Бриллиант бизнесі бойжеткендердің басына бәле болды

20646

Қарағандылық қыздар Бразилияда есірткімен ұсталып, 7 жылға сотталды.

Бриллиант бизнесі бойжеткендердің басына бәле болды

Қазақстаннан тыс жерде қылмыс жасағаны үшін 20-25 жастағы қарағандылық қыздар қамауға алынды. Бразилияға бриллиант бизнесімен айналысуға  аттанған аруларға есірткі саудасымен айналысты деген айып тағылды.

Мәселенің мән-жайын құқық қорғау органдарының өкілдеріне қыздардың ата-аналары өздері келіп айтқан. Олардың сөзінше, әу баста қыздарына қарағандылық бейтаныс әйел Бразилиядан бриллиант тасу туралы ұсыныс жасайды. Бұл үшін қомақты қаржы алатындарын айтып, құжаттарын әзірлеп береді. Осыған малданған қыздар Бразилияға тұра тартады. Ақыр аяғында жоғарыдағы жағдайға тап болады.

Ата-аналардың шағымы негізінде іс бастаған қарағандылық полицейлер көп ұзамай 25 жастағы алаяқ әйелді қолға түсірді. Тергеу барысында осы әйелдің Иордания  азаматымен  сыбайласып, есірткі бизнесіне салу үшін Қазақстаннан 5 адам тауып беруге уағдаласқаны анықталды. 

Өзгенің тағдырын талқандау арқылы баюды көздеген келіншек иорданиялықтан  әр адам үшін 800 доллардан алған. Сөйтіп ол бірден іске кірісіп, ағылшын тілін еркін меңгерген Қазақстанның 5 азаматын шетелге шығаруға бар күшін салған. Қақпанға қыздар түскен. Олар әлеуметтік жағдайларын жақсартамыз және шетел аралаймыз деген оймен шетел асқан.  

Кейін Бразилиядан Комбоджаға ұшайын деп тұрғанда сөмкелерінен 5 келі есірткі табылған. Сөйтіп армандары азапқа айналған арулар шет мемлекетте 7 жылға сотталып кете барған.

"Иордания азаматына қатысты іс бүгінде сол жақта тергеліп жатыр, сондықтан ол туралы нақты ақпарат бере алмаймын. Ол есірткі тасымалы үшін қажетті адамдарды біздің елден жіберу үшін К деген Қазақстан Республикасының азаматымен келісімге келген. Ал ол өзінің үгітіне көнген жандарды "сөмкемен жақұт тасын, өзге қалаларға жеткізіп отырасыңдар,бұл заңсыз әрекет емес", – деп сендірген.

Қазақстанда адам саудасына қатысты қылмыс көп бола қоймағандықтан, бізде мұндай іс өзекті болып табылады. Қытайда есірткімен ұсталған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі де осындай жүйеге ұқсас болған",  – дейді Қазбек би аудандық прокуратурасының бөлім бастығы Шыңғыс Нұрдәулетов.

Қарағандылық алаяқ әйелдің құрығына іліге жаздаған өзге үш адамның бірі дәл шетелге шығарда сапардан бас тартқан. Қалған екеуінің құжаттары дайын болмағандықтан бөгеліп қалған.

Жерлестерін шетелге өткізіп пайда таппақ болған 1992 жылғы әйел адам 15 тамызда сот үкімімен 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айыпталушы бұрын сотталмаған. Ол сотта өз кінәсін толық мойындап, болған оқиғаға қатты өкінетінін айтқан.

Мақала abctv.kz-ке салынғаннан кейін ҚР сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Бразилиядағы Қазақстан дипломаттары 21 жастағы Славяна есімді Қазақстан азаматының ақталуына қол жеткізгенін жазды.

Әнуар Жайнақовтың сөзінше, Сан-Паулу қаласының соты 7 тамызда Славяның ісін қарап, оны 15 жылға бас бостандығынан айырмақ болған. Іс барысында Қазақстан дипломаттары Сан-Паулу сотына Қазақстанда болған оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, нақты дерек ұсынған. Нәтижесінде сот қазақстандықты жәбір көруші деп танып, бас бостандығынан айырмау туралы шешім шығарған.

"Өкінішке қарай, Сан-Паулу әуежайында тұтқындалған 20 жасар екінші қарағандылық қыз есірткі тасымалдағаны үшін 30 мамыр күні 7 жылға сотталып кетті. Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен Бразилиядағы Қазақстан елшілігі  оның ісін қайта қарау мәселесін көтеріп жатыр. Таяу арада апелляциялық соттың отырысы өтеді. Әзірше нақты күні мен мерзімі нақтыланған жоқ", – деп жазды Әнуар Жайнақов. 

Арайлым  Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу