Ботагөз Жақселекова елдегі коронавирустік ахуалға қатысты мәлімет берді

4802

Індеттің таралуының шарықтау шегі алдағы 1-2 аптада болады деп күтілуде.  

Ботагөз Жақселекова елдегі коронавирустік ахуалға қатысты мәлімет берді

 

Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова еліміздегі инфекция жұқтырғандармен байланыста болғандардың 99%-ы оқшауланғанын айтты.

"Бүгінгі күні стационарларда 712 адам ем-дом шараларын қабылдауда. Аламаты қаласындағы 1 науқас өте ауыр күйде жатыр. 18 науқастың жағдайы ауыр, 107 пациент орташа деңгейдегі ауыр жағдайда. Науқастардың 80%-ы, яғни 587 пациенттің емделуі симптомсыз немесе жеңіл өтуде. Осы уақытқа дейін инфекция жұқтырғандармен байланыста болған 21 мың адам анықталды. Олардың 99%-ы табылып, оқшауланды", –  деп елдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.

Оның айтуынша, карантин шаралары енгізілгеннен кейін еліміздің ең ірі екі қалада індеттің тарауы бәсеңдеген.

"Елде індеттің таралу екпіні 29 наурыз күні 24% болған. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 7%-ға дейін түсті. Бұл – қатаң карантин шараларын енгізудің нәтижелі екенін білдіреді. Шектеу шараларының енгізілуіне байланысты соңғы күндері Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында аурудың төмендеу динамикасы байқалды. Коронавирус инфекциясының таралуы Нұр-Сұлтан қаласында 4 сәуірден бері 8,4%-дан 0,9%-ға дейін төмендесе, Алматыда 15%-дан 2,5%-ға дейін азайды. Аптаның басынан бері осы қалаларда тек 6 жаңа жағдайдан тіркелді", – деп статистикалық мәлімет бере кетті ол.

Дегенмен Ботагөз Жақселекованың сөзінше, елімізде КВИ таралуының шарықтау шегі әлі алда.

"Індет таралуының ең үдемелі кезеңінен әлі өткен жоқпыз. Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин шараларын күшейту арқылы коронавирус инфекциясы айтарлықтай азайды. Жалпы елде індет таралуының шарықтау шегі алдағы 1-2 аптада болады деп күтілуде", – деп мәлім етті ол.

Жауапты хатшы коронавирусті жылдам анықтау тестілерінің елге әкелінгенін айта отырып, экспресс тестілермен кім тексерілетінін түсіндірді.

"Елге КВИ антиденелерін жылдам анықтау тестілері әкелінді. Антиденелер сырқаттың алғашқы нышандары байқала бастағаннан кейін 10-12 күні белгілі болады. Экспресс тестілерді бізге меценаттар табыстады. Ол тестілер арқылы сыналатын топтар да анықталды. Соңғы 1-2 айда суық тиіп аурған адамдар тексеріледі. Айта кету керек, қазір аурып жатқан адамдарға бұндай сынақтар жүргізуге болмайды. Егер антиденелер әлі пайда болмаса, тест олардың жоқ екенін көрсетеді. Ал науқас өзін сау екен деп ойлап, басқа адамдарға індет жұқтыруы мүмкін. Сол себепті, науқастарға бұндай сынама зиян келтіреді деп айтуға болады", – деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Сонымен қатар, бүгінгі күні коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне ынталандыру үстемақысын төлене бастағаны белгілі болды. Ботагөз Жақселекованың айтуынша, үстемақы алатын медицина қызметкерлерін арнайы комиссия анықтайды.

"Жалақысына үстемақы қосылатын тұлғаларды анықтау үшін медициналық ұйымдардың басшылары комиссияға қызметкерлердің аты-жөні жазылған тізім ұсынады. Бұл шара жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қолға алынып отыр. Жергілікті атқарушы орган жанында жедел штаб басшысы немесе оның орынбасарының басқаруымен комиссия жасақталады. Комиссия құрамына өңірдің бас санитарлық дәрігері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өкілдері сондай-ақ мемлекеттік емес құрылымдар, Nur Otan партиясы мен кәсіподақ ұйымдары өкілдері кіреді. Төлемақы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы төленеді. Наурыз айына 5,2 млрд теңге қарастырылды. Қосымша келісімшарттар жасау арқылы қаржыландыру ұлғайды. Қазір ақша төлене бастады" – деді жауапты хатшы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу