Британия үшін әлемнің есігі жабылып жатыр

9059

Жаңа коронавирус штаммы дүниенің талай мемлекетіне тарап кеткен болуы керек. 

Британия үшін әлемнің есігі жабылып жатыр

Дүйсенбі күні әлемнің бірталай елі Ұлыбританиямен арадағы шекарасын жапты. Бұған тым тез жұғатын жаңа коронавирус штаммының пайда болуы себепші. Ол ғаламдық байбалам тудырып, көліктік қарым-қатынастарды бей-берекетсіздікке ұшыратып, Біріккен Корольдікке азық-түлік тапшылығы қаупін төндіріп тұр.   

Премьер-министр Борис Джонсон елде вирустың мутацияланған варианты табылып, оның 70 %-ға жылдам тарайтынын ескерткеннен кейін, Үндістан, Пәкістан, Польша, Испания, Иордания, Швейцария, Швеция, Ресей, Гонконг Британиямен арадағы сапарларды доғару туралы дереу шешім қабылдады. Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман да шекараларын толық жауып жатыр.

Сонымен қатар, Франция, Германия, Нидерланды, Австрия, Ирландия, Израиль, Канада тәрізді мемлекеттер де Британиядан келемін деушілердің жолын бөгеуге кірісті. Дегенмен, ғалымдардың ойынша, бұл штамм қазір Ұлыбританиямен салыстырғанда вирусты анықтау тәсілдері жетілмеген талай елді шарпып жатқан болуы керек.

Жаңа штамм жер-жаһанда 1,7 миллионға жуық адамның өмірін жалмаған пандемия дәуірінде халықты жаппай вакциналау науқаны басталып жатқанда анықталып отыр.

Австралия үкіметінің мәлімдеуінше, Оңтүстік Жаңа Уэлс штатында Біріккен Корольдіктен жеткен екі адамнан мутацияланған вирус табылды.

Нью-Йорк губернаторы Эндрю Гуомо болса, АҚШ әкімшілігінің жаңа індетті елге кіргізбеу үшін шара қолданып жатқанын атап өтті. Айта кетсек, Құрама Штаттар коронавирустан  320 мыңға жуық адам жоғалтқаны белгілі. 

Бұл неткен штамм?

Ұлыбритания мен АҚШ-тың денсаулық сақтау сарапшыларының ойынша, бұл штамм тез жұққанымен, оның өзгелерден қауіптірек екеніне дәлел жоқ.

Британ үкіметінің бас ғылыми кеңесшісі Патрик Валланстың сөзінше, жаңа штамм жылдам тарап, желтоқсанда Лондонда "үстем вариантқа" айналады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жексенбі күні BBC-ге берген мәліметінде айтқандай, бұл штамм Англияның оңтүстік-шығысында қыркүйекте пайда болып, содан бері "айналымда" жүр.

Биыл сәуірде Швецияда да екі генетикалық өзгеріске ұшыраған вирус табылды. Оны әлемде 6 мыңдай адам жұқтырған. Сол науқастардың көбі - Дания мен Англия тұрғындары. Осындай штамм Оңтүстік Африкада да кездесіп отыр.

Жаңа штамм вакцинаны жеңе ала ма?

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек жөніндегі бұрынғы комиссары Скотт Готлиб жексенбі күні CBS телекомпаниясының "Face the Nation" бағдарламасына сұхбат беріп, бұл сауалға "бәлкім, жоқ" деп жауап берді.

Сайланған президент Джо Байденнің бас хирургі Вивек Мерфидің де мәлімдеуінше, "жасалған вакциналар вирустың жаңа түріне қарсы тиімділігін көрсете алмайды деп пайымдауға ешқандай негіз жоқ".

Бірқатар сарапшының ойынша, екпелер иммундық жүйенің кең ауқымды қайтаруына ықпал ете алады. "Жаңа штаммдардың қазіргі вакциналарға төтеп беру мүмкіндігі шамалы, бірақ сол мүмкіндікті мүлде жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, Ұлбыританияда табылған нақты варианттың иммунитетті айналып өтуі екіталай", – дейді АҚШ үкіметінің вакциналарды тарату жөніндегі бас ғылыми кеңесшісі Монсеф Слауи CNN арнасына берген сұхбатында.

Сиэтлдегі Фред Хатчинсон Ракты Зерттеу Орталығының биологы және генетикалық сарапшысы Тревор Бедфордтың пікірінше, вакцинаның күшін жою үшін вирус бір-екі мутацияға ұшырап қана қоймай,өзінің генетикалық кодын да сан түрлі өзгеріске ұшыратуы керек.

Вирусты іздемейтін елдер бар

Жаңа штамм Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкада ғана емес, Италия мен Нидерландыдан да табылды. Кейбір ғалымдардың ойынша, оның Корольдіктен анықталуы іздеу жұмыстарымен байланысты болуы мүмкін.

"Британия – мұндай мутацияларды жиі табатын ел. Себебі олар көбірек іздейді. Бірақ вирусты мүлдем іздемейтін елдер бар. Меніңше, алдағы күндері бұндай штамм әлі талай елден шығуы ықтимал", – дейді Бельгиядағы Rega медициналық зерттеулер институтының вирусологы Марк Ван Ранст.

Үрейдің нарыққа әсері

Жаңа штаммнан туындаған ғаламдық үрей халықаралық қаржы және шикізат нарықтарына кері әсер етті. Өткен тәулікте British Airways және Air France компанияларының акциялары сәйкесінше 7 – 3%-ға арзандаса, Нью-Йоркте S&P 1500-дің авиациялық индекстері 3%-ға, круиздік операторлардың биржалық көрсеткіштері 4%-ға төмендеді. Британ фунт стерлингі болса, 2.5%-ға әлсіреген. Ал, Brent маркалы мұнай баррелі дүйсенбіде бірден 4 %-ға құнсызданып, 50 доллар 16 центке саудаланды.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу