Бразилия "Трампизмі"

1448

Экс-президент Жаир Болсонарудың мыңдаған жақтасы ел Конгрессіне, Жоғарғы сотына және президент сарайына басып кірді.

Бразилия "Трампизмі" Фото: yandex.kz

Бразилия Жоғарғы соты жексенбінің кешінде әсіре оңшыл бұрынғы президент Жаир Болсонарудың мыңдаған жақтасы үкімет ғимараттарын ойрандағаннан кейін, мемлекет астанасы Бразилияның губернаторын 90 күнге қызметінен босатты. Өйткені қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде кемшіліктерге жол берілгені анықталып отыр.

Жоғарғы Сот судьясы Александр де Мораес, сонымен қатар, Facebook, Twitter және TikTok әлеуметтік медиа платформаларында мемлекеттік төңкеріс жасауды насихаттауға тосқауыл қоюға бұйрық берді.

Бразилия билігі осыдан қырық жыл бұрын демократия қалпына келтірілгеннен бергі ел институттарына жасалған ең ауыр шабуылды тергеуді бастады. Ал, президент Луис Инасио Лула да Силва тәртіпсіздіктерге кінәлілерді жауапқа тартуға уәде беріп отыр.

Жексенбі күні ондаған мың антидемократиялық демонстрант Жоғарғы сотқа, Конгресске және президент сарайына басып кіріп, терезелерді сындырып, жиһаздарды төңкеріп, өнер туындыларын қиратып, елдің 1988 жылғы Конституциясының түпнұсқасын ұрлап әкеткен. Президенттің қауіпсіздік кеңсесінен де қару-жарақ тоналды.

Қаңтардың 1-інде қызметіне кіріскен солшыл президент Лула экс-президент Болсонарудың бұрынғы одақтасы, Бразилия губернаторы Ибанеис Рочаға бағынышты әскери полицияның шерушілер жолына тосқауыл үшін ештеңе істемегенін атап өтті.

Лула ел астанасындағы қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне федералдық күштердің араласуы туралы жарлық шығарып, Болсонаруды билікке қайтару үшін әскери төңкеріс жасауға әрекеттенген "фашистік" шабуылдың жетекшілерін жазалауға уәде берді.

"Мұны жасаған барлық адамдар табылып, жазаланады", - деді Лула Сан-Паулу штатынан келген журналистерге.

Шабуылдың жасалатыны әлеуметтік желілерде күні бұрын жарияланса да, мемлекет астанасындағы қауіпсіздік күштерінің бүлікшілерге төтеп бере алмай, мұнша осалдық танытуы Лула одақтастары арасында үлкен сұрақ туындатып отыр.

Луланың ойынша, Болсонару сайлау нәтижесі бұрмаланды деген желеумен өз жақтастарын тәртіпсіздіктерге үгіттеген.

Флоридаға президенттік мерзімі аяқталардан 48 сағат бұрын ұшып барған Болсонару бұл кінәні мойындаудан бас тартып, "Твиттерде" бейбіт шерулер демократиялық жолмен өткенін, бірақ үкіметтік ғимараттарға басып кіру "қызыл сызықты" аттау екенін жазды.

Трампизм

Екі жыл бұрын экс-президент Дональд Трамп жақтастарының АҚШ Капитолийіне жасаған шабуылын еске түсірген бұл оқиғаны президент Джо Байден мен оның француз әріптесі Эммануэль Макрон, және Латын Америкасындағы талай елдің жетекшілері мен өзге де әлемдік лидерлер дереу айыптады.

"Болсонаризм Трампизмнің стратегияларын қайталап отыр. Біздің 8 қаңтар - Капитолийдегі 6-шы қаңтардың анық көшірмесі. Бүгінгі қайғылы эпизодтар демократияны тұрақсыздандыруға тағы бір әрекетті білдіреді. Және де бұл шабуылдар Бразилияда әсіре оңшылдардың авторитарлық, популистік радикализмі бұрынғы президент Болсонарудың, яғни, "Латын Америкасы Трампының" пәрменімен әлі де белсенді екенін көрсетіп берді", - дейді Бразилия университетінің саясаттану профессоры Пауло Калмон АР агенттігіне берген сұхбатында.

Жүздеген адам тұтқындалды

Полиция үш сағаттан кейін футуристік астанадағы бүлінген мемлекеттік ғимараттарды қайтарып алып, жиналғандарды көзді жасаурататын газбен таратты.

Әділет министрі Флавио Дино 200 демонстранттың қамалғанын айтса, губернатор Роча тұтқындалғандардың саны 400-ден кем еместігін мәлімдеп отыр.

Диноның сөзінше, тергеулер Болсонарудың жақтастарын Бразилияға апарған жүздеген автобус көшін кім қаржыландырғанын анықтауға және Рочаны қауіпсіздік күштерін дайындамағаны үшін тексеруге бағытталады.

Үкімет ғимараттарын басып алуды Болсонарудың жақтастары Telegram және Twitter сияқты әлеуметтік платформалардағы топтарда кем дегенде екі апта бойы жоспарлаған. Бірақ қауіпсіздік күштері "халықтың билікті күшпен қайтаруы" деп аталған бұл шабуылға тосқауыл қоя алмады.

"Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, Болсонаруды қолдаушылар бірнеше қалада кездесу өткізіп, сол жерлерден жалға алынған автобустарға отырып, қоғамдық ғимараттарды басып алу үшін Бразилиаға аттанып отырған.

Олар тіпті армия қолбасшылығының штаб-пәтері алдында лагерь құруды жоспарлап, жексенбі күні түстен кейін астанаға жете бастады. Ал, әскери полиция бұл көшті тоқтатудың орнына, оларды орталыққа шығарып салған.

Тәртіп сақшылары болса, мемлекеттік ғимараттарға шабуыл басталғаннан кейін екі сағат өткенде жетті.

Бразилия Жоғарғы соты Болсонаруға қатысты бірнеше тергеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, осыған дейін Болсонару тек президенттерге берілетін визамен Америкаға сапар шегетін. Енді экс-президент бұл мүмкіндіктен де айрылуы мүмкін.

"Болсонару Флоридада жүрмеуі керек. Америка Құрама Штаттары Бразилияда ішкі терроризмге шабыт берген мұндай авторитарға пана ұсынбағаны абзал. Оны Бразилияға қайтару керек",– дейді Демократиялық конгрессмен Хоакин Кастро CNN арнасына берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу