастап, белгісіз бағытта зытып отырды. Менің шағымыма дереу үн қатқан полиция оны жедел ұстап алып, полиция учаскесіне жеткізді. Мен инспекторлардан оны есірткіге қатысты медициналық куәландырудан өткізуді өтіндім. Оның қорытындысы Айдардың есірткіге масайып алғанын растады. Сол күйде көлік айдаған. Қанынан марихуана, амфетамин табылды. Бүгінде өзімнің, сіңлімнің өміріне, денсаулығына қауіп төнгеніне алаңдаймын, қорғансызбыз. Қоғамға қауіпті адамдарды мемлекет неге бостандықта тайраңдатады?", – дейді ол.

Саладағы проблема мұнымен шектелмейді. Олардың жұмыссыздығына қатысты үлкен түйткіл бар. Мамандардың түсіндіруінше, пробациялық бақылаудағы сотталғандардың басым көпшілігі жоғарғы оқу орнын бітірмеген, орта білімі ғана бар. Тиісінше, олар монтаждаушы, дәнекерлеуші (сварщик), тас қалаушы, бетондаушы, сылақшы (штукатур-маляр), түрлі қара жұмыстарды орындаушы сияқты жұмыс орындарынан ғана үміттене алады. Бұл ретте пробациялық бақылаудағылардың көбі төмен жалақылы жұмысты менсінбейді. Ал пробация қызметінің инспекторы оларды әлдебір бос жұмыс орнына тұруға мәжбүрлей алмайды. Құқығы, құзыры жоқ.

Салдарынан, жұмысы, кәсібі болмағандықтан, күн сайын азғындалып, деградацияланып, ішімдікке салынуы, есірткі тұтынуы, қылмыстарға баруы мүмкін. Ол қылмысы ашылса, жөн.

Сондықтан құзырлы органдармен бірге жұмыс істеп жатқан Әділет министрлігі өзі әзірлеген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін бір мезгілде түзете отырып, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына салаға қатысты түзетулерді енгізіпті.

Егер тиісті заңнамалық түзетулер Үкімет тарапынан мақұлданып, Парламент қабылдаса, онда бостандығы шектелген пробациялық бақылаудағыларға жұмысқа орналасу талабы бекітіледі. Егер екі қолға бір күрек табуға тырыспаса, жазасы түрмеге қамауға ауыстырылады.

Қолданыстағы заңнама бойынша пробациялық бақылауда тұрғандарға шектеу қойылған, олар соны қалтқысыз орындауы шарт:

  • Сотталған және пробациялық бақылаудағы адам өзінің жүріс-тұрысын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті меморганға алдын ала хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмауға;
  • Сот үкімімен тыйым салынған белгілі бір орындарға бармауға;
  • Маскүнемдіктен, нашақорлықтан, токсикоманиядан, жыныстық жолдар арқылы берілетін аурулардан емделу курсынан өтуге;
  • есірткі және психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, басқа уыттандыратын заттарды медициналық мақсаттарда ғана қолдануға;
  • өз отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыру міндеттерін орындауға;
  • сотталған адамның түзелуіне және оның жаңа қылмыс жасауының алдын алуға ықпал ететін басқа міндеттерді орындауға тиіс.

Енді осыған заң жобасында "Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуді" қосу ұсынылды. Аталған орталық егер жұмыссыз адам ұсынылған бос жұмыс орындарының бәрінен бас тарта берсе, онда оны тіркеуден шығарып тастайтыны мәлім. Ондай жағдайда пробациялық бақылаудағы бостандығы шектелген адамның жазасы бас бостандығынан айыруға дейін ауырламақ.

"Пробациялық бақылау кезінде жұмысқа орналасуға ынталандыру үшін сотталушыны Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуге міндеттеу қажет. Қылмыс жолына түскенді адал еңбек те түзей алады. Пробация қызметінде тіркеуде қоғамнан аластаумен байланысты емес жазаларға сотталған 28 588 адам тұр. Оның ішінде көпшілігі, 19 489-ы немесе 68%-ы бостандығын шектеуге жазаланғандар. Қалғаны негізінен, шартты, мерзімінен бұрын шыққандар", – деп мәлім етті Әділет министрлігі.

Оның мәліметінше, 2022 жылдың 10 айында бас бостандығын шектеуге сотталғандар алкогольдік масаң күйде 162 жаңа қылмыс жасаған. 2021 жылы бұл көрсеткіш – 182 қылмысты құрады. Бұған қоса, былтыр пробациялық бақылауда тұрған, бірақ жұмыссыз 414 сотталған (2021 жылы 340) қайтара қылмысқа барыпты.

"Бұған пробациядағыларға алкогольді, есірткі мен психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салынбауы және тұрақты жұмыс орнының болмауы себеп болды. Сондықтан бостандығын шектеуге сотталғандардың бір міндеті ретінде жұмысқа тұруын бекіту ұсынылды. Егер сотталған жұмысқа орналаспаса, онда міндетін орындамаған болады, сондай-ақ жазасын өтеу тәртібін және шарттарын бұзу болады", – деп түсіндірді әділет ведомствосы.

Меморганның хабарлауынша, егер сотталған бір жыл ішінде қайтадан жұмысқа орналасудан бас тартса, онда бұл "өрескел бұзушылық" болып танылады.

Тиісінше, қолданыстағы Қылмыстық-атқару кодексінің 68-бабына сәйкес, егер сотталған жазасын өтеу тәртібі мен шарттарын бұзса, онда бірінші жолы оған "бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айырумен ауыстырылатыны" туралы жазбаша ескерту алады. Егер жазасын өтеу тәртібін өрескел (қаскөйлікпен) бұзса, пробация қызметі оның бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы материалдарды сотқа ұсынады.

Зерттеуші ғалым Виктор Жамулдиновтің айтуынша, барлық дамыған елдерде Пробация қызметі жұмысының маңызды құрауышы – тек мемлекеттік мекемелермен және жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастықпен шектелмей, сонымен бірге қоғамдық ұйымдармен, соның ішінде волонтерлармен ықпалдасып, бақылаудағы сотталғандарға жұмыс табуына және қоғамға кірігуіне көмектесу болады.

"Мысалы, Американың бірқатар штаттарында қоғамдық ұйымдар сотталғандардың ресоциализациялануына көмектесу саласында Пробация қызметі инспекторларының жүктемесінің 98%-ына дейін өз мойындарына алады. Бұл тұрғыда Жапонияның мысалы да көрнекті: оларда Пробация қызметінің штаттық қызметкерлерінің саны еріктілерден ондаған есе аз. 2010-жылдардағы дерек бойынша жапондық қызметте 876 қызметкер тұрақты, кәсіби негізде жұмыс істеген, ал оларға көмектесетін ерікті көмекшілердің саны шамамен 47 мыңдай болған", – деді сарапшы.

Қалай болғанда, пробациялық бақылауда тұрған адамдарға қатысты түйткілдердің түйіні тезірек тарқатылғаны жөн. Әйтпесе, ел ондаған мың қылмыскерге толып, қазақстандық қалалар мен ауылдардың көшелерінде жүру, тұру қауіпті болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу