Екібастұз аумағындағы "Бозшакөл" кен байыту комбинаты осы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 79,2 мың тонна мыс өндірді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сәл-пәл көптеу. Былтыр дәл осы кезеңде мыс өндірісінің көлемі 75 мың тоннаны құраған болатын.
KAZ Minerals компаниясының хабарлауынша, үшінші тоқсанда "Бозшакөл" комбинатындағы мыс өндірісі 38 пайызға көбейген. Яғни, үшінші тоқсанда мұнда 32,1 мың тонна өнім алынған. Ал екінші тоқсанда бұл көрсеткіш 23,3 мың тоннаға тең болған еді. Мамандардың пікірінше, өндірістің ұлғаюы сульфидті кенді өңдеудің жоғары көлеміне және бөліп алудың жоғары дәрежесіне байланысты.
Үшінші тоқсанда "Бозшакөлдегі" алтын өндірісі де айтарлықтай өсім көрсеткен. Дәлірек айтсақ, алтын өндіру көлемі 47 %-ға, яғни 43 мың унцияға дейін жеткен. Бұл – "Бозшакөл" үшін рекордтық көрсеткіш. Екінші тоқсанда аталған көрсеткіш 30 мың унцияны құраған болатын. Ал 9 айдағы өндіріс көлемі 103 мың унцияны құрады. Былтыр осы аралықтағы көрсеткіш 93,7 мың унцияға тең еді.
Күміс өндірісінде де өсім байқалып отыр. Мәселен, екінші тоқсанда 165 мың унция күміс өндірілсе, үшінші тоқсандағы көрсеткіш 233 мың унциядан асып түсті. Жалпы, тоғыз айда 567 мың унция өндірілген. 2018 жылдың қаңтар-қыркүйегіндегі көрсеткіш 494 мың унция еді.
"2019 жылдың төртінші тоқсанында жоспарлы техникалық қызмет көрсетуге байланысты байыту фабрикасының өткізу қабілеті төмендейді. Бірақ "Бозшакөл" комбинаты 105-115 мың тонна көлеміндегі мыс өндірісінің жылдық көрсеткішіне, 130-140 мың унция көлеміндегі алтын өндіру ауқымының жоғарғы шегіне, сондай-ақ, 700 мың унция шамасындағы күміс өндірудің жылдық жоспарына қол жеткізеді", – деп сендірді KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам.
Жалпы құрамына "Бозшакөл", "Ақтоғай", "Шығысөңір" мен "Бозымшақ" кен байыту комбинаттары кіретін KAZ Minerals тобы 2019 жылдың тоғыз айында 230,5 мың тонна мыс өндірген. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға немесе 216,8 мың тоннаға артық. Бұл ретте, үшінші тоқсан KAZ Minerals үшін мыс пен алтын өндіруде рекордты кезең болғаныны атап өткен жөн. Осылайша, компания үшінші тоқсанда 82,9 мың тонна мыс (2019 жылдың екінші тоқсанында 77,6 мың тонна) және 58,5 мың унция алтын (2019 жылдың екінші тоқсанында 44,3 мың унция) өндірді. Аталған нәтижелерге Ақтоғай мен Бозшакөлдің жоғары көрсеткіштері нәтижесінде қол жеткізілді.
Компания 2019 жылы 300 мың тонна мыс өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жыл қорытындысы бойынша алтын өндіру жоспарын 5 пайызға арттыру күтілуде (170-185 мың унция).
Фархат Әміренов