Бөтеннің тауар белгісін пайдаланғандар бес жылға дейін сотталуы мүмкін

2577

Қазіргі кезде тауарлық белгілерге адамдар аяқ басқан сайын кезігеді. 

Бөтеннің тауар белгісін пайдаланғандар бес жылға дейін сотталуы мүмкін Фото: canva.com

Тек сауда ойын-сауық орталықтарын кезгенде ғана емес, тіпті үйде теледидар алдында отырғанда да сауда маркалары – үнемі көз алдыңда. Олар заманауи іскерлік әлемнің ажырамас бөлшегі.

Патент маманы Ирина Резникованың түсіндіруінше, күнделікті өмірде негізінен, логотип, бренд, фирма атауы, сауда белгісі немесе сауда маркасы деген ұғымдар синоним ретінде қолданыла береді. Оның бәрі нақты компанияны, тауарды немесе қызметті индивидуализациялауға, ілгерілетуге бағытталған.

"Бизнес нысандары бір брендті қалыптастыру үшін көп жылын, қыруар қаражатын, күш-жігерін сарп етуі мүмкін. Егер танымал ете алса, онысы табыс көзіне айналады. Біріншіден, тауарлық белгіні кез келген меншік сияқты қомақты қаржыға толық сатуға болады. Екіншіден, жалға беруге, франшиза ретінде таратуға, тауарлық марканы пайдалану шартын бекітуге, сөйтіп, тұрақты кіріс алуға мүмкіндік бар. Үшіншіден, нақты бір тауарлық белгіге айрықша құқықты банкте кепілге қоюға да болады. Ақыр соңында, брендті, айрықша құқықты мұрагерлікке қалдыра аласыз", – деді сарапшы.

Алайда үлкен еңбекпен келген осы атақ-даңқты әлдекімдер оп-оңай ұрлап алуы мүмкін. Онымен құзырлы органдар күресуі керек. Сарапшылар Қазақстанда бұл күрестің ақсап жатқанын айтады.

Әділет министрлігінің түсіндіруінше, елімізде Қылмыстық кодекстің 222-бабына сәйкес, мұндай қылмыстар "қылмыстық теріс қылықтар" санатына жатқызылған. Яғни, бас бостандығынан айыру немесе оны шектеу жазасы қарастырылмаған.

Сондықтан өзгенің осы мүлкін жымқырған қылмыскерлер түрмеге отырғызылмайды, көбіне, 80 АЕК немесе небәрі 295 360 теңге айыппұл төлеп, жайына жіберіледі.

Бұған қоса, қылмысына қарай лайықты жазасын беру үшін заңнамада қылмыстық құқық бұзушылық құрамын градациялау да қарастырылмаған. Салдарынан, жекелеген қылмыстық істер аясында келтірген залалының сомасы 1,8 миллиард теңгеге дейін жеткендер 6 миллион теңге шығын келтіргендермен қатар, жеңіл жаза тартқан.  

Масқарасы сол, осы қылмысты алдын ала сөз байласу арқылы ұйымдасқан қылмыстық топта жасағаны үшін, оған шенділердің, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың қатысуы үшін де жауаптылық ажыратылмаған.

Ал залал өтелген жағдайда қылмыстық қудалау тоқтатылады.

"Бақылаудың пәрменді тетігінің жоқтығы кесірінен, мысалы, 2015 жылдан 2022 жылға дейін қылмыстық істердің басым көпшілігі тіпті сотқа жетпей, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында-ақ тоқтатылған. Бұл осындай құқық бұзушылық жасаған жеке және заңды тұлғалардың жаппай жазасыз құтылуына әкеп соғады. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 222-бабының нормасы жетілдіріледі. Бұл қадам аталған қылмыстарды ашудың тиімділігін арттыруға және жауапкершілікті қатаңдатуға ықпал етеді. Бұл сондай-ақ шекарадағы заңсыз сауда айналымымен күрестің тиімді тетігіне айналады. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін төмендетуші шаралардың бірі болады", – деп мәлім етті Әділет министрлігі.

Билік тауар мен қызмет белгісін, фирмалық атауын, географиялық көрсеткішін және тауардың шығарылған жерінің атауын заңсыз пайдалануға тегеурінді тосқауыл қоймады. Осы қылмыстарымен ұсталғандарға шектен тыс ізгілік пен мейірім танытып, басынан сипап, ең төмен айыппұлмен қоя береді. Мұның бәрі елге контрафакт өнімдер легінің тасқындауына соқтырды.

Сарапшылардың бағалауынша, республика заңсыз шығарылған өнімдердің, жалған тауарлардың, "подделкалардың" жуынды шұңқырына айналып кетті. Салдарынан, Қазақстанға қарсы санкциялар енгізілуі мүмкін. Өйткені әлемде контрафакт өнімдермен күрес өрістеуде.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратынша, соңғы жылдары контрафакт өнімдерге қарсы күрес бойынша агенттіктің мүмкіндіктері айтарлықтай әлсіреді. Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде 2015 жылы 41 іс тіркелген екен. Содан бері қатты құлдырап кетті: 2016 және 2017 жылдары – 39, 2018 жылы – 7, 2019 жылы – 3, 2020 жылы – 2, 2021 жылы – 8, 2022 жылы – 8, 2023 жылы – 9 іс қана тіркеліпті.

Сарапшылардың айтуынша, күрестің бұлайша нашарлауына – Қазақстанның аумағына еніп кеткен контрафактілік өнімдерді табудың қиындығы да себепкер екен.

Құзырлы орган мысалы, әлдебір тауар иесінің сол "тауар белгісін" пайдалануға деген құқығын растайтын құжаттарының, сертификаттарының жоқтығын әшкерелейді. Айталық, iPhone толы жүк көлігі тоқтатылды делік. Халықаралық құқық және ұлттық заңнама бойынша бұл – контрафактілік өнім саналады.

Алайда, Әділет министрлігі мамандарының айтуынша, "тауар иесінің ұсталған контрафактіге тікелей қатыстылығын дәлелдеу мүмкін болмайды".

Содан қылмыстық іс қозғалмайды, тексеру қорытындылары "азаматтық-құқықтық дау аясына" жатқызылады. Яғни, жалған Айфондармен Apple-дің өзі күресіп, соны жасаушыларды өзі тауып, олармен қазақстандық сотта өзі дауласуға тиіс. Ал қылмыстық теріс қылық, яғни жалған iPhone тиелген фураның тоқтатылғаны туралы хабарлама процессуалды іс қозғаусыз қалады. Тек жүк иесі тиісті салықтарын төлесе жеткілікті. Сауда маркасына "жиендік" жасағаны мемлекеттің бас ауруы емес.

Енді қалыптасқан жағдай өзгеруі мүмкін. Әділет министрлігі тиісті заңнамалық түзетулерді әзірледі.

Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 222-бабына сәйкес, бөтеннің тауар белгісін, фирмалық атауын, брендін және басқасын заңсыз пайдаланып, ірі залал келтірсе, онда 80 АЕК айыппұл салынады. Немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады, болмаса, 20 тәулікке қамауға алынады.

Жаңа заңнамалық түзетулер жобасына сәйкес, жаза еселеп қатайтылады және құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай сараланады.

Сонымен, құқық иеленушінің келісімінсіз оның тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, географиялық көрсеткішін, тауардың шығарылған жерінің атауын, біртекті тауарлар немесе қызметтер үшін оларға ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану үшін 300 АЕК (2024 жылы – 1 107 600 теңге) айыппұл салып, не 240 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартып, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алып, жазалау ұсынылды.

Егер осы баптағы іс-әрекеттер келесі жолдармен:

  • алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында;
  • ірі мөлшерде немесе үлкен зиян келтірген жағдайда;
  • адам өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жасалса, онда 4 000 АЕК (14 768 000 теңге) айыппұл салу, не 1 000 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, немесе 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу қарастырылады.

Мұндай қылмысқа барғандарға белгілі бір лауазымдарды атқаруға 3 жылға дейін тыйым салу ұсынылған.

Егер бірінші және екінші бөлімдердегі қылмыстарды қылмыстық топ жасаса, айыптылар 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Осы іс-әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтесе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

"Бұл талап қылмыстық жаза түрлерін саралау және ажырату арқылы қылмыстық жауаптылықты қатаңдатуды көздейді. Мұндай құқық бұзушыларды анықтаумен Экономикалық тергеу органдары айналысады, олар сауда маркаларын заңсыз пайдалану фактілерін тергеу рәсімдерін жүргізу арқылы әшкерелейтін болады. Реттеуші құралды енгізу қосымша әкімшілендіру шығыстарына соқтырмайды. Өйткені тауар белгісін, өзгесін заңсыз пайдаланғаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды толтыру құқығы мен құзыры Қаржылық мониторинг агенттігінің лауазымды тұлғаларына беріледі", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Бұл ретте оған қосымша қызметкерлер штаты бөлінбейді.

Министрліктің ұстанымынша, бұл заңның қабылдануы біріншіден, азаматтарды, бизнесті логотип, бренд, сауда маркасы сияқты зияткерлік меншіктің жаңа объектілерін құруға ынталандырады.

Екіншіден, соған инвестициялар тартуға түрткі болады. Үшіншіден, елде креативті экономиканы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Ең бастысы, зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін қосымша құқықтық құралдарды енгізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу