Бразилия билігінде "Кальмар" ойыны басталды

2227

Әлемдегі екінші аса ауқымды жемқорлық дауға басы шатылған саясаткер қалайша Президент болып сайлана алды?

Бразилия билігінде "Кальмар" ойыны басталды Фото: yandex.kz

"Бразилия алпауытпен теңесті. Бұрындары егер Америка Құрама Штаттары түшкірсе, бізде пневмония басталатын. Қазір АҚШ түшкірсе, біз де оған түшкіреміз". Бұл қанатты сөздің авторы – бразилиялық саясаткер, осы елдің 2003-2011 жылдардағы Президенті Луис Инасио Лула да Силва. Енді ол қайтадан ел көшбасшысы орынтағына оралды.

Өткен жексенбіде, 30 қазанда Бразилияда президенттік сайлаудың екінші туры өтті. Бірінші сын 2 қазанда болған. Пезиденттік доданың екінші айналымына 2 тұлға шықты. Бірінші сайыста ол екеуі де 50%-дан артық дауыс иелене алмаған.

Республикада орталық сайлау комиссиясының міндетін атқаратын Жоғарғы сайлау сотының дерегінше, 100% дауысты санау қорытындысында Lula 60 млн 345 мың 999 немесе барлық сайлаушының 50,9%-ының даусын жинап, жеңімпаз атанды. Оның қарсыласы, іс басындағы Мемлекет басшысы Жаир Болсонару 58 млн 206 мың 354 дауыспен немесе 49,1% көрсеткішімен жеңіліп қалды.

Бақталастардың арасын 1,8 пайыз ғана бөліп тұр. Әлеуметтануда бұл "статистикалық ағаттық" саналады және әдетте назарға алынбайды. Өзге елде қарсы жақ бәсекелесінің даулы жеңісін мойындамай, жақтастарын ертіп көшелерді толтырар немесе дауыстарды қайта санауды талап етер еді. Себебі Бразилия сайлауды таза өткізетін елдердің қатарында емес. Transparency International ұйымының "Жемқорлықты түйсіну индексінде" ел 96-орында тұр.

Алайда Folha de São Paulo газетінің жазуынша, Болсонару жеңілгенін естіген соң, ешкіммен сөйлеспей, тоң-торыс жатып алған.

"Сайлау нәтижелері белгілі бола салысымен, іс басындағы Президент Болсонару ұлы Флавиумен бірге үнсіз ғана Алворада резиденциясында оңашаланып, ешкімді қабылдамай жатып алды. Ол министрлерді де көргісі келмейді", – деп хабарлады басылым.

Нәтижесінде, Лула да Силва жеңімпаз деп танылды. Оны бірқатар өзге елдің президенттері құттықтап жатыр. Популистік ұрандары, қызба мінезі Американың экс-лидеріне ұқсас болғандықтан, "Тропик Трамп" атанып кеткен Лула енді оңтүстікамерикалық осы мемлекетті 2023-2027 жылдары басқаратын болады. Ол бұған дейін Бразилияның қатарынан 2 мәрте Президенті болған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әзірге Бразилияның жаңа басшысын құттықтаған жоқ. Ал Бразилияны өз одақтасы санап, арқа тұтатын Ресей басшысы В.Путин керісінше, жалпақтап, бразилиялық солшыл күштердің көшбасшысы Лула да Силваны алғашқылар қатарында құттықтап, қолпаштауға асықты.

Сіз кімсіз, Лула мырза?

Еңбек жолын метал жонушы-механик (токарь) болып бастаған Луис Инасио да Силва саяси карьерасын кәсіподақ қозғалысына белсене қатысу арқылы жасапты. Бұл оның бағын ашты. Қол-қармауыштарымен жабыса кетіп, құрбанын қалағанша сығымдайтын кальмар сияқты айналасындағыларын үйіріп әкетіп, бір идея айналасында топтастыра алатындықтан, түрлі схемаларды құрып, жүзеге асырудың шебері болғандықтан, әрі Луис атауынан шығарып, партияластары оған "Лула" деген лақап ат береді. Ал Lula португал тілінен "кальмар" деп аударылады.

Осы бүркеншік атпен кең танымал болғаны сонша, Да Сильва сайлауға қатысардың алдында елге үйреншікті, құлақ сіңісті болған Луланы өз атына ресми қосқызып алды. 

Айта кететін жайт, бұл елдегі сайлау заңнамасының ерекшелігі сол, президенттікке кандидат додаға өз серігімен, ізбасарымен бірге түседі. Егер көшбасшы жеңсе, "жұбы" вице-президент атанады. Лидер ретінде Лула Сан-Паулудың бұрынғы губернаторы, Бразилия социалистік партиясының (PSDB) өкілі Жералдо Алкминді таңдады. Елдегі ең ірі саяси күштердің бірі саналатын PSDB-ді құрудың бастауында тұрған бұл саясаткер 2006 жылғы сайлауда керісінше, Луланың қарсыласы болған еді. Қызуқанды, ұраншыл, өтірікті шындай, шынды жынұрғандай ететін солшылдардың арасында ұстамдылығы, байсалдылығы үшін Алкминге партияластары "Шушу" деген лақап ат таққан. Португал тілінде chuchu дегеніміз чайот аталатын, дәмі жоқ, асқабақ тәріздес, Бразилияда кең таралған жемісті білдіреді.

"Кальмар мен чайот енді Бразилия кулинариясының нағыз хитына айналатын болды", – деп әзілдеді Алкмин.

Луис Инасио Лула да Силва да Бразилия социалистік партиясының (PSDB) теңқұрылтайшысы, әрі құрметті төрағасы болып есептеледі. Президенттік сайлауларға 6 рет қатысқан. Алғашқы үшеуінде (1989, 1994 және 1998 жылдары) жеңіліп қалды. 2002 жылы алғаш рет ел тізгінін қолына алды. Оның ұлықтау салтанатына Куба лидері Фидель Кастро келді. 2006 жылы Лула қайта сайланды.

Бұл елдің конституциясы бір адамға қатарынан екіден артық сайлануға тыйым салады. Сондықтан ол Кремльдің схемасын қолданды. Уақытша мұрагері ретінде Медведевті президенттік креслоға қонжитып, қуыршақ өкіметін орнатқан Путин сияқты Лула саяси қызметте бұрыннан бері өзімен бірге келе жатқан сенімді үзеңгілесі Дилма Русефті өз орнында қалдыратынын жариялады. 2006 жылғы сайлауда екінші рет жеңіске жеткенде Лула бұл бикешті өзінің президент әкімшілігінің басшысы етіп тағайындаған болатын. Ал 2010 жылы Луланың қолдауымен, Русеф еш қиындықсыз, шүмектеп тер төкпей-ақ Президент болып сайлануға қол жеткізді.

Бразилия халқы ол екеуін билік олимпіндегі нағыз жұп, тандем ретінде қабылдады. Мысалы, басылымдар жазғандай, тосыннан электр қуатын беруде іркіліс туып, жарық жалп етіп сөніп қалса, көршілер бір-біріне: "Лула мен Дилма ұрсысып қалған шығар!" деп қағытатын көрінеді. Ол екеуінің түрлі жиындарда бір-бірінің құлағына әлденені айтып, сыбырласып жүргені бейнеленген фотосуреттер жетерлік.

Бірақ Ресейде табысты жүзеге асқан схеманы Бразилияға көшіру бұйырмапты. Кейінгі төрт жылда Лула үлкен саясаттан саяқ кетті. Оның денсаулығы қатты сыр берді. Дәрігерлер Луис Инасио да Силваның тамағынан қатерлі ісік тапқан деседі. 2014 жылғы кезекті президенттік сайлауға қарай ол сауықты, бірақ аламанға қатыспады.  

Ізінше, 2016 жылы экс-президент Лула мен билік партиясының басшылары Бразилия тарихындағы ең ірі коррупциялық жанжалға ілікті. Билік басындағыларға төленген паралардың жалпы сомасы түрлі бағалаулар бойынша 22 миллиард долларға жетіпті.

Transparency International дерегінше, бұл сол кездегі ауқымы жөнінен әлемдегі екінші ірі коррупциялық жанжал болған. Оны әшкерелеу үшін елде "Автожуу" деген бүркеншік атпен кеңауқымды операция жүргізілді. Экономикалық дағдарыс қыспаққа алып тұрғандықтан, әдетте жемқорлыққа көз жұма қарайтын бразилиялықтар биліктегі бұл сорақы істерге қатты ашынды.

2017 жылғы 12 шілдеде Луис Инасио да Силва коррупция және ақшаны жылыстатуға қатысты қылмыстық іс бойынша 9,5 жылға сотталып, түрмеге қамалды. Лула 2018 жылғы 24 қаңтарда Порту-Алегри қаласында апелляцида ұтылып қалды. Сот шешімімен қамау мерзімі 9,5-тен 12 жылға дейін ұлғайтылды. Бірақ іс жүргізудегі олқылық нәтижесінде 580 күн темір торда отырған "Кальмар" 2019 жылғы 8 қарашада бостандыққа шықты. Себебі Жоғарғы соттың шешімінде айтылғандай, алдыңғы сот шешімі барлық апелляциялардан өтуге берілген мерзім бітпей жатып, күшіне енгізіліпті. Ал бұл заңға қайшы.

Сонымен бірге алдыңғы үкімді шығарған судья Серджиу Мороның және Куритиба қаласы сотының экс-президентті соттауға құзыры болмағаны анықталды. Сондықтан Лулаға тағылған барлық айып алып тасталды.

Өткенді аңсағандардың кандидаты

Ендеше жемқорлығы үшін сотталған адамды қалайша Бразилия халқы көшбасшы ретінде таңдап отыр? Халықаралық сарапшылардың байламынша, халық елді Лула басқарған заманды аңсайды, сағына еске алады. Ол кез бразилиялықтар үшін "ең қарапайым бұқараның қолы көпке жеткен дәуір еді". Қазақша айтқанда, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған шақ болатын.

АҚШ-тың Carnegie орталығы сарапшыларының тұжырымдауынша, шынында да сол кезеңде, 15 жыл бойы елдің әл-ауқаты артты. Қаптаған фавелалардан (трущобы) тұратын Бразилия қалаларында 30 миллиондық орта тап қалыптасты. Жергілікті өлшем бойынша олар бай саналады: қалаған елге саяхаттап, таңдап ас ішіп, көңілі құлаған киім маркасын сатып ала алады. Бірақ мұның бәрі Луланың сіңірген еңбегі емес еді. "Бразилия ғажайыбы" атанған бұл өрлеуге жаһандық нарықта сояға, құрақ қантына және басқа да Бразилияда өндірілетін шикізаттарға сұраныс артып, олардың бағасының шарықтауы түрткі болыпты. Осы ауыл шаруашылығы өнімдері Бразилия экспортының 60%-дан астамын құрады. Оның үстіне ел Қытаймен сауда байланыстарын кеңейтті. Қазір де ҚХР мысалы, қазақтың астығынан бас тартып, оны Бразилиядан тасуды арттырды.

Алайда батыс сарапшыларының байламынша, Лула да, оның орнын басқандар да әлемдегі қолайлы факторларды елді жаппай Индустрияландыру, инфрақұрылымды дамыту үшін пайдалана алмады. Оның орнына АҚШ-ты жамандап, Маркстың социалистік идеяларын қалқан етіп, популистік ұрандардың көрігін қыздыруға күш салды. Ал ел кедейлене берді. Содан еш қауқар таныта алмаған Болсонарудан көңілі қалғандар көбейді. Жұрттың өткен замандарды көксеуі Луланың жеңісіне жол ашты. Халық бұрын Бразилияны бүкіл әлем сыйлаушы еді деп сағына еске алады.  

Euronews сараптамасында айтылғандай, 2009 жылы мысалы, АҚШ Президенті Барак Обама "G20" (Үлкен жиырмалықтың) Лондонда өткен саммитінде Бразилия Президенті Луис Инасиу Лула да Силваны "Жер бетіндегі ең танымал саясаткер" деп атаған. Сол дәуірде Луланы барлық саясаттанушылар заманауи Бразилияның имиджін өзгертіп, асқақтатқан Мемлекет басшысы деп бірауыздан мойындады. Өйткені соның тұсында Бразилия "Үлкен жиырмалыққа", яғни планетамыздағы экономикасы қуатты 20 мемлекеттің қатарына қосылды. Сондай-ақ Қытай, Ресей, Үндістан және Оңтүстік Африка республикасы қатарында Бразилия БРИКС бірлестігіне кірді.

Лула бұрынғы президенттік мандатында жаһандық экспорттан түскен табыстарды халыққа үлестіруімен есте қалды. "Отбасылық грант" аталған бағдарлама аясында 12 миллион ең кедей отбасы ай сайын қомақты жәрдемақы-грант алып тұрған. Әлеуметтік бағдарланған көптеген бағдарлама қолға алынды. Елдегі ең төменгі жалақы айтарлықтай арттырылды. 

78 жасар Да Сильваның ағымдағы дағдарысты жағдайда бұрынғы бақуатты заманды қайта оралта алатын-алмайтыны әзірге белгісіз. Қазақстанның Ұлттық банкі "жалғыз теңге ғана құнсызданып жатқан жоқ" дегенді білдіріп, апта сайын өз сайтында Бразилия валютасының да құлдырап жатқанын хабарлап отырады. Бірақ бразилиялық ұлттық валюта америкалық валютадан құнды. Осы тропикалық елде президенттік сайлау өткен 2 қазанда 1 Бразилия реалы 5,42 АҚШ долларына тең болыпты. Ал 31 қазанда ол 5,19 долларға дейін төмендеді. ҚР Ұлттық банкінің түсіндіруінше, Бразилия реалына "Президентті сайлауға байланысты белгісіздік қысым жасауда".

Қалай болғанда, Да Сильваға ел көңілінен шығу және билік тізгінін уысында мықтап ұстау үшін саясат сахнасында "Кальмар" ойындарын жүзеге асыру қажет болуы мүмкін. Дағдарыстан және биліктегі өңсіз кейіпкерлердің сұрықсыз тірліктерінен шаршаған халық оның ауқат пен қызыққа қарық қылуын күтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу