Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ҚР энергетика министрлігінің лауазымды тұлғаларының қылмыстық іс-әрекетінің жолын кесті. Ұлттық бюроның ресми өкілі Нұрлан Жахиннің хабарлауынша, Ғани Сәдібеков, министрліктің қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков, сондай-ақ, "Аймақ" ЖШС-ның басшысы Д.Дуанбек және мердігер ұйымның өкілдері С.Жұмалинов пен Б.Қадырберлин ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырған. Атап айтқанда, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазартуға бөлінген қомақты қаржыны қалтаға басқан.
Ғани Сәдібеков жалған актілерге қол қойып, 2017 жылы энергетика министрлігі атқарған жұмыстардың көлемін мейлінше арттырған. Осылайша, оған 3,6 млрд теңге төленген. Аталған қаражаттың 1 млрд теңгесі қолма-қол алынған және жымқырылған. Қаржы тінту барысында табылып, тәркіленді. Бұдан бөлек, 2018 жылға көлді тазартуға бөлінген 1,5 млрд теңгенің жымқырылуы тоқтатылды. Жоғарыда есімдері аталған азаматтардың бәрі ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Осылайша, ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айнымас көмекшісі Ғани Сәдібеков басшысын жерге қаратты. "Бір елі қалмайтын" деп ой қорытуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені, Қанат Бозымбаев қайда қызмет атқарса да, Ғани Сәдібековті қасынан тастаған емес. Алғашқысы Жамбыл облысын басқарғанда, екіншісі орынбасар болды. Кейін Қанат Бозымбаев Павлодар облысының тізгінін ұстады. Іле Ғани Сәдібеков те Керекуге бет бұрып, әкім орынбасарының орынтағына жайғасты. Одан кейін Қанат Бозымбаев энергетика министрі болып тағайындалды. Көп кешікпей Ғани Сәдібеков те министрдің қасына келді.
Өткен жылдың қазан айында елдегі бензин тапшылығы үшін мемлекет басшысынан сөгіс алған Қанат Бозымбаевтың тәртіптік жазасы осы аптада ғана президенттің өкімімен алынып тасталған еді. Ал, енді бүгін қарамағындағы лауазымды тұлғалардың парамен ұсталуы министрге одан да зор соққы болғаны даусыз.
Фархат Әміренов